Күншығыс Қашқар әміршісі әбдірашиттің әкесі — Ақсу ханы Сұлтан-Саид қаза болғаннан кейін, бұл таққа он екі ұлының үлкені әбді-Латиф сұлтанды отырғызған. Қазақ хандары мен әбдірашит арасындағы Жетісу үшін талас енді әбді-Латифқа көшкен.

Бабасұлтан мен әбді-Латиф Абдолла мен қазақ хандарына қарсы жүргізген саясаттарында үнемі одақтас болып келген. Бабасұлтанның жеңілуі — әбді-Латифтың жеңілуі. Ал әбді-Латифтың күйреуі — Бабасұлтанның күйреуі. Оның үстіне бұл кезде қазақ елімен одақтас қырғыз қауымы да, Жасылкөл жанындағы жерлері үшін күресуге құлшынып отырған.

Хақназар осы бір қым-қиғаш тартыс кезін пайдаланып, қырғыз, қазақ боп бірігіп, Ақсуды шаппақ болды.

Хақназардың өртенген жүрегі енді сәл толастады. Бірақ ол, бұл шешім түбі өзінің өлімімен тынатынын білмеді. Тұла бойын өшпенділік билеген Хақназар енді қара түнді жамылып, қос перзентінің қабірінің басына барды. Ұзақ отырды. Өн бойын дерт басқан, жаны жара, көңілі нала Хақназар, болашақ тартыс- тың ауыр жүгін арқалап, той сарайына келді.

Бұл кезде тойға жұрт әбден жиналған екен. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана Шарабхана өзенінің бойында қаза тапқан аяулы ұлдарын жерлеп, қан жылап, қара жамылған жұрт аз күннің ішінде бар қайғысын ұмыта қоймапты. Хан тойы болған соң амалсыз келген тәрізді… Қыз күлкі-назы тұншығып, жігіт әзіл-оспағы сыбырлап шығады. Әйтсе де, қаралы ханның көңілін көтергісі келгендей, Хақназар үйге кірісімен жұрт бір мезет жадырай түсіп, жиын-думан сәл қызғандай болды.

Хақназар Ақторғынды тағы көрді. Тағы жүрегі алғашқы көргендегідей дір ете қалды. Енді ол өзіне-өзі таңдана түсті. Жаңа ғана қос арланының жеке қабірін құшақтап, ұлыған аш қасқырдай ішін тартып, өксігін баса алмай, ұзақ жылағанында тіршіліктің құны көк тиынға татымай қалып еді. Ал қазір… жаңадан күн шыққандай, дүние қайтадан жарқырап сала берді. Бұл қандай құдірет, тәңірім-ау. Дәл қазір ләззат іздейтін уақыт па?

Сол күнгі түн екеуінің ең соңғы түні болды…

әбді-Латиф Хақназар ханмен сан мәртебе кездескен. Қазақ әскерін сан мәртебе жеңген де. Бірақ осы жолғы Алтын Емел тұсындағы кездесу өзгеше өтті. Хақназар басқарған қалың қырғыз-қазақ әскері Ордасында ұйықтап жатқан әбді-Латифты түн ортасында шапты. Жар құшағындағы ханды төсегінен тұрғызбай, айбалтамен шапқылап өлтірді. Ақсудың мал-мүлкін талап, қазақ-қырғыз қолы Жасылкөлге қарай көтерілді.

Бұл лаңды естіген әбді-Латифтың ағасы, Қашқар ханы әбдірашит қасіреттен от басында түнеріп ұзақ отырды. Айла-тәсілі таусылып, ақыры қарамағындағы елдің бар жігітін ертіп, Жасылкөл жағасында Артыш деген жерде бекініп жат- қан қазақ-қырғыз қолына кеп тиді. Қарсы жақтың бекінісін бұзып, қазақ-қырғыз әскерімен тіктесе ұрысқа шықты. Екі жақтан қан көл-көсір ақты. Майдан екі аптаға созылды. Ақырында әбдірашит жағы жеңді. Сойқан ұрыста қазақтың басты-басты бірнеше батыры мен Хақназар хан қаза тапты. Бірақ өлер алдында Ақ Орда ханы, басында отырған Тұяқ батырға Тәуекел сұлтанның тарихын ашып кетті.

— Әбілқайыр мырза, — деді Бұқар жырау сөзін аяқтап, — сіз бұл күйге қалай жеттік дейсіз?.. Ел бірлігі жоқ жерде бұдан да сорақы күйзеліске ұшырау таң емес. Мүйізі шаңырақтай Хақназардың да қолынан келмеді бар қазақтың басын қосу. — Жырау ауыр күрсінді. — Біріктіре білсеңдер, халық деген қара тастан да берік қой. Бірақ қазір оны іске асыра алатын кім бар?

Қараша үйде жанған тобылғы шоғы әлдеқашан сөнген. Бұқар жырау әңгімесі де әлдеқашан біткен. Ұйықтап кеткен адамдардың пысылдары мен үйді айнала қоршай шөккен түйелердің анда-санда ұйқылы-ояу ыңыранғандары ғана естіледі. Тек Бұқар ғана ояу жатыр. Шаңырақтан жыбырлаған көп жұлдыз көрінеді. Жырау ауыр ойда: «Қазақ елінің басынан талай қиын-қыстау кезеңдер өтіп еді, бірақ ең қорқынышты қауіпке енді тап болмаса не қылсын! Шығыс Түркістанды жұтар-жұтпастан, бері қарай Қытай айдаһары жылжып келеді. Ал Қытайдан ығып, Алтай тауынан құлаған Жоңғар қауымы болса мынау.

Россия да бұрынғы бөлшектенген Россия емес. Әлемді шарлауға шыққан екі басты самұрық құс тәрізді әбден бекініп алған. Қанатының серпіні сонау, жағасын балықшылар жайлаған ұлы Мұхитқа да жетіп қалды. Сонда… қазақ елі қандай күйде? Жұрттың басын біріктіріп, жауыңа қарсы шығар кім бар? Болат, Сәмеке, Барақтар ма елге тірек болар?… Жоқ, оларға қарағанда осы Әбілқайырда бір үміт тұр ма, қалай? әй, білмеймін. Халықты соңынан ерту үшін кемеңгердің ақылы керек қой адамға! әлде қара басының қамын ойлап, бұл да бір бүйірге бұра тартып жүре ме, кім білсін? Жыраудың безек қаққан ұшқыр ойы — елінің тағдырын қолына алар жаңа қайраткерін іздеп шарқ ұрды. Неге екені белгісіз, оның қиялы жанында шалқасынан түсіп, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан әбілмансұрға қайта-қайта орала берді.

— Бітісі бөлек екен, ұл туса осындайлардан туар… — деді ол ақырын күбірлеп. — Хан болса несі бар. Асыл тастан, ақыл жастан. Бірақ қаптаған Сәмеке, Барақ, Әбілқайырлар бұған жол берер ме? Кім біледі, алғырлық, ерлік кейде өзіне-өзі жол салатын да кезі болатын еді.

Жырау қалжырап жатып, таң ата ұйықтап кетті.

Күн шыға оянған Бұқар үй сыртындағы қыбырлап жүрген адамдардың Әбілқайыр нөкерлері екенін білді. Жанында әбілмансұр сол қалпында ұйықтап жатыр. Тек көзіне Ораз құл түсе қоймады. Жүрер алдында қолтығынан көтеріп атына мінгізген әбілмансұрдан:

— Үлкен түйешіні көре алмадым-ау, ол қайда? — деп сұрады.

— Қайда екенін мен айтпайын, сіз сұрамай-ақ қойыңыз.

Бұқар жырау ауыр күрсінді. «Иә, сұрқия, сұм бұл заманда құл бейшаралардың тағдыры, міне, осылай шешіледі».

— Ол сенің жауың емес еді ғой…

— Жұрттың бәрі қазір менің жауым.

— Олай болса, сенің өрісің де ұзаққа бармайды екен. — Бұқар жырау жас түйешіге түксие қарады. — Біздің қазір екі-ақ жауымыз бар. Бірі — сыртқы жау. Екіншісі, жұрттың басын қостыртпай, бөлшектеп билегелі жүрген би, сұлтандар. Ел қамқоры болам деген адам бұны білсе керек. Қайратың тасып бара жатса, халықтың адал ұлдарының қанына ортақ болғанша, қолыңа қару алып, жауға неге шаппайсың?

— Кезегі келгенде жауға да шабамыз. Ал Ораз құлды мен өлтіргенімді қайдан білдіңіз?

— Көзің айтып тұр.

— Ендеше ешкімге тіс жарушы болмаңыз.

— Неге?

әбілмансұр Бұқар жыраудан көзін алмай тесіле қарады.

— Түбі Үш жүздің ханы мен боламын, Бұқар аға. Ал сіз қазақ халқының ел болғанын тілейсіз ғой…

Бұқар жырау жүрмекші боп ыңғайлана берді.

— Бүгіннен бастап мен енді әбілмансұр емеспін! — деді жас түйеші.

Бұқар жырау оған таңдана көз тастады.

— Кімсің сонда?

— Абылаймын!..

— Абылай?.. Қанішер Абылай сенің атаң еді ғой! Қазақ елі бұл аттан қорқатын…

— Менен де қорықсын!

Түркістанды жау қолына беру — намысқор Елшібекке қазақ Ордасының шаңырағы күйреп, жерге құлағандай көрінген. Бармағын шайнай-шайнай бұл ауыртпалыққа да көнуге мәжбүр болды. Көзінде жасы, жүрегінде ашуы, сонау ең ақырғы сұрапыл дауылды қара түнде амалы жоқ, шаһарды тастап, ең сенімді деген бір топ жігітімен қазақтың көне астанасының бірі Сауранға беттеді. Жауынан Түркістанда ала алмаған кегін Сауранда алмақ. Бұл қаланы кеудесінен жаны шыққанша қорғамақ…

Елшібекке ермеген жұрттың біразы Сауранды айналып өтіп, Ташкентке қарай шұбырды. Біразы Түркістаннан ұзамай, Сырдарияның жағасындағы қалың қамыс- қа барып тығылды.

Ертеңіне боран да тыйылды, бос қалған шаһарға күн шыға Шұно-Дабо әскері де кірді.

Түркістанда Сыбан Раптан қонтайшы кеңесін шақырды. Өзінің басты баһадЇрлері мен нояндарының ақылы бойынша, бұлар енді Сырдария мен Амударияны жағалай отырып, Жайық, Еділ өзендеріне дейін өтіп, сонау Айдархан (Астрахань) түбіндегі қалмақ аймағымен ұштаспақ болды. Бұл жолды Ренат та мақұлдаған. Арқа жерінде Бетпақдала, Қарақұм арқылы жүрудің қауіпті екенін еске алып, ол жаққа келесі жазда Ертіс бойындағы Төлеуіт (ақ қырғыз), Телес, Мұндас, Енисей қырғызы, Құман Челкан сынды Ойрат тұқымдас Батыс Сібірде тұратын ұсақ руларды қоса отырып қазақ жеріне Есіл, Тобыл өзендері жағынан тиюді ойлады. Сөйтіп, сонау Қытай шекарасынан солтүстіктегі Тобыл, Есіл өзендеріне дейін, күнбатыста Еділдің бергі жағасынан, күншығыста Ертістің арғы бетіне дейін жайлаған қазақ елін біржолата өзіне бағындырып, Сыбан Раптан атасы Батурдың қолынан келмеген ұлы Жоңғар хандығын құрмақ болды. Бұл бұл ма, қазақ жері тақиясына тар келгендей, ол Россия патшалығына жататын Түмен, қазіргі Красноярск, Кузнецк қалаларын да Бірінші Петр патша өз еркімен берсе — қолынан, бермесе — жолынан соғысып тартып аламыз десті.