— Иә?! — деді қызына қарап. — Қандай айыбы болды?

— Айыбы мына жігіттен басталды, — деді Хоча, сөйтті де аяғын жылдам басып барып, Шәңгеректің ар жағындағы топ қамыстың арасын ашты. Сыбан Раптан, Қалден Церен, Ренат үшеуі үсті-басы қан-қан боп өліп жатқан қазақ жігітін көрді.

— Иә?! — деді Сыбан Раптан.

— Кеше таңертең осы көлдің тұсынан Әбілқайыр әскеріне қарай шауып бара жатқан бір қазақтың қызын көріп қалдық. Аты жүйрік екен, менің «Құмай төсім» зорға қуып жетті. Таяй беріп, қыздың мойнына арқанымды лақтырып әзер ұстадым. Қыздың қару-жарағы жоқ… Бірақ өзі тым келбетті екен. Оны бір көргеннен Шәңгерек ноян есінен айрылғандай күйге жетті. — Хоча ашудан сөйлей алмай, тұтығып тұрып қалды.

— Сосын? — деді әкесі қабағын қарс жауып.

— Қыздың Әбілқайыр әскеріне біздің келе жатқанымызды хабарлауға бара жатқаны сөзсіз. Бұндай ерлік қазақ қызының көбінен шығады. Мен одан жауап алғым келіп, бірнеше сұрақ қойдым. Қыз бір айтқан сөзінен танбады. «Мен сендерге ештеңе айтпаймын, өлтірсеңдер — өлтіре беріңдер». Қайсарлығына ыза болып, оны өлім жазасына бұйырдым. Бірақ, Шәңгерек ара түсті. «әзірге өлтіртпеңіз, бүгін айтпағанмен, сырын ертең айтады, қазір ызадан көнбей тұр» деп маған жалынды. Мен Шәңгерекке қыздың өте ұнап қалғанын түсіндім. Енді Шәңгеректің де жүрегін өртегім келді: «Қазір дәл осы арада қызды өлтіріңдер!» — дедім жігіттерге. Шәңгерек «өлтірмеңдер!» — деп бұйырды. Мен: «өлтіріңдер!» дедім. Барлаушы жігіттердің көбі Меркіт руынан болғандықтан ба, әлде қызды аяды ма, енді бәрі маған жалынды. «Қайтесіз қару-жарағы жоқ бір қыздың қанын төгіп, одан да қонтайшыға тартуға апарайық» деді. Өтініштерін орындамасам, ызадан өзіме зақым келтіріп жүрер деп айтқандарына көндім. Бір жағынан қызды Қалден Церенге алып беріп, Шәңгеректің жүрегін біржолата күйді-рейін дедім. Өйткені қыз менің олжам ғой, кімге берсем де еркім бар емес пе?

— Иә, сосын?

— Қыз шын әдемі еді. Оны өлтірудің өзі де сұлулыққа істелетін бір үлкен қиянат боп көрінді маған. Бірақ, Шәңгеректі қызғандым. Неге екенін білмеймін, қызды өлтіртпек түгіл, оның қол-аяғына кісен де салғызбадым. Енді күзетін басқа жігіттерге бұйырып, Шәңгерекке тек қыздың атына ие болуды тапсырдым…

— Сосын?!

— Сосын… Көлдің арғы бетіндегі барлаушыларым тағы бір қазақтың жігітін ұстап әкелді… Бұ да сұрағыма жауап бермеді. Мен енді жігіттің тақымына қыл арқан салғызып бұраттым. Тұтқын қыздың сұлулығына күйіндім бе, «сен нәзік сұлусың ғой, бауырыңды құлындай шыңғыртып жатқанда, сенің сұлу түрің қандай болады екен көрейін» деп жігітке қыл бұрауды тұтқын қыздың көзінше салғыздым. Қыл шылбырды бір-екі рет бұрағанда-ақ жігіттің құлындағы даусы құраққа жетті. Қыздың бетіне қарап едім, сұп-сұр боп ернін тістеп қатып қалыпты. «Бәлем, солай ма екен!» дедім ішімнен. Енді оның көзінен аққан жасты көргім келіп кетті. Жігіттерге «тағы бұраңдар!» дедім. Сол кезде тұтқын жігіт шыдай алмады.

— Сұрағандарыңның бәрін айтайын, — деді жалынып.

Қыздың бетіне қарап едім, оның анау тұтқын жігітке жеркенішпен, өшіге қарап тұрғанын байқадым.

Мен жігіттен жауап ала бастадым.

— Сен кімсің?

— Әбілқайыр ханның барлаушысымын, — деді ол.

— Әбілқайыр әскері қай жерде?

— Шиелі түбінде…

— Қанша қол?

— Отыз сана…

— Бері қарай қашан аттанбақ?

— Орта жүз әскерінің келуін күтуде…

— Сәмеке қанша қолмен келмек?

— Отыз санадай.

— Қашан келіп қосылмақ?

Жігіт жауап қайтарып үлгерген жоқ, жанымда тұрған қазақ қызы бір-ақ атылып тұтқынның жанына барды, мен оның жоғары көтерілген қолынан жарқ еткен алмас кездікті көріп қалдым. Жүгіріп жанына жеткенімше, ол қолындағы кездікті тұтқын жігітке сілтеп те үлгірді. Жігіттің тақымына қыл бұрау салып тұрған менің жігіттерім не болғанын байқап та үлгірген жоқ. Тұтқын жерге сұлқ құлады. Қыз кездігін дәл жүрек тұсынан қадапты.

— Сосын?!

— Сосын не болсын… Сәмеке әскерінің бұл араға қашан келетінін біз біле алмай қалдық. Мен енді қызды өлтіргім келмеді. Елдің намысы үшін қандай қиындыққа болса да шыдайтын қайсар сұлу елінің намысының қалай төгілгенін өз көзіменен көрсін деп, әдейі тірі сақтағым келді. Қол-аяғын кісендеп, сендер жеткенше, түнімен күзетіп шығуды нөкерлерге бұйырдым.

— Сосын?! — Бұ жолы Сыбан Раптанның даусы темір тор ішінде тұрып ызаланған жолбарыстың гүріліндей тым қатты шықты.

— Сосын… Сосын Шәңгерек ноян мен барлауға кеткенде, күзеттегі Меркіт жігіттеріне бұйрық беріп, қыздың қол-аяғындағы кісенін алдырып босатып жібереді… Шәңгерек ноянға қыз: «Егер тірі кездессек, бұл жақсылығыңды өтеймін» деп рақметін айтып, атына мініп, Әбілқайыр ханның әскеріне қарай бір-ақ тартыпты.

— Демек, Әбілқайыр хан біздің келе жатқанымызды біледі екен ғой?

— әрине.

— Қап! Сосын?!

— Сосын… мен Шәңгерек нояннан қызды неге босаттың деп сұрадым.

«Қызды мен босатпағанымда, сен оны бәрібір өлтіретін едің ғой» — деді ол. Мен: «Өлтірсем ше?», — дедім. Ол «Одан өзімнің өлгенімді артық көрдім», — деді. Мен: «Қызды өлтірмей-ақ өзімнің аға-інілерімнің біріне беретін едім ғой», — дедім. Ол: «Онда мен сені де, өзімді де өлтіретін едім», — деді. Сонда ғана барып мен Шәңгерек ноянның ол қызға шын ғашық болып қалғанын ұқтым. Өзімді-өзім ұстай алмай, оны өлім жазасына бұйырдым…

— Бекер еткенсің… Әкең қонтайшының шешімін күту керек еді…

Бағанадан бері сазара сөйлеп тұрған Хоча:

— әке, менде де жүрек, сезім, намыс бар емес пе? — деп, өкіріп қоя берді.

Тас жүрек Сыбан Раптан қызының Шәңгерек ноянды қаншалықты жақсы көріп келгенін енді ғана түсінді.

— Өзің емес пе едің оған шықпаймын деген? — деді ол кенет сәл босаңсып. — Жә, болды, ондай жігіт сенің бір тамшы жасыңа тұрмайды! Бүкіл жоң- ғар халқының тілегін бір қыздың сұлулығына сататын бала өсірген Дода Жорд- жидың өз обалы өзіне!

Қонтайшы кілт бұрылып, жуан қамыт аяқтарының өкшесі біріне-бірі тиіп, атына қарай жүре берді. Тек қаңтарып қойған ер басынан тізгінін алып, аяғын үзеңгіге сала беріп, баласы Қалден Церенге:

— Хоча қазақ қызын өлтіріңдер дегенде, өлтіртпей тірі алып қалған Меркіт жігіттері бірі қалмай осы арада ажал тапсын! — деді.

— Құп!

— Қонтайшы алпыстан асып кеткеніне қарамай, бұлаң құйрық торы айғырына, үзеңгісіне аяғы тиер-тиместен ырғып мінді де, батысқа қарай желе жортып жүре берді. Хоча мен Ренат соңынан ерді. Бүгінге дейін Жоңғар елінің жеңісі үшін жан қиып келген жетпіс жігітті бір сәт қана көңілшек болғандары үшін өлім жазасына бұйырған Сыбан Раптанның қатыгездігінен жаны түршіксе де, Ренат өзінше тұжырым істеді: «Өзгеге әмірін жүргізем деген адам осындай тас жүрек болуы керек. Бұндай болмаған күнде Шыңғысхан әлемнің тең жартысын басып ала алмас еді» деп ойлады.

Хоча тобына кездесіп, Шәңгерек ноянның өліміне себепкер болған — ерлігімен жұрт көзіне түсе бастаған Бәсентин Малайсарының қарындасы Гәуһар еді. Арғын руының бір тармағы Бәсентин ол кезде Ұлытау төңірегін жайлайтын. Маңайында сауда-саттық ететін үлкен шаһар болмағандықтан, Ұлытау, Арғынаты маңайындағы қалың қазақ ауылдары Түркістан, Ташкент қалаларына кіре тартып, жүн-жұрқасын, тері-терсегін, кейде үйірлеп жылқысын, қотандап қойын айдай кеп, базарларына сатып, дүкендерінен қант-шайын, киім-кешегін, қала берді, ақыреттік бөзіне дейін алып қайтатын. Кей жылдары бұндай қала шыққан керуендер Бұхар, Хиуаға дейін де баратын. Биыл Малайсарының ауылы Түркістан базарына керуен тартқан. Келер жылы Есіл бойындағы бір ауқатты адамның баласына бермек боп отырған Гәуһарды әке-шешесі, құтты жеріне қонар алдында құрбыларымен барып бой жазып қайтсын және өз көңіліне ұнаған жасауын алсын деп, керуенге ілесіп саяхат құрып бара жатқан бір топ қыз-бозбалаларға қосып жіберген.

Керуен Түркістанға жеткеннен кейін екі бөлінген. Бір бөлегі, малдарын құндылау етіп сатқылары келген ауқаттылау жағы Ташкент барып қайтпақ болған. Екінші жартысы олардың қайта оралуын күтіп, Түркістанда қалып қойған. Сол Түркістанда қалған топта Гәуһар да бар еді. Түркістан төңірегіндегі қазақ атаулы шаһарды қорғаймыз деп жатқанда, Бәсентин жігіттері кемеден қашқан егеуқұйрық тышқандай, елге кетіп қалудың ретін таба алмады. Түркістанды қорғаушыларға қосылды. Гәуһар да солармен бірге қалды. Амал жоқ, Елшібек қаланы бергеннен кейін Арқа жігіттерімен бірге Гәуһар да Сырдарияның қалың қамысының арасына тығылды. Дәл осы кезде бұларға Әбілқайыр әскерінің келе жатқаны, оған жақында Арқадан Сәмеке бастаған қалың қол келіп қосылмақ деген хабар жетті. Іле-шала «ұзын құлақ» Сыбан Раптан Әбілқайырға қарсы қырық мың жауынгермен аттанды деген суық сөзді әкелді. Бұған қоса «Әбілқайыр әскері Сыбан Раптанның шыққанын білмейді екен, олар Шиелі бойында Сәмеке әскерінің келуін күтіп жатқанда, Жоңғар қонтайшысы аңдаусызда үстерінен түспек екен» деген тағы да суық сыбыс естілді. Хабарсыз жатқан қазақ әскерінің, жаудың тұтқиыл шабуылынан қатты апатқа ұшырайтынын білген нәзік сезімді, ер жүректі Гәуһар енді шыдай алмады. Әбілқайыр әскеріне хабар бермек боп атқа қонды. Біз ерейік деген серіктерді ертпеді. Нашар киінген жалғыз аттыны ешкім аңғара қоймас деген. Арқа жігіттерінің ең таң- даулы жүйрігін мініп жолға шықты. Сыр бойын қуалай түні бойы шабыстан танбаған Гәуһар, таң қылаң беріп келе жатқанда, Хочалар қос тіккен қоғалы көлдің жанынан өте беріп қолға түскен. Жігіт деп ұстағаны қыз болып шыққанда Хоча таң қалды. Қыз болғанда қандай! Сан айқастан өткен, сонау Қытайдың шекарасындағы Халқадан Түркістанға дейін адамзаттың нелер сымбаттысын кездестірген қалмақ жауынгерлері Гәуһарды көргенде, мөлдір су түбінде жатқан жарқыраған гәуһар тасты көргендей естері шықты. Шәңгерек ноянның бірден Гәуһарды өлімге қимай араша түсуі де осыдан еді.