Батур қонтайшы өзі өлгенше орыс патшаларымен тату бола отырып, Жоңғар хандығын күшейтуді арман етті. Батур негізгі саясатын Қытай боғдыхандарының ақылымен Оңтүстік Сібір мен қазақ жерін алуға құрды. Алдымен ол Тәуекел ханмен, соңынан Есім ханмен сан айқасты, бірақ дегеніне жете алмады.

Батур өлгеннен кейін оның орнын үлкен ұлы Сэнгэ, содан кейін кіші баласы Қалден басты. Қалден Қытай императорының жарлығы бойынша осы кезде бас көтеріп ереуілге шыққан, өздерімен қандас Шығыс Монғолияның орта шарқы руларын аямай қырды. Бұл ара енді құлазыған қу далаға айналды. Сөйтсе де, жоңғардың қарақұрым боп өсіп келе жатқан мал басына жайылым тағы таршылық етті. Сонда барып Қалден Бошұқты Жоңғар хандығын Қалқа өңірін қосып алып, кеңейтпек болды. Осы саясатпен ол қонтайшы ордасын Іле өзенінің жағасына Тувадағы Хемчик өзенінің бойына, соңынан Қобда өзенінің төменгі сағасына көшірді. Бұл кезде Жоңғар хандығына Тибет, Енисей өзенінің өңіріндегі қырғыз рулары мен бүкіл Алтай тауының аймағы кірді. Осыншама жерге қожа болған Жоңғар қонтайшысы енді Қалқаны да қосып аламын деп жорыққа аттанды. Бірақ Қытайдың Манчжур (Цин) хандығынан жеңіліп қап, Қалқаны Қытай алды. Осы жорықтан тұрмастай болып күйреген Қалден өзін-өзі бауыздап өлтірді. Қалден өзінің үстемдігін жүргізіп тұрған кезінде, бақ күндесім болмасын деп ағайын-туыстарын да аяған жоқ. Бас көтергенін құртып жіберіп отырды. Осындай құртам деген жақынының бірі, немересі Сыбан Раптан Турфанға қашты. Қалден Қалқаны қосып аламын деп жорыққа аттанғанда, Сыбан Раптан өз еліне қайтып келіп, Буратал өзенінің бойын жайлады. Бірте-бірте ол бүкіл Жоңғар елін өзіне бағындырды. Қалден өзін-өзі өлтіргеннен кейін, бір мың алты жүз тоқсан жетінші жылы бүкіл Жоңғар қонтайшысы осы Сыбан Раптан болды. Сыбан Раптан Қытай еліне әкесінің інісі Қалденнен кем жау болған жоқ, Қытай императорымен сырт байланысы түзу саналғанмен, көршілес қалаларына шабуылын тоқтатпады. Ал Сыбан Раптан, баласы Қалден Церенмен қосылып, Халш дуанын тонаудан бастап Қытайға қарсы соғыс ашқанда, Джунгоның жаңа Цин династиясының императоры Канси сол жылы Жоңғар жерін бүтіндей бұрынғы өздерінің князьдарына қайтарып, Сыбан Раптанға Ертіс бойынан ғана шағын жайылым қалсын деп «Фимен» (жарлық) берді. Бұл жарлық бойынша Сыбан Раптан Қытай боғдыханы өкілін қатыстырып, Жоңғар елінің Құрылтайын шақыруға міндетті еді. Құрылтайдан кейін Қытай еліне шабуыл жасай берген Жоңғар хандығы енді қазақ жеріне беттеуге тиісті. Сөйтіп Қытай боғдыханы өзімен итжығыс түсіп жүрген қазақ халқын да мұқатпақ болды. Бұны істемесе, Қытайдың қалың әскерін Сыбан Раптанға қарсы аттандырып, Жоңғар ордасын біржолата күл-талқан етеміз деп қорқытты. Қытай мен Жоңғар хандығының арасында жойқын соғыс басталатыны мүмкін боп қалғандай еді, бірақ Қытай шекарасындағы Жоңғар рулары Кансидің қаһарынан ығып, енді Ілені құлдилай төмен көшіп, көбі Алтынемел тұсына келіп орналасқан. Қонтайшы Сыбан Раптан Іле өзенінің күнгейі, Сарын шаһарының күншығыс тұсына өзінің ордасын тікті.

Бірақ, сонау Қытай шекарасынан көшіп келген қалың Жоңғар елі бір Іленің бойына сияр ма, әрине, сыймайды. Қалайда қоныс кеңіту керек… Осы кезде Канси қаза тапты. Бірақ Канси өлгенмен, оның қалың әскері қалды. Жоңғардың Қытайға күш-қуаты жетпейді, жармасары баяғы үйреніскен жауы, қазақ елі. Олардың жүз мың атты әскеріне қазір қазақтың төтеп берер жайы жоқ. Әрине, бұл кездегі Жоңғар әскері Қалден кезіндегі шоқпар, сойыл ұстаған жабайы, тағы әскер емес. Әскер сапын Европа тәртібімен құрған, соғыс тәсілін европаша жүргізе алар зеңбірегі, білте мылтығы бар. Оған Жоңғар жауын- герлерінің ғасырлар бойғы ұрыс-соғыс тәжірибесін, төзімділігін, жанкештілігін қоссаңыз қандай күшке айналады.

Жоңғар әскерін мұндай мықтылыққа жеткізген Сыбан Раптан, оның жауынгер баласы Қалден Церен мен жалдама Қытай әскери мамандары еді. Бұған швед офицері Иоганн Густав Ренат та аз үлес қосқан жоқ. Ол Жоңғар жасағы Бухгольц экспедициясын құртқан ұрыста Өскемен бекінісінің жанында қолға түскен кіші офицер еді. Осы унтер-офицер Сыбан Раптан әскерін Европа тәртібімен құруды, соғысты Европа әскерлерінің әдісімен жүргізуді үйретті. Ойрат ұсталарына зеңбірек құйдырды. Жоңғар елі білмейтін өнерлермен таныстырды, тіпті баспахана да ашты. Осындай он қолынан өнері тамған, көп ғылымнан хабары бар Ренат пен Қытайдың жалдама мамандары Жоңғар әскерін соғыстың жаңа тәсілдерімен таныстырды. Енді олар Орта Азия, қазақ жауынгерлеріне жат, жан шыдаспас айбарлы күшке айналды.

Бұл тұста «Үлкен Орда» ханы болып, Жәнібек ханның кенжесі Жәдек ұрпағы, Тәуке ханның бәйбішесінен туған Болат отырған. Бірақ, бұл бозөкпе, ел басын біріктіріп жауға қарсы қоюдың орнына, Орта жүздің азулы руларының таласынан аса алмай жүрген шөре-шөре хан. Өзі көптен ауру, көп істі немере інісі Сәмеке атқарады. Кіші жүздің ханы — Абдолла сұлтанның баласы Әбілқайыр, Ұлы жүздің ханы Жолбарыс — Әбілқайырмен әкесі бір, шешелері бөлек. Бұ да расында қадірі бәлендей күшті кісі емес. Орта жүзге кіретін қалың Найман, Жоңғар хандығымен іргелес, өз алдына жатқан бір тайпа ел. Бұлардың басшылары — Сібір хандарының ұрпағына жататын Бөкей ханның шөбересі Тұрсыннан туған көкжал бөрі Барақ пен Күшік сұлтандар.

Бұның алдында Түркістанды астана етіп, Үлкен Орда ханы боп Есімнің немересі Жәңгірден туған Тәуке отырған.

Тәуке!

Ол күшейіп келе жатқан Жоңғар хандығының қазақ еліне өте қауіпті екенін бірден түсінді. Сондықтан да Тәуке Россиямен қарым-қатынасын жақсартып, оған арқа сүйемек боп, бірнеше рет әрекет еткен. Бір мың жеті жүз екінші жылы-ақ Өскемен бекіністеріне қазақ елшілерін жіберді. Бірақ оларды жолай ойраттар ұстап алып өлтірген. Содан он үш жыл кейін Тәуке қарым-қатынасымызды жөндейік деп, орыс патшасының қарамағындағы Уфа қаласына Тайқымұрын биді бас етіп елшілерін қайтадан аттандырды. Бірақ Уфадан хабар келгенше, көп жылдардан бері сырқат Тәуке бір мың жеті жүз он бесінші жылдың аяғында қайтыс болды.

Тәуке басынан талай айқасты өткізді. Түркістан Сайрамды аламын деп қалың қолмен келген Бұхара, Қоқан, Хиуа хандарына төтеп бере алды. Әсіресе, Тәуке Жоңғар нояндарымен көп алысты. Бұл айқастарында ол үнемі қырғыз елімен бірге болды. Қырғыз манабы Тиес әрқашанда Жоңғарға қарсы Тәукемен бір сапта шықты. Қазақ, қырғыз арасында Тәуке хан мен Тиес манапты бөлмей, екі халықтың достығының бейнесі етіп, Тәуке — Тиес деп, қосақтай атады. Тәуке хан кезінде қырғыздың көп-көп ауылы қазақ ауылдарымен аралас, әндижан маңайын, Шу, Шарын өзендерінің бойын жайлады.

Сол кездегі қазақтың алғыр билері — Қаракесек руынан шыққан, отыздардан жаңа асқан қаз дауысты Қазыбек, Үйсін Төле билер, әз Тәукенің ордасына жиі келіп, ханның ел билеу ісіне арналған атақты ережесі «Жеті жарғысының» жазылуына көмектесті. Сонау Баянауланы жайлаған қалың Қаржасқа жататын Алтынторы руынан аты шулы Қалқаманұлы Темірғали — Бұқар жырау жиырма бесінде әз Тәукенің ордасына кеп, сарай ақыны атанды. Тәуке хан алпыстан аса беріп дүние салғанда, бар қазақ аза тұтып, ардақтап оны Қожа Ахмет Яссауидың мазарының түбіне қойды.

Үлкен талас-тартыспен, қазақтың басты билерінің қолдауымен Орта жүз тағына Есімханның екінші баласы, Жәңгірдің інісі, Сырдақтың немересі Керей сұлтаннан туған Қайып отырды. Тәуке оқи алмай кеткен орыс әкімдерінің сәлем хатын бұл оқыды. Сол күні-ақ ол Уфаға «Ұшпу хатларыңызды алып қуанып қалдық» деп жауап қайырды. Қайып немере ағасы Тәукенің ұстаған жолын дұрыс деп тапты. Сол жылы жаз тоқсанның аяғында Тобыл қаласындағы Сібір губернаторы Гагаринге Екешұлы Бекболат би мен Бөріұлы Байдәулет ақсақалды бас етіп, елші жіберді. Губернатор ақ патша ағзамға жеткізсін деп арнаулы хат жазылды. Бұл хатта орыс елі бізбен мәңгі-бақи тату болса екен, екі ел бірігіп, Жоңғар қонтайшысына қарсы шығалық, оған біз жиырма-отыз мың атты әскер берер едік деген қазақ елінің тәуелсіздігіне зор маңызы бар тілектермен бірге қазақ саудагерлерінің Тобыл қаласына келіп сауда жасауына рұқсат сұрады.

Бекболат пен Байдәулет ақсақал губернаторға: «Қазақ жігіттері орыс қалаларына тимейді. Ал тиер болса, оларға өлім жазасына дейін шара қолданылады. Керек десеңіздер, ондай адамдарды ұстап алып, Тобыл қаласына жүргізуге бармыз», — деген ханның ауызша сәлемін де жеткізді.