Шақырылған қонақтардың санына қарағанда бұл кеңеске орыс әкімдері үлкен маңыз беретіні анықталды. Оған Кіші жүз ханының көзі көп кешікпей жетті де.

Неплюев жұпар аңқыған жанаргүл, қазоты аралас қалың шөпті Тасөткелдің талды ойпатына елуге таяу ақ боз үй тіккізген. Өзімен бірге келген екі эскадрон атты, бір батальон жаяу әскеріне арнап жиырма шақты шатыр тұрғызған. Аттарының ер-тоқымдары да, солдаттарының киген киімдері де судай жаңа. Бәрі мұздай боп көк темірлі қару-жарақ асынған. Қылыштарының сары жез саптары мен мылтықтарының жалаңаш ұштары күн сәулесімен жарқ-жұрқ ойнайды. Қонақтарына Россия патшасының айбарлы күшін көрсеткісі келген болу керек, Неплюев лагерь сыртына алты зеңбірек қойғызды.

Қонақтардың бәрі жиналғанмен, жиырмасында келуге тиіс Орта жүздің ханы мен сұлтандары августың жиырма екісіне дейін келмеді. «Бұлар неге кешігіп жатыр?» деп алдарынан жіберген кісісі: «Тасөткелге жарты күндік жердегі Қияқты сайына осыдан үш күн бұрын Әбілмәмбет хан қосын тіккен екен, түнде кеңес құрып, таңертең кейін қайтып кетіпті» деген хабар әкелді. «Қандай себеппен қайтты екен? Ешкім ештеңе демей ме?» деп сұраған Неплюевке, жіберген кісісі: «Жоқ себебін айтпапты. Сол араның бір байынан сұрап көріп едім, ол: Орта жүз ханының алдынан Әбілқайырдың тілмашы шыққанын, сол тілмаш еліне кеткен күнінің ертеңіне Әбілмәмбеттің де кейін шегінгенін айтты. Сірә, сол тілмаштан сіздің Жоңғар елшісін де шақырғаныңызды естіген болуы керек. Әбілмәмбет өзі Жоңғар қонтайшысымен келісім сөз жүргізіп жүргендіктен, сізбен ол ел елшілерінің көзінше сөйлескісі келмеген шығар» деген жорамал айтты. Неплюев жирен мұртын сипап, түксиген түкті қабағын қарс жауып сәл ойланып қалды. «Бұл сөздің қисыны бар. Жоңғар елшісінің келгенін естісе, Әбілмәмбет атының басын кейін бұруы ғажап емес. Жоңғар әскері бұған жақын тұр ғой. Бірақ оны қалай естиді? Осындай жағдай болмас үшін Жоңғар елшісінің келетінін мен Әбілқайырға да білдірген жоқ едім ғой… Жоқ, мұнда басқа гәп бар».

Дереу ол Құдабайды шақыртты. Кіші жүз ханының хатшысы, Неплюевтің одыраң-одыраң аттауынан, жирен мұртының едірейіп, көк көзінің шыныдай боп мызғымай қалуынан губернатордың ашулы екенін айтпай түсінді.

— Сау-саламатсыз ба, марқабатлы губернатор мырза, — деді Құдабай тілі сәл күрмеліп. — Сіз шақырып жатыр деген соң…

Губернатор хатшының амандасуына жауап та қайырған жоқ.

— Әбілмәмбеттің алдынан Әбілқайыр сені неге жіберді? — деп сұрады ызғарлы үнмен.

әккі тілмаш әңгіме Орта жүз ханының кеңеске келе жатып кейін қайтқаны жайында екенін сезе қойды. Әбілмәмбет бүгін болмаса ертең келе қалса, өзінің не үшін кейін қайтқанын түсіндіреді. Сонда хан алдында да, губернатор алдында да тілмаштың қара бет ісі әшкереленеді. Әбілқайырдан гөрі, оған өзінің шын қожасы Неплюевтің ашуланбағаны керек.

— Әбілқайыр хан мені Әбілмәмбеттің алдынан жібергені рас, — деді ол басын иіп. — Сізге жеткізуге ыңғайлы жағдай бола қоймады.

— Қандай тапсырмамен?

— Әбілмәмбеттің Жоңғар қонтайшысымен келісім сөз жүргізіп жүргенін Орынбор губернаторы біледі. Егер бұл жолы Россия жағында екенін дәлелдеу үшін бір баласын аманатқа қалдырмаса, сол баласын Орынборға әкелгенше Орта жүздің ханын еліне қайтармайды деді. Соны Әбілмәмбетке жеткізуге жіберді.

Неплюев Құдабайдың сөзіне сенді. Ол жерге бір түкіріп, үйдің ішін кезіп жүр. «Маған Россия жағында Орта жүздің болуы үшін, Әбілмәмбеттің бір баласын аманатқа ала тұрыңыз деп ақыл үйреткен Әбілқайырдың өзі емес пе еді. Кіші жүз ханының бұл құпияны Әбілмәмбетке жеткізуінің қандай себебі бар? әлде бәлені маған жапқаны — Әбілмәмбеттен қорыққаны ма? Жоқ, бұл арада басқа сыр бар… Әбілмәмбет пен менің арама от салғысы келеді. Орта жүз ханының маған қарсы екенін сездіріп, өзі менің алдымда да жақсы көрінбек. Россия патшалығы тек өзін ғана қолдасын дейді-ау шамасы. Бұ да айла. Бірақ Орта жүз бен Россияның арасының алшақтай бергенінен оған қандай пайда түседі? әлде Орта жүзді де өзі арқылы бағындырсын дей ме? Солай тәрізді. Демек, Әбілқайырдың бір сыры ашылды ғой… Бұл ойыны немен бітер екен? Білмеген адам боп жүре тұрайын».

— Құдабай мырза, — деді бір заматта. — Сіздің ақ патшаға адал еңбек еткіңіз келетінін мен жақсы білемін. Бірақ сіз әлі біз риза боларлық қызмет көрсеткен жоқсыз…

— Губернатор мырза, мен естігенімнің бәрін жеткізіп жүрмін ғой.

Неплюев қабағын сәл түйді.

— Ойлаңыз, айтылмағаны да бар шығар.

Құдабай кідірместен жауап берді.

— Білерім сол, алдыңызда құран ұстап ант беруге бармын…

— Құран ұстап ант берудің құны қанша екенін сіз екеуміз де білеміз ғой, — деді кекетіп күлген губернатор. — Ал Әбілқайырдың қалмаққа бермек қарындасы жайында не естідің?

— Түсіне алмадым, тақсыр.

— Кіші жүздің ханы бір қарындасын Қалден Церенге бермек көрінеді ғой.

— Естімеген әңгімем.

Құдабай шынын айтқан. Әбілқайыр Орынбор губернаторына Жайықтың арғы бетінен жайылым бермеді деп ренжігенінде, Хиуаға жүргелі тұрған Нұралыға «Хиуа ханы арқылы Қалден Церен жағына қармақ салып көр. Әбілмәмбеттен гөрі бізге жөн қарайтын мүмкіншілік тумас па екен… Мұндай жағдай туа қалса қарындасым Қарашашты беруге бармын… Әрине, орыс патшасы рұқсат етсе…» деген. Нұралы бұл әңгімені аяқтай алмаған… Надир шахтың Хиуа хандығын басқарып отырған адамына бұл өтінішті жеткізудің орнына, Нұралы қастасып қайтқан. Бірақ оның есесіне Неплюевке жеткізген. Орынбор губернаторының оспақтап сұрап отырғаны осы жәйт. Құдабайдың бұл хабардан ада екеніне сенген Неплюев:

— Әбілқайырдың Жоңғар қонтайшысына қарындасы Қарашашты берсем бе деген ойы бар ма, жоқ па, соны біл, — деп тапсырды да қоя берді.

Неплюев шатырында болғанын білген соң Құдабайды енді Әбілқайыр шақырды:

— Не сұрады? — деді ол хатшысынан.

Құдабай болған әңгімені жасырған жоқ, бәрін айтып салды.

— Жоңғар ханымен сізді жақындаспақшы. Қалден Церенге қарындасы Қарашашты бермек ойы бар көрінеді дейді… Соның анығын білуді бұйырды.

Әбілқайыр тұнжырай қалды. Құдабайдың Орынбор губернаторының тыңшысы екенін хан білетін. Бірақ ол Әбілқайырға Неплюев не сұраса да айтып беремін деп уәдесін берген. Оған қанша сенгенмен де кейбір құпия сырын жасырып қалуға тырысатын. Одан тіпті қорқатын да. Хатшысын біржолата қуып жіберуге, Неплюевтің өзіне қандай қақпан құрып жүргенін Құдабайсыз тағы біле алмайды. Бірақ Неплюев Әбілқайырдың сырын кім арқылы білді? Бұл құпия ойын тек баласы Нұралыға ғана айтқан жоқ па еді? Сонда қалай болғаны? Неплюев, әрине, хан сырын Нұралыдан естіді. Әлде Нұралы басқа біреуге айтып, губернатор содан естуі де мүмкін ғой… Япырмай, солай болғай да!

Әбілқайыр ойлана түсті. Ол бірде көңілденіп отырып бәйбішесі, ақылды Бапайдан: «Мен өлсем, қай ұлым хан болуға лайық» деп сұрағаны бар. Сонда Бапай тұрып: «Айшуақты қойсаң — ат үстінен тұрып сиерсің; Ералыны қойсаң — жауыңа күнде тиерсің, Нұралыны қойсаң — мауыты шапан киерсің», деп жауап берген. Расында, осы Бапайдың сөзі дұрыс-ау… Бірақ Нұралы сол тақты әкеден өзі тартып алмақ па, қалай?»

Кіші жүздің ханы боп отыру үшін қазір ерліктен гөрі ептілік, ақылдан гөрі айла керек. Бұны Әбілқайыр жақсы біледі. Сондықтан ол Нұралыны кінәлаудың орнына өзінің айлакерлігін көрсетпек болды. Неплюевке Қалден Церен туралы ойын өзі айтады. Ал Неплюевтің бұл сырды Нұралы арқылы біліп қалғанын сездірмес үшін, Орынбор губернаторына бұрынғы өтініші өзі өлгеннен кейін Кіші жүз тағына Нұралыны отырғыз дейді. Содан кейін Неплюев өзі шешсін, кімнің ақ патшаға адал екенін.

Сөйтіп Құдабайға Орынбор губернаторы Кіші жүз бен Орта жүздің арасындағы құпия сырдың бәрі айқын болды. Үшеуі де Құдабайдан сезіктенсе де, бәрі де оған өз құпиясын ашты.

«Сенсе — жарылқайды, сезіктенсе — қорқады» көптен бері қызығып жүрген, қызыл етін сыртқа теуіп, оқтаудай боп жараған көк жорғаны Әбілқайыр оған сыйға тартты.

— Астындағы атыңның аяғына қан түскен екен, ертеңнен бастап ана көк жорғаны мін, — деді хан.

Көңілі көтеріліп, құлпырып кеткен Құдабай «бұл сыйлық не үшін?» деп сұраған жоқ. «Бағана Неплюев шатырының алдында судай жаңа қызыл сафьян былғары ер-тоқым жатыр еді. Шіркін-ай, көкжорғаға қандай жарасар еді!» деді ішінен.