Өзінің Абдолла жағында екенін бұлдағысы келгендей, әндижан әміршісі етуді өтінді. Бұл кезде Чарджоу маңайында, Жейхундарияның жағасында аңда жүрген Абдолла Бабасұлтанның бұл хабарын естіп, бұлқан-талқан ашуланады. Бабасұлтанға әндижанды бермейтінін білдіреді. Бабасұлтаннан келген елші Дүстем биді ұстап қалып, оның әкесі Бөлтірік биді Ташкенттің жағдайын анықтауға жібереді.

Бөлтірік би келіп, Абдолланың: «Қазақтарға жер беруші болма» деген бұйрығын жеткізгенше, қазақтың қалың әскерінен қорыққан Бабасұлтан Хақназарға Яссы, Сауран шаһарлары мен сол маңайдағы жерлерді соғыссыз беріп, онымен қоймай Абдоллаға қарсы соғысуға уәде байласады.

Хақназар қайын атасы Жәлім сұлтан мен оның балаларына қосып өзінің он бес-он алты жастағы екі ұлын Ташкентке жібереді. Ондағы ойы — Хақназар ханның Бабасұлтанмен шын одақтас екенін сездіру еді. Ал қайын атасы Жәлім сұлтанға Бабасұлтанның тағы Абдолла жағына шығып кетпеуі тапсырылады.

Рамазан айында Абдолланың соғысқа шықпайтынын және Абдолламен күресуге күшінің әлі де жете қоймағанын білген Хақназар Еділ — Жайық бойындағы қалың қазақтан қол жинамақ болып, Сарайшыққа сапар шеккен.

Сөйтіп Ноғайлы елімен бітімге келіп, Ақторғын арумен бірге он мың қол алмақ боп көңілі хош отырғанда, Қияқ шабарман суық хабар әкелген.

— Шабарманның айтуы бойынша, Хақназар Сарайшыққа кеткен кезде елдегі жағдай кілт өзгеріпті, — деді жырау.

Абдолла хан рамазан айы өтпей Бұхараға қайтып келе жатып, Бабасұлтанның қылығын естиді. Дәл осы кезде Балқыда нағашы жұртына келген Бабасұл- танның он бес жасар қызын Абдолланың адамдары ұстап алып, ханға әкеледі. Жас қыз Абдолланы қанша қызықтырса да, хан өзін-өзі ұстайды. Бабасұлтанның қызын Қоңырат Қосқұлақ бимен бірге аман-есен Ташкентке қайтарады және әкесіне сәлемін қоса айтып жібереді: «Егер Бабасұлтан бізбен тату-тәтті тұрам десе, маңайына жиналған Самарқант сұлтандарын қусын, қазақтардан да біржолата ат құйрығын кессін. Ал бұны істемесе өз обалы өзіне!» — дейді.

әбден сасқан Бабасұлтан Ташкентке інісі Тахир сұлтанды бас-көз етіп қалдырады да, өзі Түркістанға сапар шегеді. Ондағы ойы Хақназардың әскерімен бірігіп, Абдолла ханға шығу еді…

Бабасұлтан кеткеннен кейін, Қосқұлақ би Ташкенттің билігі қолында қал- ған Тахир сұлтанды азғырады: «Бар пәле Шах-Саид оғланда, ол Самарқант сұлтандарымен байланысты, егер сен оны тұтқындап, Абдолла ханға жіберсең, хан күнәларыңды кешіп, кейін қайтады», — дейді. Бұл сөзге сенген Тахир сұлтан ағасы Бабасұлтанға көп жыл еңбек сіңірген, Бұхар ханымен күрестің бір басында жүрген Шах-Саид оғланды ұстап алып, қол-аяғын байлап, Қосқұлақ биден беріп жібереді. Абдолла хан қас адамдарының ең бастысының бірі оп-оңай қолға түскеніне қуанады, сөзге келмей бірден басын алдырып, Түркістандағы Бабасұлтанға жолдайды.

Қияқ сөзін тыңдап тұрған Хақназарды мәлімсіз қорқыныш билеп кетті. Бабасұлтанға кенет күдіктене қалған хан:

— Ал, қазір жау әскері қай жерде, — деп сұрады.

Қияқ мүдірмей жауап берді.

— Абдолланың негізгі әскері Ташкент түбінде. Кей қолы Яссы, Сайрам, Отырарға беттеуде.

— Жәлім отағасы Бабасұлтан сарайынан қайтып па еді?

— Жоқ. Сіздің қос ханзадаңыз — Хасен мен Құсайын да Бабасұлтан қосымен бірге…

Жәлім сұлтанның қызы Айгерімнен туған бұл егіз екі баласын хан өте жақсы көруші еді. Екеуі де он беске биыл шыққан, ханның өзге балаларындай емес, момын, қатыгездік қылықтары жоқ.

Сол екі баласының басына бір қауіп төнгенін Хақназар байқаған сияқты. Бірақ сыр бермей, Қияқтан тағы да мән-жайды сұрастырды.

— Абдолла әмірдің өзі қайда?

— Жезақта.

— Ал әскерін кім бастап келеді.

— Шағай сұлтанның баласы Тәуекел баһадµр.

Тағы Тәуекел! Егер күндердің күнінде Тәуекел өз еліне қарсы қол бастап шығарын білсе, Хақназар оны сонау Шағайды босатқан күні басқа елге жібермеген болар еді-ау. Қайтсе де өз қарамағына алып қалар еді… Тәуекелдің бұлай кетерін байқаса, Хақназар сол түндегі аяушылығын істер ме еді? Жауын аяған — жаралы деген осы.

Енді міне, өз қолынан өмір берген сол екеуінен қанша қазақтың қаны төгілмек! Құр ғана қара қазақтың қаны ма, өзінің екі баласының тағдыры қыл үстінде тұрған жоқ па?

Оның құлағына тағы да балдызы Ақбаланың сылқ-сылқ күлген даусы естілді.

— Күлмес хан жездем, — деді ол әзілдеп. — Сізге не болған, әлде Ақтор- ғын апамның жүзін көргеннен кейін, тіліңіз байланып қалды ма?

Қыз қалжыңы тағы құлағына кірмеді. Бабасұлтан қолындағы қос қозысы мылтық аузында тұрғандай жүрегі сыздап, жанын қоярға жер таппай отыр. Әлденіп қалған Ордаға қан майданнан тайсалып, Бабасұлтанның Яссы, Отырар дихтарын өз еркімен бергені Хақназардың күштілігінің айғағы. Қазір бұның қарамағына, әкесі Қасым ханның соңғы кезіндегідей, Созақ, Сайрам, Сауран шаһарлары тегіс кірген. Яссыны астана еткеннен бері Хақназардың абыройы тіпті қарыштап кетті.

Иә, солай. Яссы маңайында қазақ жеріндегі дін ошағы болған Қарнақ, Сунақ дихтары да мұсылман қауымына үлкен әсер етеді. Сол себептен де Астрахань хандарының қарамағына біржола кіруге айналған Сарайшықтағы Ноғайлы қауымы да Құтлық Темір әулетінің тегеурінді темір шоқпарынан жасқанбай, Хақназар жағына шығып отырған жоқ па? Ел бірлігі — жұмылған жұдырық. Сол жұдырық қазір шын ашылмастай болып жұмылып тұр ма? Жоқ. Рас, қырғыз-қазақ бір одаққа бірігіп, Шайбани Ордасының тегеурініне ілініп қалмау қамында. Бірақ Шағай секілді бүйректен сирақ шығарып Абдолла ханға жағынып жүргендер аз ба? Ежелгі жау ел болмас, Шағай шіріген бір жұмыртқа… Бірақ оның артында қасқырдың бөлтірігіндей бес баласы бар-ау! әсіресе жиырма жасар Тәуекел. Болғалы тұр, шіркін!

Тағдыр деген қызық, біреудің жолына өзінің жасыл жібек кілемін төсейді, ал енді басқа біреудің барар жері, басар тауын қалақай мен тікенек етеді. Мысалды алыстан іздемей-ақ қояйық. Дайыр қожаның ақ боз үйінде Күнсанадан Тәуекел туған күні, Хақназар Ордасының есігінде жүрген Айқара құл мен Қойсана күңнен бағанағы шабарман Қияқ туған.

Ал енді бір күнде туған сол екі баланың тағдыры қандай қым-қиғаш? Тәуекел сұлтан — Абдолла ханның әскер басшыларының бірі. Ал Қияқ болса, ерлігі де, ақылы да Тәуекелден кем болмаса да, шабарман ғана. Бұған кім айыпты? Жазығы құлдан туғаны ма?

Бұқар жырау әңгімесінің осы жеріне келгенде сәл кідірді.

— Қожасының сырын білген құл — қойныңдағы жыланмен тең деп мен бекер айтқан жоқпын, — деді тағы да әбілмансұр. — Қияқ Тәуекелдің кімнен туғанын білсе, түбі сұлтанды бір мықтап шағар-ақ…

Бұқар жыраудың жүрегі тағы мұздай боп суып кетті. «Бәтшағар, Ораз құлға арнап қанды пышағын қайрап-ақ қойған екенсің ғой, тірі қалдырмассың» деді ішінен, сөйтсе де:

— Бекер олай жорисың, — деді түйешіге, — Қияқ Тәуекелдің түбі өз үйіріне қосылуына себепкер болады.

Жас түйешінің көзі қара көлеңкеде жарқ етті.

— Құл ақылымен үйірін тапқан сұлтан тым ұзақ өмір сүрмес-ті…

Бұқар жырау басын көтеріп алды.

— Неге үйдейсің? Хан халқымен ғана күшті.

Күндікке тұнжырап отырған Әбілқайыр мырс етіп күліп жіберді.

— Бассыз дене қайда барады? — деді ол, сөйдеді де әңгімені бұзғысы келмей, — жырау, шежіреңізді жалғай беріңіз! — деп бұйырды.

Бұқар жырау сөзін бастамастан бұрын көз қиығын Ораз құлға аударды. Сұп-сұр боп, басы төмен салбырап кеткен екен, «Бейшара, бұл да сұмдықты сезіп қалған екен, енді есебін тауып қашып кетер» деді іштей қуанып.

әңгіме қайта басталды. Қазақ елінің ғажайып тарихы үй ішіндегілердің көз алдынан тағы да тізбектеліп өте берді.

— Орда маңындағы қол бастар батырлардың санатына ілігу үшін, соңыңнан ерген руың, елің болуы керек. Ал Қияқтың кімі бар? әлі де сол күң қалпындағы кәрі шешесі — Қойсана ғана. Тәуекел мен Қияқ талайының кереғар болуын тағдыр өзі күні бұрын шешкендей бірінің анасының аты Күнсана, екіншісінің шешесінің аты Қойсана дегізуін қарашы! Мұнда да жазмыштың бір ұйғарғаны бар тәрізді…

Бірақ жазмыш деген не? Қияқ секілді мыңның тағдыры бұл күнде хандар қолында емес пе? әрине, солай. Қияқ секілді өжет жігітті Хақназар үзеңгілес етіп көтерсе, кімнің шаңырағы құлап, жерге түседі? Жоқ, өйтуге болмайды. Құлдан шыққан жігіттің басына бақ құсын қондырамын деп, бүкіл сұлтан, би, манаптарды наразы қылудың қанша керегі бар?