Бірақ мұндай губернатор, генералдар тым аз еді. Ал қазақ жеріне келген шын тарих — отаршылық тарихы аяуды білмес, қан шеңгелді, қатал тарих болатын.

Патшалы Россия бірте-бірте «халықтар түрмесіне» айналды. Декабристерді өз қолымен дарға асып, ұлы орыс халқын табанының астында шірітуді ойлаған Бірінші Николай патшадан қазақ секілді басқа ұлттар қандай жақсылық күте алатын еді? Бұндай жақсылықты Екінші Николай патшадан да, оның генералдарынан да дәмеленудің орны жоқ-ты. Егерде Россия жерінің өзінде қиянат, қазнаны ұрлау, пара секілді жексұрын қылмыстар орасан өрістеніп жатқанда, қазақ даласы секілді отаршылық саясаты қаулаған өлкелерден не күтерсің! Ондай сорақылық бұл жақта екі есе, үш есе арта түсуде еді! Егер Петербургте сот әділетсіздік істесе, Қаратал не Іле бойында ондай әділетсіздік темір шынжырлы, қанды апатқа айналған. Егер Петербургте әділетсіз сот бір кісінің басын алуға бұйырса, бұл арада «кәрі қылыш» жасағы сотсыз жүз кісінің басын бірдей домалатқан.

1737 жылы Сәмеке дүние салды. Орта жүздің билігі енді біржолата Үлкен Орда ханы Болат ханның баласы Әбілмәмбетке көшті. Бірақ ол алыстағы Орынбор әкімшілерінен көрі, қасындағы Жоңғар қонтайшысына жалтақтап қарай бастады. Егер Қалден Церен оған ата мекен Түркістан шаһарын қайтарып беруге көнсе, Жоңғар хандығына бағынышты боп, аманатқа бір баласын жібермек ойға да келген. Әйтседе қонтайшымен біржолата қолтықтасып кетуіне ел наразылығы көлденең түскен. Халық ойын Бұқар жырау:

Ежелгі дос жау болмас,

Шіркеуіште хаты бар.

Ежелгі жау ел болмас,

Көңілінде кірдің таты бар —

деп ханға тікелей айтқан. Жұрт жырау сөзін мақұлдаған. Және Әбілмәмбеттің ойын сезген Орынбор әкімі Неплюев те босқа жата алмаған. Орта жүз Жоң- ғарға ауып кете ме деп қауіптеніп, онымен тіл табуды дұрыс көрген.

Бұндай жағдай Орға қала салдырып, орыс патшалығына арқа сүйей, бүкіл қазақ елін қолыма алам деген Әбілқайырдың жігерін құм етті. Енді ол Әбілмәмбет пен Абылай, Барақтардан орыс патшалығын қызғанды. Кіші жүз ханының бүйтіп зығырданы қайнауына тағы бір себеп бар еді. Әбілқайыр: «Орыс патшасының қол астына кірсем, Жайық пен Еділ өзендерінің екі ортасындағы жайылымдарға малымызды жаюға рұқсат береді» деп үміттенген. Ал Орынбор әкімдері, патша ағзамның нұсқауы бойынша, жайылым бермек түгіл, Кіші жүздің руларына Жайықтың ар жағына өтуге тыйым салды. Ол ол ма, арғы бетке өтпес үшін, күз келе Жайықтың бергі бетінің он шақырымдай жерін өртеп тап-тақыр етуді бұйырды. Күзгі жайылым, шұрайлы жерінен айрылған Кіші жүздің асау рулары «Орысқа бағынсақ бізді жарылқаймын дегенің қайда» деп, енді ханды ашық келеке ете бастады. Ал Ордан жетпіс-сексен шақырым бері тұратын, Торғай өзенінің бойын жайлаған Әбілқайырдың қол астындағы Арғын мен Қыпшақ руларының кей ауылдары енді Кіші жүз ханының қарамағынан шығуды ойлады. Өйткені, егінге қолайлы Торғай өзенінің кең алқабының өзіне орыс отаршылары көз тіге түскен еді. Әсіресе, Орынбор бекінісінен екі жүз елу шақырым жоғары жатқан Торғай өзенінің бойындағы Қарақоға, Доғал секілді малға жайлы ойпаттарды егіске ыңғайлай бастаған. Және осы кезде сонау Жайық, Миас өзендерінің бойымен созылған бекіністер Қорған, Омбы қалаларымен шектес келіп, Ертіс өзенінің бойымен жоғары көтерілген. Одан әрі Бийск қаласының солтүстігін ала, Алтай тауларының етегінен шығып, қазақ даласын қоршауға айналған. Бүгін болмаса ертең енді қазақ жерінің ішіне де ақ патшаның ауыз салатыны белгілі болып қалған.

Бұл отарлау саясатының ызғарлы лебін ең алдымен әзер күн көріп отырған бұқара халық сезінді. Жайылым жерінен айрылғалы тұрған жұрт енді орыс патшалығына ғана емес, өздерін сол патшалықтың қол астына сүйреген Әбілқайыр, Сәмеке секілді хандарына үрке қарай түсті. Оның үстіне алым-салық ауырлап жұрттың еңсесін баса берді. Қарамағына кірген Орта жүз бен Кіші жүздің елдеріне Анна Иоанновнаның указы бойынша салынған салық жоқтың қасы еді. Бар болғаны осы екі Жүздің жылына төлейтіні бір мыңнан үш мыңға дейін түлкі мен қарсақтың терісі ғана болатын. Бұл болмашы салықтың өзін де ел алғашқы он жыл бойы, кейде беріп, кейде бермей келген. Ал ақырғы кезде қазақ жерінің шекарасына бекіністер салумен байланысты, жергілікті орыс әкімдері, бұл салықтарды маңындағы ауылдарға азық-түлік, мал басына қарай айналдырған. Мұндай салықтың салмағы көбіне Орынбор губернаторының қарауына жататын Кіші жүздің елдеріне түскен. Бұрын жанынан еріксіз біреуге бірдеме беріп көрмеген және «мал ашуы — жан ашуы» деп қарайтын қазақ елі, төлеп жатқан мал бастары бәлендей болмағанмен: «Қалалары салынбай жатып істеп отырғаны мынау, ертең бекінген кезінде неміз қалады», — деп күні бұрын сары уайымға түсті.

Осындай жағдайлармен ел алдында қадірі кете бастаған Әбілқайыр, бір жағынан патша үкіметінен күткені ақталмай, не істерін білмей, іштей әбігерленуде еді. Ол ақыры «үш жүздің қамы» түгіл, өз хандығының не боларын білмей, әбден састы… Екі ұрты суалып, сопақ беті бұрынғысынан да созыла түскендей, ақ сұр жүзінен қаны қашып, сүзектен тұрғандай бозарып кеткен. Сұрғылт көздері де бұрынғыдай емес, нұры сөніп, қанталап, қызара қалған. Мезгіл, заманның ағысы, тағдыр, басқа қонған бақ көтеріп, ұлы тілектерге қол созған адамның сол заманның өзі тудырған дағдарысынан, қиындығынан күйреуі табиғи іс еді.

Ол қазір ауыл сыртындағы төбеде отыр. Қасында жақында ғана Арал маңындағы қазақ пен қарақалпақтың ханы болып сайланған үлкен баласы Нұралы. Бозаңды төбенің басына төселген текеметтің үстінде ақ жастыққа шынтақтай жатып, әкелі-баланың оңаша әңгімелескеніне бие сауымынан артық мезгіл өтті. Қабақтары жабыңқы, түстері солғын. Әкелі-балалы адамдардай емес — арбаса қарайды. Бұл арбасу «Хан баласы туған әкесін, өзі хан болуды ойлағанша ғана әке санайды» деген көне қағидадан туған тәрізді.

— Сөйтіп сен, Неплюевтен іргеңді алыс салма дейсің ғой? — деді Әбілқайыр Нұралыға көзінің қиығын аудара.

— Іргеңді алыс салатын мезгілден өтіп кеттің, көке, шамаң келсе тіл табуға тырыс… Сенің сөзің бүкіл Кіші жүздің сөзі…

— Ал егер оның өзі тіл тапқысы келмесе ше?

— Сол тіл тапқысы келгені үшін шақырып отырған болар.

— Жалғыз мені ғана шақырып па? Неплюев Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанды да шақырып отырған жоқ па?.. Анна Иоанновна маған берген грамотасында мені бүкіл қырғыз-қайсақ ханы деп бекіткен жоқ па еді? Қарамағымдағы елді де: Орта жүз бен Кіші жүз деп атаған… Неплюев егер тіл тапқысы келсе, менің мәртебемді осы тұрғыдан неге қарамайды?

— Көке, одан бері де он екі жыл өткен жоқ па? Сенің ондағы айбарың мен қазіргі айбарың бір емес қой… Орта жүз қазір Сәмеке ханның кезіндегідей емес, қай жауыңа болса да төтеп бере алатынын аңғартып отыр… Ақ патша губернаторлары олармен санаспасқа амалы жоқ. Ал алда-жалда Әбілмәмбет пен Абылайға Неплюевты қарсы қойғың келсе, оның жолын табу керек.

— Қандай жол бар? Сірә, тапқандайсың ғой…

— Көке, менің ақылыммен бәрібір жүрмейсің ғой.

— Сен менің ақылыммен жүргелі тұрсың ба?

— Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас…

— Солай де…

әкесі мен баласы талайға дейін үн-түнсіз отырып қалды. Бұл екеуінің бүгінгі сырласуы Ор қаласында болатын кеңеске дайындалудан туған. Орынбор губернаторы Неплюев қазақ жеріне патша үстемдігін жүргізу ісі күннен-күнге қиынға түсе бастағанына көзі жеткеннен кейін, Орта жүз, Кіші жүз және Орынбор губернаторына бірдей жер орталығы деп саналатын Ор қаласындағы кеңеске Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанды және Әбілқайыр ханды шақырған-ды. Өзі де сол Орға келмек. Губернатор соңғы бес жылдың ішінде Кіші жүз бен Орта жүздің арасында пайда болған қайшылықтармен жақсы таныс. Қазақ хандарының Россия патшалығына адал қызмет істеуін талап етумен бірге, осы жолы екі ханның арасындағы наразылықты да сөз етпек болған.

Әбілқайыр баласы Нұралы екеуінің арасы салқындап бара жатқанын бұрыннан да сезетін. Бірақ Арал маңындағы елді Россия патшалығы Нұралыға беріп хан санап указ шығармағанына, бұл жұрт әлі өз қарамағында екеніне тәубе етіп, баласымен бәлендей ашық сөзге бармайтын. Әбілқайырдың ұққаны Нұралының орыс патшасы жағында екені. Түбі қандай жолға түсері белгісіз, ал әзірге тағдырын да, болашағын да орыс патшасының дегеніне бейімдеген. Баласының өзінен де өткен орысшыл болуына, оны ес білгелі осылай тәрбиелеген Әбілқайырдың өзі себепкер еді. Енді ол Россия патшалығына деген өзінің өкпесін, күдігін бұдан әрі Нұралыға ашпады.