Әбілқайыр кілт тоқтады. Көптен бері жүрек түбінде жатқан бір ауыр ой кеудесіне кенет шаншудай қадала қалды. «Ал егер менің үмітім ақталмаса ше? Сонау салынғалы жатқан Ор қаласы, Барақ сұлтан айтқандай, өзіміз құлайтын орға айналса, ел-жұртқа не деймін? Жоқ, олай болуы мүмкін емес, егер ақ патша мені тек халқымның мүңкір-нәңкірі етіп пайдаланбақ болса, онда… Онда… Мен де алысып өлем! Осылай етуді құр өз басым ғана емес, мына әрқайсысы әр тайпа елді басқаруға жарап қалған ұл-қыздарыма да өсиет етіп тапсырып кетем!

… Әбілқайыр ханды бағалай білмеген кейбір орыс пен қазақ тарихшылары оны қара басының қамы үшін жұртын сатқан, бақ күндес жауларын табанының астына саламын деп қазақ елін Россия патшалығына бағындыру саясатын қолдаған дейді. Сол бір қилы кезеңде Әбілқайырдың түпкі ойы солай-ақ делік… Бірақ болашақ тарих, ұстаған жолының дұрыс екенін айқындады. Қазақ елінің Россияға бағынуының қажеттігі Әбілқайырдың өз басының қамынан көрі, әлеуметтік қасиетін жоғары сатыға қойды. Әбілқайыр ұстаған саясаты үшін еш уақытта күрестен бұғып қалған емес. Оған куә қан майданда үнемі алғы шепте болуы, қауіп-қатерді кезеңдерде өз басын қорғап тығылып қалмауы. Ұстаған жолы үшін өз басы түгіл, туған балаларының ешқайсысын аямай кезек-кезек аманат ретінде патша қол астына беруі. Демек, бұның бәрі Россияның қол астына кіру керек екеніне оның шын жүрегімен берілгендігін көрсетеді.

Әбілқайыр қанша қатыгез болғанмен балаларының орыс қаласына аманат боп барып, тәлім-тәрбие, өнер-білім алуын қуаттаған. Әрине орыс төрелерінің арасында ол өзіне деген қастарының да көп екенін білді. Олар әйел патшаға бұны екі жүзді деп хат та жазды. Келешек үлкен мақсаты үшін бұл оған да шыдап баққан.

Әбілқайырдың төрт заңды, үш заңсыз әйелінен он бестен астам ұл, қызы болған. Ханның көзі тірісінде бәйбішесі Бопайдан туған Нұралы, Ералы, әділ, Айшуақ, Қожахмет және қалмақ әйелінен туған Шыңғыс, Қаратай сұлтандар өзіменен үзеңгілес жауға шауып, Орда ісіне кіріскен. Әбілқайыр бұларын орыс бекіністеріне аманат етіп қалдыру былай тұрсын, оларды ең қауіпті жорықтар- ға, тартыс-таластарға жіберіп отырған. Ханның сайдың тасындай, кілең «сен тұр, мен атайын» осы жеті ұлы көп жағдайда өзіне сүйеніш, серік болған…

Әбілқайыр ұзақ жүрді. Ол ауылдан әжептәуір алыстап кеткенін аңғарған жоқ. Оның ойы енді бастаған істерінің қаншалықты қиындыққа түсетініне ауды.

Ханның Россия патшасы Анна Иоанновнаға жазған хаты бойынша Тевкелев бір мың жеті жүз отыз бірінші жылы Кіші жүз Ордасына келген шағында қандай қиындыққа ұшырамады? Жыл өткенде еліне әзер қайтқан жоқ па? Әбілқайырдың Россия патшасына басшыларымен тегіс ақылдаспай, бүкіл халық атынан хат жазғанын соңынан білген Кіші жүз бен Орта жүздің шонжарлары не істемеді! Тевкелевті еліне қайтартпай қандай қорлық көрсетпеді! «Бұл қазақ жеріне тыңшылықпен келген, біздің күшімізді біліп алып келесі жылы соғыс ашпақ» деп, оны өлтірмек те болған. Дәл осы кезде башқұрт батырлары Торғай бойындағы қазақ ауылдарының малын шауып, әлі Россияға бағынудың байыбына жете түсінбеген халықтың наразылығын бұрынғысынан да өршіте түсті. Әрине, Бұғыбай батыр мен оның күйеу баласы Есет батыр кіріспегенде, о жолы Тевкелев те, оған еріп келген адамдардың бірде-бірі тірі қайтпаған болар еді. Рас, осы жолы Россиямен жақындасу жөнінде көп іс істелді. Бұхара мен Хиуа хандарына уәкілдер жіберілді. Қарақалпақ елінің ханы Қайыппен сөз жүргізіліп, оның Россия қол астына кіргісі келетіні анықталды. Әбілқайыр менімен ақылдаспай қатын патшаға хат жазды деп өкпелеп қалған Орта жүздің ханы Сәмеке де хат жолдап, Тевкелевпен кездеспек болды. Бірақ Арқа жеріне қарай осы кезде Жоңғар қонтайшысы әскерінің бет алған қаупімен байланысты бұл кездесу болмай қалды. Демек, өз басына төнген ажалға қарамай Тевкелев бұл жолы да қазақ елі мен Россияны жақындастыру жолында көп шаруа істеп кетті. Ол Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Абылай, Ұлы жүздің ханы Жолбарыс пен Қарақалпақ билеушісі Қайыптың Россия қол астына кіруге бар екенін біліп қайтты.

Ал қазір қалай болмақ? Тевкелев қандай қауіп, қандай жақсылық, қандай жамандық әкеле жатыр? Мырза не тілемек? Тілегін мен орындай аламын ба?

Кенет ол селк ете қалды. Хан ордасына таяу тігілген қараша төлеңгіт аулынан «ой, бауырымдап!» бері қарай шапқан ері, әйелі аралас бір топ адамды көрді. Шұбалаңқы топ дәл хан тұрған белесті бетке алып келеді. Бұл сойылға жығылған Тайман жігіттерінің туыстары екенін Әбілқайыр жаңа ғана ұқты. Сөйткенше болған жоқ «ой, бауырымдаған!» қаралы топ хан жанынан өте берді. Тек белес үстіндегі Әбілқайырды көріп екі-үшеуі бері бұрылды. Алдыңғысы кәртең әйел екен, астындағы ұшқыр биесінің тізгінін бос қоя беріп, екі қолымен шашын жұлып, бетін тырнап, ойбайлап келеді.

әйел Әбілқайырдың тұсына таяй беріп, қос қолымен биесінің тізгініне жабысты. Бие тоқтамағанмен, шабысын сәл бәсеңдетті.

— Жалғызымнан айрылдым, қарашығымнан айрылдым, — деді ол қу даланы басына көтере қарлыққан сұмдық бір қайғылы айғаймен. — Алтын күнім батты, қара жыланың шақты! Жалғызымды ажалға айдаған сенсің, Әбілқайыр хан! Құдай сені де жылатсын! Бала-шағаңның қызығын көрме! Көріңде өкір, көріңде өкіргір тас бауыр хан!

Ашу қысқан хан қалш-қалш етті. Баласы өлсе — ел басына туған күйзелісте кімнің баласы өлмей жатыр! Бүгін бұның жалғызы өлсе, ертең менің он ұлым бірдей қанды айқаста қаза таппасына кім кепіл!

Әбілқайыр жалғызынан айрылған сорлы ананы тоқтатар жылы сөз таба алмады.

— Тарт тіліңді, ей сорлы! — деді ол ақырып. — Балаң өлсе жалғыз сенің балаң өліп пе!..

— Тартпаймын тілімді! — деді қайғыдан налыған бейбақ ана. — Қанішер, қара жүз! Адыра қал! Сен! Сен өлтірдің менің баламды! Қайтарып бер ойбай, қайтарып бер, атаңа нәлет, қанішер!

Туғалы мұндай сөз естімеген хан ашудан бұрынғысынан да бетер жарылып кете жаздады. Ол дәл осы сәтте жалғыз баласынан айрылған мынау сорлы ананың ақылынан адасып кеткенін де аңғармай қалды. Екі құлағын қасқырша тігіп, шолақ құйрығын бұлаңдатып, иесінен бұйрық күтіп тұрған қара қылшық арланына:

— Айт! — деуге ғана шамасы келді.

Қанды көз айбарлы қара төбет алқымынан ала түспек боп, екі орғып жанына жетті де, келіп қалған салт атты әйелге қарсы атылды. Сол мезетте әйелдің соңынан тепеңдеп жеткен күрең байталды қапсағай қара жігіт қолындағы құрығын итке қарай қос қолдап сілтеді. Қайың құрық шекесінен тиген жолбарыс денелі ит бір-ақ рет қыңсылай шаңқ етті де, кісі бойындай көтерілген қалпынан қара жерге гүрс етіп құлап түсті.

— Сорлы, сорлы-ай, ханда не шаруаң бар еді! — деді ол, әйелдің шылбырына жабысып, — сенің балаң өлді не, сенің өзің өлдің не, оған бәрі бір емес пе!

әйелдің көзі шарасынан шыға, аузынан көбік атып, бажылдағанына қарамай, биенің тізгініне қолы тиісімен-ақ өліктер жатқан ауылға қарай тепеңдеп шаба жөнелді.

«Ой, бауырымдаған!» жұрттың қарасы өшкен кезде, Әбілқайыр жерде сұлық жатқан итінің қасына келді. Қос қолдап ұрған қайың құрық арланның бас сүйегін опырып жіберіпті. Қып-қызыл қан мен миы бұрқырап жерде шашылып жатыр. Бүйірі әзер ғана бүлк-бүлк соғып, көзі тасырайып, кешегі топ қасқырға жалғыз шабатын қылшық жүндісі енді талмаусырап өліп бара жатты. Күшігінен асыраған, сан қауіпті сапарларда өзіне серік болған итін қимай Әбілқайыр ұзақ тұрды. Ақырғы рет тынысын тартып, төрт аяғын бірдей жазып, тына қалғанда ғана, теріс бұрылып кетті.

Әбілқайыр ұзақ жүрді. Бағанағыдай емес, бойынан ашуы тарап, енді болған істі басынан аяғына дейін көз алдына елестете бастады.

Ақырғы он жыл өмірінің ішінде үнемі қан жосыған сұмдықтардың арасында жүріп еті үйреніп кеткендіктен бе, бойын тез-ақ жинап алды. Кенет баласынан айрылған жаңағы қарт әйелдің «қанішер!» деген сөзі құлағына қайта келді. Сонда барып бұл әйелдің, итін ұрып өлтірген жігіттің кім екенін есіне түсірді. Осы әйелді баяғыда қарақалпақ елінен олжалап әкеліп, өзінің төлеңгітіне қосқаны ойына келді. Күйеуі өліп, жалғыз ұлы ер жетіп, Тайман жасағында жүретін. Енді бүгін о да мерт болды. Иә, әйелдің Әбілқайырды «қанішер» деуге шын хақысы бар екен. Енді итін өлтірген жігіттің де кінәсін кешкен тәрізді. Жігіт өзінің қарулы жылқышысы, жаңағы әйелдің қайнысы Хұсайын деген. Қатты сүзек боп ауырып, төсектен тұрғанына бір айдай болған. Бүгін-ертең жылқыға шықпақшы еді.