— Өзің ше?

— Өзім де шегінуге мәжбүр болдым. Барақтан қорықпағанмен де, төре тұқымы ғой, қарсы сойыл көтеруді жөн таппадым. Өзге қауым қалай көреді, ол әлі ашық жау болып шыққан жоқ қой?

— Дұрыс еткенсің: қардың басын қар алар, ханның басын хан алар, қарашаның төре тұқымына сойыл соғуы лайықты емес.

— Өзім де солай болжадым.

Әбілқайыр бұдан әрі қазбаламады.

— Өңгерген өліктеріңді көрмедім. Сойылға жығылғандарың қайда?

— Көрші ауылда.

— Жөн еткенсің. Орда маңайы онсыз да қара түнек.

Әбілқайыр теріс бұрылып, ауыл сыртындағы белеске қарай жүре берді. Соңынан нөкерлері емес, қасқыр алатын, хан жалғыз жүргенде жанына кісі жолатпайтын, күшігінен асыраған қасқыр қандас қара қылшық, тайшадай арлан төбеті ерді.

Басқа сөз айтпай, зерлі шапанын иығына бос салып жалғыз кетіп бара жат- қан Әбілқайырдың соңынан Тайман түнере қарап тұрды да, жанына келген серіктеріне:

— Қаза болған жігіттердің үйлеріне хабар беріңдер, — деп бұйырды да, Бөгенбай батырға арнап тігілген үйге қарай беттеді.

Аңызақ желге маңдайын сүйгізе Әбілқайыр хан жападан-жалғыз келе жатыр. Көзі алыстағы көкжиекте. Жан дүниесі астан-кестен болып, қара торы жүзіне ыза теуіп, сұрланып кеткен. Церен-Доржиды өлтіріп, оны Бараққа жаба алмағаны жанына қатты батып келеді. Бұрынғыдай емес, Барақпен екеуінің арасындағы болмашы көпір біржолата құлаған. Қалден Церен де бұған деген ақырғы сеніммен енді мәңгі қоштасады. Жоңғар қонтайшысы Әбілқайыр ханды құртпай, Кіші жүз жеріне шабуылын тоқтатпайды. Бұның бәрін Әбілқайыр ап-анық сезінді. Ақыл-ойын жайлаған сұрапыл ашу, өшпенділік тұла бойын өрттей күйдіріп әкетіп барады. Әсіресе, Нұрбикеге ызалы. Кеше Барақтар кеткеннен кейін, кеңес құрып отырғанда ауызғы бөлмеде шолпының сылдыры шыққандай болып еді. Енді міне… сол ауыз үйде жүрген Нұрбике екен. Оның не айтқанын өз құлағымен естімесе де, Барақтың асыға жүріп кетуінен бәрі де белгілі болды. Нұрбике сұлтанға құшағын ғана жайып қоймаған, жұбайының құпиясын да ашқан. Қандай опасыз!

Енді оны бір сәт өкініш биледі. Түнде ашу қысып тұрған шақта хан әбес құлықты тоқалын жендеттеріне өлтіртпек те болған, бірақ қанды жолдан бас тартып еді. Он жыл бойы балдан тәтті ләззат сыйлаған қылықты әйелін өз қолынан өлтіруге қимаған. Опасыздығы үшін мәңгі талақ етіп, еліне қайтуға бұйрық берген. Сол көңілшектігінің зардабынан енді, міне «Қап!» «Қап!» деп тістене аһ ұрады.

Жоқ, Әбілқайыр көңілшек жан емес. Кіші жүздің тағына отырған жиырма жылдың ішінде досына да, қасына да көңілшектік істеп көрген жоқ. Мұның тамырында да ұлы бабасы Шыңғыс ханның қаны бар-ды. Рас, Әбілқайыр Жәнібек ұрпағының кіші тармағына жатады.

Жәнібектің тоғыз баласының ішінде бір анадан Ұснақ пен Жәдік туған. Жәдіктің балалары жеті атасынан хан болып келген. Ал Ұснақтан тараған Бұлақай Құяннан оның баласы Айшуақ, Айшуақтан туған Нырыш, Нырыштың баласы өз әкесі Аджаға (Абдоллаға) дейін, бірде-бір хан болып көрген жоқ. Бақ пен дарын жеті атадан кейін бір қонады деген қазақта қауесет бар, мүмкін содан болар, Жәнібектің жетінші буыны өзі хан болды. Онда да тек Кіші жүзге ғана. Рас, Үлкен Ордадан бұ да дәметкен. Әттең не керек, бақ күндес туыстары мақсатына жеткізбеді. Ал Кіші жүз жеке отау тігіп, Әбілқайырды өзіне хан сайласа, о да сонау Їш жүздің қара шаңырағы — Үлкен Орда хандығы болжырап нашарлап кеткеннің нәтижесі! Ал ел басына күн туып, Жоңғардың қалың әскері қаптағанда, қазақ жұртын біріктіріп жауына қарсы тұруды басқарса, онысы өзінің ерлігінің, көрегендігінің арқасы. Әбілқайырдың бұл қасиеттері жұрт алдында абыройын асырды, кейде исі қазақ елінің көсемі дәрежесіне дейін көтерді. Орта жүздің кейбір ру басшысы, Жәнібек секілді батыры бұның соңынан ерді, қарындасын алып, жекжат болды. Солардың демеуімен Әбілқайыр өзін кейде бар қазақтың жоқтаушысы ретінде сезінді. Әрине, көпшіліктің көкейкесті арманы — тыныштық. Әбілқайыр халықтың сол тілегін пайдалана білді. Ұлы Россияға бізді қарамағыңызға алыңыз деп ең бірінші боп хат жазды. Өзге хандардан гөрі Әбілқайыр Қытай, Жоңғар боғдыхандарының қазақ елін мүлдем құртуға бел байлағанын жақсы түсінді. Әбілқайырдың қылығы үлгі боп, Сәмеке хан да орыс патшалығының қол астына кіруді талап етті.

Ал жоңғар дауылының қарқыны сәл басылып, қазақ елі кей жерде оларға төтеп беріп, кәрі Сәмекенің орнына Орта жүзде Әбілмәмбет, Абылай, Барақ, Қазыбек секілді ел басқара алатын адамдар шыға бастап еді, ел билеп отырған «игі жақсылар» екі бөлінуге айналды. Россия патшалығының қолтығына кіріп алып, Әбілқайыр бәрімізге үстем болмақшы деп қорыққандар да табылды. Олар енді Әбілқайырдың саясатын теріс көріп, кешегі жауы жоңғарлықтармен келісімге келуге де бар екенін жасырмады. Соның бірі Барақ сұлтан, Ал Әбілмәмбет пен Абылай…

Әбілқайыр беті ауған жаққа жүріп келеді. Тек құлағын қайшылап қара қылшық кәрі төбеті ғана соңынан қалмайды. Расымен Әбілмәмбет, Абылай, Барақ жоңғарлардың жалған дәлелдеріне сеніп, кешегі төгілген ағайын-туыстың қанын кешпек пе? Жоңғарлардың айтуы бойынша, қазақтардың жерін, малын тартып алу үшін таламаған көрінеді. Қытай боғдыхандары апатқа ұшыратып жатқан кезінде, Жоңғар елін қазақ батырлары үнемі шауып, әбден зығырдандарына жеткен-мыс. «Ақтабан шұбырындыда» Жоңғарлардың қазақ еліне істеген қиянаты, кәрі-жасына қарамай қырып, ен даласын қанға бояғаны соның ызасы-мыс. Айыпты қазақ елінен алған кегі-мыс. Расында солай ма еді? Жоқ, бекер сөз! Ол кездерде Қытай мен Жоңғар арасы қандай болса, қазақ пен жоңғар, Қытай мен қазақ арасы да сондай еді ғой. Бықыған, өсіп келе жатқан малына жайылым іздеген жоңғарлар бос жатпаған-ды. Ертістен бері қарай, таудан құлаған қорым талай рет жөңки қаптаған. Бүкіл тарихында қазақ жауынгерлері Жоңғардың жерін тартып аламын деп, Ертістен асып соғыс ашқан емес. Рас, өзі келген жаумен сан айқасқан, әрқашан да жеңіп, кейін шегіндіріп отырған. Осының бәрін Әбілмәмбет, Абылай, Барақтар білмей ме? Білсе керек-ті. Онда жоңғарлықтармен қалай бітімге келіп, қолтықтаса қалмақ? әлде айла ма? Менің орыс патшалығының қол астына кіріп күшейіп кеткенімнен қауіптеніп, біз Жоңғар жағындамыз деп, маған халықты қарсы қоймақ па? Олай болса өздері де орыс патшалығына бағынуға бармыз деп, менімен жарысып неге бірнеше рет уәде берді? Бұл қандай ойын? әрине, Барақтың ұстаған жолы ежелден басқа. Ал сонда Орта жүздің ханы мен басқа сұлтандарынікі не? Жоңғар мен орысты өтірік бірін апа, бірін жезде еткен боп, өздеріне дұрыс қаратып, қазақ еліне тек өз бастарының үстемдігін жүргізбек пе? әрине, содан барып жұрт Орта жүз сұлтандары біздің жоғымызды жоқтайды екен деп әрі қарай ауып бара жатқаны хақ. Ал Барақ секілді сұлтандары мені тіпті орыс патшалығына ел-жұртын сатқан адам ғып көрсетпек. Түбі еліміздің де, келешек ұрпақтардың да көзі жетер, бүгінгі әрекетімді ақтар; бізге қалған жалғыз жол — ол Россияның қол астына ену. Бүгін күшті болып көрінгенмен, бар тірлігі құр мал өсіру, өзінен әлсіз елді шабу болған Жоңғар тайпасы да күні ертең не Қытайға, не Россияға бағынады. Күні ертең бізге туған күн оларға да туады. Өйткені, ұлы мемлекетке лайық қайнар бұлағы, көзі тайыз. Өнері, білімі, шығарып жатқан қорғасыны, темірі, егіп жатқан егіні, өсіп жатқан бау-бақшасы, салынып жатқан қаласы, бекінісі жоқ ел ұзақ өмір сүрген емес. Бір қатты боранда бар малынан айрылып қалатын, елінің шетіне жау келсе құр сойылы мен отты жүрегін ала шабатын біз секілді ел жан-жағыңнан қалың жау қаптап тұрғанда, өз алдына жеке жұрт болып тұру қайда?! Тұра алмайды. Осыны неге түсінбейді олар? Жоқ, біз қайтсек те Россия мемлекетінің қолтығының астына кіруіміз керек. Бұл қазақ еліне бірден-бір келешегі бар жол.

Әбілқайыр сәл кідіріп тұрып қалды. Оның сұрғылт көзі тұнжырап кетті. «Мені Ор қаласын салдырмақсың» деп айыптайды. Ор қаласын салдырсам, қазақ елін Россияға бағындыру үшін салдырам. Оны жасырып отырмын ба? Егер сөзіме көнбесе, айтқанымды күшпен істетем. Күшпен бағындырам! Өз халқыма өзім осылай зорлық көрсетуім, біле білсе сол халықтың өзі үшін емес пе? Бүгінгі ісіме, ертең болашақ ұрпақ алғыс айтады! Ал осы арманым үшін, жолымда кім қарсы тұрса аяғымның астына сап таптаймын! Сол үшін маған қазақ жеріне салынар Ор бекінісі керек! Ол бекіністе мұздай қару-жарақты, аузы түкті көп солдат болуға тиісті! әрине, қастарым «осының бәрін Әбілқайыр өз басы үшін істейді, орыс патшасының күшімен бәрімізге хан болғысы келеді!» дейді. Сөздерінде шындық бар, рас мен орыс патшасына сүйенген хан болғым келеді. Күшті хан болғым келеді. Бір жағынан, надан ел-жұртым, сенің қамыңды ойлайтын хан болғым келеді. Халқым, саған адал екенімді кешегі қырғын ұрыстарда көрген жоқсың ба? Өз басымның қамын ойлап қай жерде бұғып қалғаным бар? Алдағы уақыттарда да бұғып қалмаспын! Оған ар-ұятым куә!