— әкет кейін, мына жолбарысты!

Екі жігіт Латиф сұлтанды орнынан қозғалта алмады. Еңгезердей лашкар оны тізесінен таяқпен ұрып құлатты да, бәрі жабылып кейін сүйрей жөнелді. Ол сүйретіліп бара жатып:

— Кешірім етеді деген сөздеріне сенбеңдер! — деді бар даусымен. — Шыдаңдар! Берілмеңдер! Көп кешікпей сендерге жәрдемге Яссы, Сайрам, Отырар, Ақрұқ…Бүкіл қазақ даласы келеді.

Бұқар жырау осы тұсқа келгенде, тыңдап тұрған жұрт толқып кетті:

— Аруақтарыңнан айналайын бабаларым-ай?!

— Өлтіріп жатса да шаһарды жауға бермепті ғой.

— Біз де солардай болуымыз керек!

Жырау сөзін қайта бастап кетті.

Ертеңіне күн шыға тағы дабыл қағылып, зұрна, кернейлер барылдап, әдеттегідей, бар әлемді басына көтерді.

Абдолла шатырынан шықты да, әлдекімге қолымен әмір етті. Сол сәтте ең үлкен «Қара бура» гүрс етіп атылды. Бұ жолы оның аузынан қамалға тас орнына сірі қапшық ұшты. Бұнда Бабасұлтан, Тахир, Латиф сұлтандар мен Жалмұхаммед аталықтың бастары бар еді. Қапшық жарылып кетпесін деп сыртынан кигізбен қаптаған. Ішінде Абдолланың қолынан жазылған «үлкен-кішілеріңе қарамай бәріңнің де бастарыңды дәл осылай кесермін» деген хат бар екен. Сауран тұрғындары ақ кигізге сап, төрт басты әбді-Саттар мен Қияқ, Тұяқ батырлардың алдына алып келді.

Денесі жоқ төрт басты қала тұрғындары қадірлеп, мұсылман ғұрпымен жерледі. Бабасұлтан хикаясы осылай бітті.

Өліктерін жерлегеннен кейін, Ноғайлыдан күш келмейтініне көзі жеткен әбді-Саттар кешке қарай Қияқ пен Тұяқты шақырды.

— Жігіттер! — деді ол. — Сауранды көп болса екі аптадай ғана қорғауға күшіміз жетеді. Ашаршылық жайлай бастады… Бірақ, жаудың да халі бізден артық емес. Күздің қара суығы, жауын-шашын басталғалы тұр. Ар жағында қыс та таяу… Абдолланың әскерінің дені ыстық жақтан. Бұл араның қара суығына шыдай алмайды. Және күзгі батпақты жолмен азық-түлік жеткізу де оларға оңайға түспейді. Күзге дейін шыдасақ, Абдолла қоршаудан еріксіз босатады.

— Босатпай жүрсе қайтеміз? — деді Тұяқ.

— Онда бәріміз де қырыламыз.

Үшеуі бір сәт үнсіз қалды. Қияқ бір ой түбіне шомып кеткендей, жерден көзін алмай тұрып-тұрып, әлден уақытта басын көтерді.

Менің бір ойым бар.

— Сөйле, батыр.

— Бақанын алсаң, шаңырақ жерге құлайды…

— Сонда… сен…

— Анада бір ыңғайы кеп қалып еді…

— Қалайша?

— Менің жебем өзгелердікінен екі есе алысқа ұшады. Тек әлдекімнің «атпа!» дегенінен кідіріп қалдым. Бекер тыңдаған екем. Соған өзім де қатты өкінем… Ал қазір Абдолла бізге аспандағы жұлдыздан да алыс… Қолымыз жетпейді. Оның шатырын жұмақты қорғағандай қорғайды. Майданға үнемі қалқанмен шығады… Менің ойым Абдолла емес, басқа адам жайында. О да Бұхар әскерінің бір тірегі…

— Кімді айтып тұрсың, батыр?

— Тәуекел сұлтанды… Хақназар ханды Жасылкөл жағасында өз қолымнан қойдым. Хан өлер алдында маған Тәуекел туралы бір құпия сыр айтып еді…

— Онда… Өзің білесің, батыр… Жастығына қарамай Тәуекел Абдолланың оң қолы екені рас. Және Тәуекелдің соңынан ерген қазақтар да аз емес. Қыс түскенде, Абдолланың өзге әскері шыдай алмағанмен, бұлар шыдайды. Мен Тәуекел жасақтарынан сол жағынан қауіптенемін.

— Рұқсат етіңіз, сұлтан, онда біз жолға шығайық.

— Рұқсат, жолдарың болсын!

— Сол күні түнде Абдолланың туған ағасы Ұбайдолланы, оның баласы Асфандиярды, Абдолланың жалғыз ұлы әбді-Муминды, ақылшысы Хасенєожаны, егер ақылға көнбесе Тәуекел сұлтанды да жансыз барып өлтіруге, Саураннан жұпыны киінген бес тас жүрек жолға шықты. Бұлар кетісімен, бие сауымдай мезгіл өтпей әбді-Саттар сұлтанның әйелі Айнар Сұлтан-Бике үйінің терезесінен жау жағына хат тасушы көгаршын ұшты. Көгаршынның қауырсынына байланған қағаздан Айнар Сұлтан-Бикенің әкесі Ұбайдолла өздеріне жіберілген бес жігіттің хабарын білді. Әбді-Муминды, Асфандиярды, Хасенєожаны өлтіруге келген үш жігіт бірден қолға түсті. Сол сағатта бастары кесілді. Ал Ұбайдолланы өлтіруге келген Тұяқ қауіпті дер кезінде сезіп қап, ұстауға шыққан лашкарлармен атысып, қоршаудан әзер құтылды. Өлдім-талдым дегенде таң ата Сауран қамалына жетті. Ешкімнің қолына түспей Тәуекелді аңдып, Яссы жағына тек Қияқ қана өтіп кетті. Бірақ бұ да алдынан күтіп тұрған жасақтан құтыла алмады.

Тәуекел бұл күндерде Шағай сұлтанның қарамағындағы қосынмен Яссы бекінісін шаппақ боп жатқан. Қол-аяғы байлаулы Қияқты Тәуекелдің алдына алып келді. Жаңа соққан алдаспанын сынамақ боп, сұлтан шатырының алдында бір құшақ жас тобылғыны шапқылап тұрған. Ол қылышын тастамай тұтқынның қасына келді. Жігіттің қандай қылмысы барынан бұрыннан да хабардар еді. Енді тұтқынның сымбатты дене бітісіне, өткір көзді қайсар жүзіне сұқтана қарады. «әбді-Саттар сұлтан менің басымды алдыруға кімді жіберуді білген екен. Жеркене қараған келбеті қандай сұсты? Бұған мен не жаздым? Нәсілі, себебін білген жөн болар… Бостан-бос мені өлтіруге шықпаған шығар… Және өзінің жасы да менімен теңдес пе, қалай?»

Тәуекел сұлтан ызалана қараған Қияқтан көзін алмай біраз тұрды да:

— Атың кім? — деді.

Қияқ та көзін тайдырмай:

— Атым Қияқ, әкем Жаубасар батыр! — деді.

Тәуекел мырс етіп күлді.

— «Жаман иттің атын бөрібасар қояды». Жаубасар деген батырды естісем құлағым керең болсын. Қай рудансың?

Арғынның батыр руы Алтаймын.

— Алтайдың қай биінің баласымын дедің?

— Жаубасар деген құлының баласымын.

ә!.. Қаншаға келдің?

— әкем марқұм Шағай сұлтанның өгей баласы Тәуекел туған күні сен де туғансың дейтін…

«Өгей баласы» деген сөзді естігенде, біреу жүрегіне қанжар салып алғандай, Тәуекел сұрланып кетті. Осындай жанына бататын бір суық сөзді ол бала кезінде де бір естігені бар… Бірақ, одан бері көп жыл өтті ғой… Нағашы әкесі әбілқасымның үйінен әкесі Шағайдың қолына қайтып келгелі, мұндай жанын күйдірер лебіз құлағына тиіп көрген жоқ… Ал мынау құлдың айтып тұрғаны не сандырақ?

Ол қылышымен Қияқтың қол-аяғын байлаған шылбырды қиып жіберді.

— Отыр! — деді бұйырып. — Ал сөйле білгеніңді!

— Мына жат көздерің кетсін…

— Жақсы, олай болса шатырға кір, — деді Тәуекел Қияққа, сосын күзетші жігіттерге бұрылды. — Сендер сыртта қалыңдар.

Сұлтанның айтқанын орындап күзетші лашкарлар сыртта қалды. Тек шеткі, қабағы қатыңқы мосқал лашкар ғана, қылышын қынабынан суырып, есік алдына барып күзетке тұрды. Іштегі сөз сыртқа тегіс жетпегенмен, жан күйігінен ашына шыққан кейбір үндер талмаусырап күзетшіге естіліп жатты.

Тәуекел үйге Қияқты алып кіргеннен кейін, дереу сөзге кіріскен.

— Ал айтшы, маған қастық ойлардай қай бауырыңды өлтірдім, қай қалыңдығыңды қорладым?

— Қазақ баласы деген бауырымды өлтірдің, қазақ қызы деген қалыңдығымды қорладың! Абдолла әміршіге еріп туған еліңді қан-жоса еттің. Сол үшін мен сені өлтіруге тиісті едім.

— Туған елімнің қанымен менің қолым боялған жоқ. Бабасұлтанды өлтірсем, о да сенің ата жауың! Шарабхана оқиғасын ұмыттыңдар ма?

— Иә, ол солай… Бірақ Бабасұлтан қазақ еліне Түркістан уәлиетін соғыссыз қайтарып берді ғой, Абдолла оны соғыспен тартып алмақ. Сол ма сенің жаныңның ашығаны? Молда, қожа басының сақинасы бар адамды «қаны тасып кетіпті» деп тамырынан қан ағызып емдейді. Қазақтың қаны тасып кетті дегенің бе, халқыңның қанын судай ағызғаның? Қолым қанды емес дейсің, Кендірлік, Кеңгір бойының ауылдарын шауып, ақырғы күн көріс малын Абдолла әскеріне әкеп бергеніңде де қолың қанды болмады ма? Бабасұлтанға ерген Түркістан уәлиетінің қазақ жігіттерін Жыланшық өзенінің бойында қан-жоса етіп қырғаныңда, екі қолың бірдей өз бауырларыңның қанына боялған жоқ па еді? Яссыны шапқалы отырсың, сонда кімді мұқатпақсың? Баяғы бір сорлы қазақ елі емес пе? Осының бәрін Жаубасар құлдың баласы Қияқ түсінгенде, Шағай сұлтанның асыранды ұлы, Тәуекел, сен неге түсінбейсің?

Қияқ батырдың жер-жебіріне жете айтқан сөздері жанына сегіз таспалы қамшының осуындай батып тұрған Тәуекел, «Шағай сұлтанның асыранды ұлы» деген сөзді естігенде жүрегі тағы қабынып кетті. Беліндегі қанжарына қолының қалай барғанын білмей қалды. Әйтсе де ол өзін-өзі ұстап: