Сәмекенің алыста жатқанын білмеген Сыбан Раптан Әбілқайыр қолын қумады. Артымнан Сәмеке әскері түре соғар деп қорықты. Содан, екі әскер екі жаққа қарай шегінді. Көп кешікпей жаңбыры жоқ, қары жоқ, күпілі адамның өкпесінен өтетін, бүкіл Сыр бойының жұртына мәлім күзгі қара суығы да басталады.

Сауран қаласы Отырар, Сығанақпен қатар салынған қазақ елінің көне бекінісі. Бұл қамал жағалай қазылған, ұзындығы жиырма бес, тереңдігі он бес кез, тіп-тік ормен қоршалған. Ордың түбінен қамалдың жоғарғы ернеуіне дейінгі биіктігі елу гяздай 1.[1] Оның үстіне әр әмір, әр дәуірде бұл шаһардың қорғанын өзінше күшейте түскен. Сондықтан да қамалдың ғасырлар бойы келе жатқан қабырғаларын Шыңғыс хан шабуылы кезінде де тас атқыш машиналар бұза алмай қойған деген лақап бар. Аңызға қарағанда, Сауран шаһарына Шыңғыс хан әскері кіре алмаған. Тек қаланы қорғаушылардың бірі қалмай аштан қырылғаннан кейін барып, монғол басқыншылары ие болған.

Түркістанды тастап кеткен Елшібек батыр, түнде қамыс арасында тығылып жатып, күндіз жүріп, үш күн дегенде серіктерімен осы Сауран бекініске әзер жеткен.

Қала хакімі Тұрсынбек жоңғарлардан қорқып әндижанға қашып кетіп, шаһар тұрғындары әбігерде екен. Бұл маңайға әйгілі Елшібек батырдың келгеніне олар қуанып қалды. Бір дауыстан бәрі шаһарды қорғау жұмысын Елшібекке тапсырды. Батыр бірден жауға тойтарыс беру жабдығына кірісті.

Жер бетін әділетсіздік билеген сонау қу заманда, тарих қиянаты әлсін-әлсін қайталана беретін. Осы сұрғылт балшықты ұлы бекініс сол қиянатты әр жүз елу жылдар арасында үзбей көріп отырған. Ол қиянатты Шыңғысхан кезінде де, Ақсақ Темір, Әбілқайыр, Абдолла шабуылдарында да бастарынан өткізген. Міне, бүгін жоңғар басқыншылары да сол қиянатты тағы қайталамақ. Ал қала тұрғындары бірі қалмай қырылғандарынша, шаһарларын жауға бермей қорғап келген. Бүгін де сүйтпек.

Бір кезде осы бекініс үстінде тас мүсін тәрізді күзетте Орақ батыр тұрған. Содан жүз елу жыл кейін, құл мен күңнен туған, жалаң төс батырлар Қияқ пен Тұяққа кезек келген. Қазір қорған үстінде осы қос батырдың ұрпағы, алпамсадай алып денелі, құрыштай берік Науан ұста тұр.

Науан ұстаның бар күн көрісі — көрігі мен балғасы. Арманы — арғы бабасы Орақ пен Қияқ, Тұяқ салған әділеттік пен ерлік жолын адал ұстау. Ал халқы үшін жан қиған ерлер жайындағы ел аңызы оның ана сүтіменен қанына сіңген.

Аңыз? Жоқ, Қияқ пен Тұяқ ерлігі аңыз емес, шындық! Оны ұрпақтан ұрпаққа ертегі етіп ел айтады, сол батырдың қаны тамған сұрғылт топырақты жер айтады. Бастарына қойылған құлпы тас пен ерліктерін өткізген осынау берік қамал — бекініс жыр етеді.

Ата-бабасының ерлігі ұмытпастай боп ұрпақтарының жүректерінде сақталып, мойындарына тұмар болып тағылған.

Күзетте тұрған Науан ұстаның қасына Елшібек батыр мен Бұқар жырау келді.

Мұсылманша хат танитын Бұқар жырау — қазақ тарихы қамтылған көне кітаптарды көп оқыған әйгілі шежіре. Ұлы арманының бірі сол халқының ерлігін үлкен дастан ету еді. Ол қазақ елінің басынан өткен күндерін ғана емес, бүгінгі күресін де, ерлігін де жырламақ. Үш айдан бері Сауранның жауға берілмей тұрғанын естіп, кеше қара түнді жамылып, жау шебінен өткен. Содан бері қаласын жаудан қорғаған, аштыққа да, ажалға да көнген қара бұқара жұртын көріп, мұқалған көңілі бір жасарып қалған. Жыр шумағы бірінен соң бірі келіп, қиялында дастан да туа бастап еді.

— Арсыз ба, Бұқар-еке! — деді Науан ұста қос қолын кеудесіне қойып.

Бұқардың майдан басына келгенінен хабардар жұрт лезде жиналып қалды.

— Барсыңдар ма, өрендерім! — Бұқар сүйсінгендей барлық жұртты көзімен бір шолып өтті де, Науанға бұрылды. — Арғы аталарың Қияқ пен Тұяқ батырлардың ерлігіне қанық едім, өз ерлігіңді көзіммен көргелі, шыбын жанымды шүберекке байлап, әдейі іздеп келдім, арысым…

— Халқыңыздың халі қыл үстінде тұрғанда келгеніңіз — бізге он сан қол қосылғаннан кем болмас! — деді Науан ұста. — Ісіміз оң болар.

— Айтқаның келсін! — кенет Бұқар жырау төңірегіне бұрыла қарады. — Бір кезде осы Сауранды Абдолла әміршіден сенің бесінші аталарың Қияқ пен Тұяқ қорғап еді, қазір, Науан ұста, жоңғардың жолында өзің тұрсың. Шапқан жаудың екпініне қарағанда біз әлдеқашан құрып кетуге тиісті едік, ел болып әлі келе жатырмыз, құдайдың бұнысына да шүкіршілік!

— Уа, жырау! — деп Науан ұста сәл алға аттады. — Жаңа өзіңіз айттыңыз ғой, менің бабаларым осы Сауранды қорғаған деп. Бүгін жау жағы тыныш жатыр ғой, қажыған көңілге қуат бере ме екен, солардың ерлігін айтсаңыз қайтер еді?

Жұрт шулап қоя берді.

— Иә, жырау!..

— Бабаларымыздың ерлігін үлгі етелік!..

— Налыған көңілге нәр болсын!

Халқының өткен ерлігін бір айтатын кез осы екенін ұққан жырау, көп күттірмей, сөзін бастап та кетті.

— Қазақтың басынан қандай сорақы күндер өтпеген, — деді толғанып. — Соның бірі осыдан жүз елу жылдай бұрын Тәуекел ханның тұсында болып еді.

Бұхар әміршісі Абдолла өз ордасында отыр. Кенет көзі күлімсіреп, сұлу мұрты тікірейе қалды. Ойда-жоқта бірдемеге қуанып кеткендей. Бірақ әміршісі ашуланса кенет көзі күлімсіреп, бетіне қан жүгіре бастайтынын көп жылдан бері білетін ақылшысы Хасен-єожа тағы да жазықсыз біреудің қаны төгілгелі тұрғанын ұқты. Уәзір әміршісінің бұл қасиетіне үйрене алмай-ақ қойған. Алдында тұрған көжекті жер алдында аждаһаның сілекейі көзінен жас боп ағады дейді. Әміршінікі де сол тәрізді қылық… Сонда бұл жолы кімді жұтпақ? Қазір хан сарайында Хасен-єожадан бөтен жан жоқ. Сонда… Мұның қандай жазығы бар? Бар айыбы — Бабасұлтаннан Талас бойындағы ұрыста Шағайдың жеңіліп қалғанын естірткені ме?

Абдолла кенет орнынан тұрып, терезе алдына барды. Мұнара биіктігінен хан сарайының етегіндегі, қалың бау-бақшаға бөленген Бұқар шаһарының қиыр шетіне көз жіберді. Әр жерде сыртын сан түрлі бояуларымен өрнектеген, ернеулері құран сүрелерімен безенген күмбезді мешіттер, Калон, Чар, Минер мұнаралары, Ұлықбек салдырған салтанатты медреселер көрінеді. Хан сарайының ауласы өрік, жүзім, алма, алмұрт, інжір ағаштарымен сыңсыған жасыл бау… Ағаш арасы сылдырап аққан күміс қоңырау бұлақтар. Бұл өзбек елінің Самарқанттан кейінгі үлкен шаһары. Бір кезде бұл шаһарды Самарқантпен бірге Абдолланың бабасы Мұхамед-Шайбани Ақсақ Темір ұрпағынан тартып алған. Мұхамед-Шайбани қаза тапқаннан кейін, Бұқар қайтадан Ақсақ Темір ұрпақтарына көшкен. 1557 жылы, яғни хаджри есебі бойынша 964 жылы, жиырма төрт жасар Абдолла екінші рет жаулап алды. Содан кейін ол Бұхарды өзінің астанасы еткен. Осылай Бұқар хандығы туған.

— Бұхар әміршісі Абдолла өзбек халқының қанын қандай сорса, Сырдарияның орта шеніндегі қазақ елінің де қанын сондай сормақ болды. Бабалары Әбілқайыр мен Мұхамед-Шайбанидың қазақ жерінен шыққанын сылтау етіп, Сыр бойындағы қалаларын өзіме қаратамын деп талай рет шапты, — деді жырау.

Абдолла терезе алдынан кейін бұрылып, жан-жағына ойлана қарады. Бірақ оның кірпік қақпай тесірейе қалған шегір көзіне — зәулім сарай еденіне төселген қырмызы қызыл парсы кілемдері де, әшекейлі өрнекті сафьян орындықтар да, қабырғада ілулі тұрған болат аспаптары мен алтын зерлі қылыш, қанжарлары да, бұрыштағы дөңгелек арша үстелінің үстіне шәрбат ішуге қойылған фарфор кеселер де, имек мойын күміс құмыралар да — бірде-бірі көрінбеді. Оның шегір көзі хан сарайының мәрмәр қабырғаларын тесіп, әлдеқайдағы көкжиекке шаншыла қарағандай.

— Қожа, сенен ақыл сұрағым келіп тұр, — деді ол, тағы көзі күлімдеп. — Дос боламын деп ант берген жауым, басқа жауларыма достық көрсетсе, мен қандай шара қолдануым керек?

— Ондай алдамшы достардың басын алған жөн, тақсыр хан.

— Солай де… Біздің жаққа шыққан Шағай мен оның баласы Тәуекел, қас жауым Бабасұлтан мен Бұзахұрдың бастарын маған әкеп бергілері келмеді. Ал, олардың басын қазақ қалаларын жаулап алған соң мен кесуім керек…

Бабасұлтанның опасыздығын сылтау еткен Абдолла бір мың бес жүз сексен екінші жылы, тамыздың сегізі күні Сауран бекінісінің етегіндегі қалың тоғайдың арасына кеп шатырын тікті.

вернуться

1

Г я з — кез деген сөзден шыққан.