Таң атып келе жатқан мезгіл. Бір кездегі атақты Әбілқайыр бабасының лашкерлеріндей, кілең көк темір құрсанған, төгілген жал, құлаш құйрық жүйрік мінген елу мың әскер лек-лек боп, бекіністі қоршай сапқа тұра бастады. Шаһардың сол жағында ақ боз, қара көк сәйгүлік мінген, бастарындағы болат дулығалары шығып келе жатқан күнмен шағылысқан Ұбайдулла сұлтанның жауынгерлері. Теріскей жақта күн белгісі бар қара туды желбіретіп ұстаған Абдолланың баласы әбді-Мумин сұлтанның лашкерлері. Түстері суық, қаһарлары ызғарлы. Күнгей тұста Ұбайдулланың баласы Асфандияр сұлтанның, ірбіз басының суреті салынған алқара көк туының астына Абдолла қарамағындағы Келдеш би, Жандәулет би, Тұрсын би, Бике би секілді белгілі әмірлердің жігіттері тізілген. Дені қазақ руларынан шыққан әмірлер болғандықтан, бұлардың әскерлерінің сырт бейнесі Дәшті Қыпшақ сыпайларына ұқсайды. Найзаларының басына ту етіп тұтам қылшық байлап алған. Тақымдарының астында бұзаубас шоқпарлары.

Сауран шаһарының құбыласындағы тоғайлы алаңында Абдолла әміршінің алқызыл жібек шатыры көрінеді. Бұ жақта да қалың әскер. Бұл әскерлер өзгелердікінен гөрі салтанатты. Жігіттерінің киген сауыттары да ерекше зерленген. Белдерінде кілең қорасан болатынан соғылған Бұхардың ұзын қисық қылышы. Иықтарында ұзын мойын білтелі бұқар мылтығы. Әскер кейпі сәнді де, сұсты да.

Шаһар бекінісінің үстіндегі кереге көз алаңдардағы қала қорғаншылары: қала хакімі әбді-Саттар, Қияқ, Тұяқ батырлар… Кенет бүкіл әлемді басына көтере барылдаған керней үні шықты. Оған шиқылдаған зұрнаның ащы даусы қосылды. Жүздеген дауылпаз қағылып, заматта дүние біткен әлем-тапырық үнге толды да кетті.

… Енді Бұхар әміршісінің қызыл жібек шатырының ар жағындағы шағын тоғайдан бір топ салт аттылар көрінді. Үстеріндегі болат сауыттары күнге шағылысып жалт-жұлт етеді. Жалаңаш қылыштарын бастарына көтере ұстаған. Қорасан құрышының жүзінде күн сәулесі емес, ажалдың суық ызғары ойнағандай. Ең алдында өн бойы күміс шынжырлы сауытпен жабылған есік пен төрдей ақ боз ақалтеке арғымақ мінген, қырықтарға жаңа жеткен, сұлу мұртты, тұлғалы адам келе жатыр. Өзгелерден бұның құр ғана айбарлы пішіні, атқа тәкаппар отырысы, асыл қару-жарағы ғана емес, тағы да бір айырмасы бар. Астындағы ақбоз тұлпарының тоқпақтай кекілінің үстіне көне заман ғұрпымен «бақ құсы» — аппақ сүттей тұрымтайды отырғызып алған. Егер тұрымтай жау көргенде қорқып ұшып кетпесе, батырдың жолының оң болары хақ. Ал жау қарасын көргеннен тұрымтай қаша жөнелсе, онда батырға бұл айқас қауіпті. Бақсы-балгерлер заманында жаман ырымнан сескеніп батырлар атының басын кейін бұрады.

Атты жасақ шеткі әскер алдына жете бергенде, қайта дабыл қағылып, керней, зұрналар қайтадан ішегін тарта барылдап, шиқылдап, бүкіл әлемді азан-қазан етті.

Қамал басындағы жұрт бұл топ Бұхар әміршісі Абдолланың тобы екенін, бәрінің алдында ақбоз ақалтекесін ойнақтатып келе жатқан айбынды баһадурдің өзі екенін біліп сескене қалған.

әмірші тобы сол қылыштарын көтерген қалпында Абдолланың соңынан құрық тастам жерде жұбын жазбай желе шауып, қорғанды қоршаған қалың әскердің алдынан тоқталмай өтіп келеді. Жан-жақтарына қарар емес. Тек Абдолла топтың алдында тұрған сұлтандарын, батырларын, билерін көргенде ғана соларға қарай мойнын бұрады. Әмір, сұлтандар: «Мәртебелі болыңыз, ұлы баһадур!» деп бастарын иіп тәжім етеді. Әмірші атын ойнақтатқан қалпында әскер алдынан өте берді. Соңынан еріп келе жатқан топтың үстінен алтын ай бейнесі салынған Мұхаммед пайғамбардың жасыл туы бүкіл аспанды жапқысы келгендей, желмен ойнап желпілдейді. Ақ боз арғымақтың кекіліндегі «бақ құсы» байлап қойғандай тырп етер емес.

— Біз жеңіліп, ол жеңеді екен, халайық, — дейді құстың ұшпағанын көрген біреу.

Енді Абдолла тобы әбді-Саттар тұрған қабырғаның тұсынан өтіп бара жатыр. Екі топтың арасы садақ оғы жетер-жетпестей мөлшерде.

— Ол бізді жеңгенше…

Қала хакіміне таяу тұрған Қияқ батыр сөзінің аяғын айтпай қайың садағына сауыт бұзар жебесін салып жіберіп, Абдоллаға қарай шірене тарта бастады.

— Атпа! — деді бір зор дауыс.

Қияқ батыр «әттең, әттең!» деп, жебесінің ұшын жерге қаратты.

— Олай болса! — деді ағасының сол жағында тұрған Тұяқ батыр садағын көтере беріп, тартып қалды.

Құладын қауырсынына байлаған қозы жаурын жебе зу етті. Көзді ашып-жұмғанша, Бұхара әміршісінің астындағы ақ боз сәйгүліктің кекілінде отырған ақ тұрымтай жалп етіп жерге ұшып түсті.

— Мерген екен! — деді Абдолла жүзінен ешбір қобалжу белгісін көрсетпей. — Тұрымтай өзі ұшқан жоқ атып құлатты ғой, бұл санаққа алынбайды. Басқасын отырғызыңдар.

Нөкер кейін шауып, заматта қайта оралды. Әмірші атымен қатарласа желіп, ақ боз жүйріктің кекіліне басқа бір ақ тұрымтайды отырғызды.

Абдолла ертеңіне тағы майданға шықты.

Тағы күн шығып келе жатқан кез. Қамал үстінде баяғы адамдар… Тағы көк темір асынған қалың әскер. Кенет дабыл қағылып, керней, зұрналар ішін тартып барылдап, бүкіл әлемді азан-қазан етті. Тағы кешегідей сес көрсетіп, жалаң қылыштарын басынан жоғары көтере, нөкерлерін соңынан ертіп жасыл туын желбірете, қамалды жанай ақ боз ақалтекесін ойнатқан Абдолла әмірші… Бірақ бұ жолы кешегідей емес, алыс кетіп барады. Сірә, Тұяқ мергеннің жебесінен қорыққандай.

Абдолланың ақ боз атының кекіліндегі ақ тұрымтай алыстан бір үн естігендей қанатын қағып жіберді де кенет жоғары көтеріле берді. Қас қаққандай уақыт өткенше ол қамалға таяй түсті де, кенет кілт бұрылып кейін ұшты. Шамасы, ат кекіліне қайта барып қонбақ. Бірақ ол ойнағысы келгендей, ойламаған жерден бір бұтаға барып қонды.

— Ұстап әкеліңдер, — деп бұйырды Абдолла.

Бір нөкері шапқан бойы, жерден теңге алғандай, бұта басындағы тұрымтайды қолымен алып, қағып кейін қарай зымырады.

— Лашкарға емес, құсқа обал болды-ау! — деп өкінген дауыс шықты. Сөйткенше болған жоқ, Тұяқ қолындағы садағын көздемей тартып қалды. Абдоллаға жүз қадамдай қалған лашкар қолындағы тұрымтаймен бірге жерге жалп етті. Абдолла қорған жаққа таңдана қарады да, атының басын кейін бұра сала, шатырына қарай шаба жөнелді.

— Жау тұрымтайының денесі біздің жерімізде қалды, жақсы ырым! — деді, бағанадан бері болып жатқан оқиғаға үн-түнсіз қарап тұрған әбді-Саттар сұлтан. — әйтсе де, ат кекілінде отырған тұрымтай кенет неге бізге қарай ұшты? — Ол Тұяққа сезіктене қарады.

Тұяқ сәл езу тартты да, қолын аузына апарып, нағыз бір бала күніндегі құс шақыратын әдеті есіне түскендей, ақырын ысқырды.

Хакім езу тартып күлді.

— Сенің құпияңды ешкім білмей-ақ қойсын — деді ол, — құс денесі біздің жерде қалды. Бұған халық та сенсін…

— Жау қандай айла қолданғанмен, қамалды ала алмады, — деді Бұқар жырау. — Басқыншылары қара түнде ұрланып келіп, қабырғаға баспалдақ қойса, қорғаушылар үстерінен майлы от-дәрі лақтырды. Бекініс астынан жау ор да қазып көрген, бірақ Сауран бекінісінің қабырғалары он бес кездей жер астынан қаланғандықтан, одан да ештеңе шықпады. Терең жыра өткізіп, Сырдың суымен қаланы тұншықтыруды да ойлады. Қала биікте тұрғандықтан, суы жоғары көтеріле алмай, ернеуінен асып, Абдолланың өз шатырын су әкете жаздады. Осылай арпалыста үш ай өткенде, Сайрамнан азық-түлік келу тоқтатылды. Абдолла тонаған жұрт Сайрамға жиналып, қала маңында бүлік көбейді. Енді онсыз да тамаққа жарымай жүрген Бұхара әскерінің халі тіпті қиынға айналды. Азық-түліктен ада бола бастаған әскердің арасында «осы соғыс кімге керек?» деген күңкіл де туа бастады. Көп кешікпей бар астық бітті. Әскер ашаршылыққа ұрынды. Енді жігіттер зеребе ұстасып, ұтылған серіктерінің атын сойып жеуді шығарды.

Сауранды қоршап болған Абдолла қорғанды алудың жаңа жолын ойлай бастады. Ең алдымен ол бір күні түнде Бұхар аймағының әмірі Камалиддин Хұсаиндиванға ат шаптырды. Тезірек Сауранға азық-түлік пен Рухади ұста құйып жатқан «Қара бура» тас атқыш қазанын жеткіз деп бұйырды.

Жер арасы шалғай, жәрдем тез келе қоймады. Абдолла әскерінің халі күннен-күнге нашарлай түсті. Әскер арасында бүліншілік те шығуға таяды.

Бұл соғыстың қажеті жоқ екеніне көзі жеткен кей жігіттер қазақ даласына қашты. Сонау Бұхара мен қазақ жерінің түйіскен тұсында, Сырдария мен Амударияның қамысты жағаларында өзбек, қазақ, түркімен, қырғыз жігіттерінен құрылған бірнеше аламан жасағы пайда болды. Олар тек қана бай мен манаптардың мал-мүлкін талап қоймады, Сауранды қоршаған Абдолла әскеріне бара жатқан, азық-түлік тиелген керуендерді де шапты.