— Жарайды, егер менің қолым туған елімнің қанымен былғанса, жауының қанымен жуып ағартуға бармын, — деді даусы қырылдай шығып, — бұны соңынан ұғысалық. Ал сен бір емес, екі емес менің бетіме «Шағай сұлтанның өгей баласы» деген ауыр сөзді кінә етіп бастың. Бұл қай сөзің? Егер жалған айтып, жала жапсаң… — Тәуекел сөзін аяқтамай тоқтады.

— Жақсы, сен сұрадың, мен айтайын. Жалған болса халқы Хақназар деп атаған Ақназар ханның аруағы атсын. Бұл сөзді сол ханның өз аузынан естідім. Менің анам аты күңге лайық Қойсана болса, сенің анаңның аты ханшаға лайық Күнсана екен, — деп бастаған Қияқ, өзінің Тәуекел жайында білгенін тегіс айтып берді. Анасы Күнсананы өгей әкесі Шағайдың қалай өлтірген жерін естігенде, Тәуекел қанжарын суырып алып, ақырып жіберді.

— Тоқтат! — деді ол. Тәуекел есік алдындағы күзетшінің тым таяу тұрғанын жаңа ғана аңғарды. — Егер енді бір сөз айтар болсаң…

Қияқ кілт тоқтады. Тәуекел де сол жалаңаш қанжарын жоғары көтерген қалпында демін әзер алып, мелшиді де қалды. Әлден уақытта барып қанжарын қынабына салды.

— Осыншама құпияны білгенің үшін, тірі қалмауға тиісті едің… Әйтсе де, бір жолға кештім. Ал сен айтқан сырды басқаның аузынан естір болсам, маған өкпелеме!

Тәуекел жедел басып барды да, «Садық» деп дауыстады. Үйге күзетшілердің басшысы ұзын бойлы, ашаң жүзді лашкар кірді.

— Садық, — деді Тәуекел, — мына жігітті ауқаттандыр да, астына ат беріп, қас қарая барар жағына апарып сал. Өзіңнен бөтен тірі жан білмесін.

— Құп!

Тәуекелдің көзі кенет есік алдындағы күзетшінің алыстау барып тұрғанын шалып қалды. Енді ол сыбырлап сөйледі.

— Ал мынау Жарқын сарбазды… бүгін түнде жоқ ет!

— Құп!

— Сұлтан сыбыры өзі жайында екенін күзетші де сезді. Іші мұздап кетті. Әйтсе де, сыр бермеді. Қас қарая Садық тұтқынды шығарып салуға кеткен кезде, бұ да басқа жолмен Сауранға қарай тартты. Садықтың қайтып келіп, өзін өлтіруін күткен жоқ. Ол атын анда-санда сәл тынықтырып, түні бойы шауып отырып, таң ата Сауран түбіндегі Шағай сұлтанға жетті. Естіген сөзінің бәрін айтып берді. Сұлтан ләм-мим демей, үн-түнсіз тыңдап шықты. Қашқын бар білгенін жеткізіп болып, мұндайда айтылатын алғысты күтіп, басын төмен ие бергенде дәл жүрек тұсынан кеп алмас қанжар қадалды. Қашқын сәл еңкейе берді де, етпетінен құлап түсті. Жалғыз рет аунауға ғана мұршасы жетті, көзі шарасынан шыға жаздап бір ышқынды да, созылып жүре берді. Шағай еңкейіп Жарқынның кеудесіне қадалған қанжарын алды да, жанына жүгіріп келген дәйекші жігітке:

— Мынаның өлімтігін шығарып тастаңдар! — деді. — «Біреуге ор қазба, өзің түсерсің» деген осы.

Сәске көтеріле Шағай Абдолланың шатырына кірді. Ханға кәрі сұлтанның не айтқаны белгісіз. Тек қаһарына мінген Абдолла Тәуекелге жендеттерін жіберіп, ұстап әкелуге бұйырғанында, сұлтан өз шатырында болмай шықты. Хан үш түн өткесін барып, Тәуекелдің Дәшті Қыпшақ жеріне қашқанын естіді.

Сөйткенше күздің қара суығы да келді. Сауранды ала алмайтынына көзі жеткен Абдолла, әкесі Ескендірдің қатты науқас екенін сылтау етіп Бұхарға қайтты.

— Халық табандылығы деген, міне, осы! — деді енді Бұқар жырау, — Бұхар ханының көк темір құрсанған атақты әскері де азғантай қала тұрғынына ештеңе істей алмаған! Табанды болсаң жоңғарлар да кейін шегінеді.

Халық тағы шулап қоя берді.

— Табанды боламыз!

— Біріміз қалғанша шаһарымызды бермейміз!

— Жауға құл болғанша, өлгеніміз жақсы!

Шу басылған кезде бір жас жігіт:

— Сосын не болды! — деп сұрады, — Қияқ, Тұяқ батырлар қайтадан Абдоллаға қарсы соғысқа қатысты ма? Бабасұлтан ұрпақтары не істеді? Жауынан әкелерінің кегін қайтара алды ма?

— Бабасұлтан ұрпақтары емес, халық өз кегін Абдолладан сан рет қайтарды, — деді Бұқар жырау. — Бабасұлтан хикаясы сонымен тынған. Құмкентке таяу, Үшбас пен Қарабас өзендерінің тоғысқан қойнауында осы оқиғадан жиырма бес жыл өткеннен кейін, сұлтанның кенжесі Ысқақ «әкемнің өлген жері» деп, мешіті мен медресесі бар «Баба» деген шағын қала салдырған. Өз басының қамы үшін халқын қанды қырғынға ұшыратқан Бабасұлтанның атын қазірдің өзінде ешкім білмейді. Ал Қияқ пен Тұяқтың аты халқының жүрегінде сақталып келеді. Олардың ерлігі әсіресе соңынан хан болған Тәуекел тұсында ерекше көзге түсіп… — деп келе жатты да Бұқар жырау кілт тоқтады.

Өйткені осы кезде, қамал үстін гүрсілдеп жарылған зеңбірек оттары қаптап кетті.

— Тезірек тығылыңдар? — деуге ғана Елшібектің шамасы келді. Жұрт жапа-тармағай бекіністің зеңбірек оғы өтпейтін, қалың шым қуыстарына жүгірді. Елшібек те біреуіне кіріп үлгірді. — Бәсе, тым тып-тыныш бола қалып еді, біздерді алдап ұрғылары келген екен ғой!

Иә, тарих әділетсіздігі қайталап отырған. Бір кезде Сауран бекінісіне Шыңғысханның тас атқыш қарулары, Абдолла ханның Рухади ұста жасаған «Қара бура» бу қазаны қойдай-қойдай шойын тастарын лақтырса, бүгін жоңғар бас- қыншыларының швед унтер офицері Ренат пен Қытай шеберлері құйған болат зеңбіректерінің қорғасын оқтары жауып тұр. Сонау алыс кезеңде осы бекініске тоқпақ жалды аласа жылқы мінген Жошының қанішер жауынгерлері сұр топырақты көкке көтеріп, «гу-гулеп!» атой салса, бүгін сол жылқының тұлпар тұяқты тұқымын мінген жоңғар жауынгерлері шабуылға шықты! Бәрінің де мақсаты біреу-ақ: шаһардың күлін көкке шығарып, халқын қырмақ, ұлын — құл, қызын — күң етпек! Осыншама өшігердей бұларға айдалада, Түркістанның сұрғылт даласында, өзімен-өзі болып, тыныш жатқан осынау еңбекші жұрт не істеді екен? Бар жазығы егінін егіп, бақшасын суарып, өз алдына өмір сүргісі келгені ме? Иә, солай… Бұл күштілер заңы: адамды адам жеу керек. Адамды адам құл етуі керек. Күшті күшсіздің жерін, малын тартып алып, әлсіздің ар-намысын аяғының астына таптауды арман етеді. Сол үшін Сыбан Раптан да жорыққа шықты, сол үшін арлан қасқырдың соңынан ерген аш бөлтіріктері де шамасы жеткенше қазақ елін қойдай қырып, ыстық қанына тойынуға асығады.

Зеңбірек оқтары бекініс үстіне кеп, тынбай жарылып жатыр. Сыртқа шы- ғарар емес.

Елшібек қамал саңылауынан қала сыртындағы далаға қарады. Ұран салып, қаптап келе жатқан жау атты әскерін көрді. Кейбір тобы ұзын-ұзын басқыштарды көтеріп, қатарласа шауып келеді. Елшібек жау ойын бірден түсінді. Зеңбірек оқтары бас көтертпей, қала қорғаншылары қуыста тығылып тұрғандарында, жоңғар жауынгерлері басқыштарын қабырғаға сүйей, атыс басылысымен бекініс үстіне шықпақ. Зеңбірек отын қалқан етіп, шабуылға шығу — жоң- ғарларға Ренат үйреткен Европа әдісі еді.

— Сақ болыңдар! — деді Елшібек айқайлап. — Зеңбірек тоқтасымен, жау жоғары өрмелейді! Аямаңдар! Бекініс үстіне бірде-бір жоңғар шықпасын!

Зеңбіректер кенет тына қалды. Қабырғаға басқыштарын сүйеп үлгірген жоң- ғарлар, енді құмырсқадай қаптап, жоғары қарай тырмысып, көтеріле берді.

Тарих жамандығын ғана емес, жақсылығын да қайталауға тиіс.

Шыңғыс хан, Мұхамед-Шайбани, Абдолла кезіндегідей Сауран қорғаншылары тағы ғажайып ерлік көрсетті. Жауға қарсы білтелі мылтық, шоқпар, сойыл, алдаспан, алмас қылыштарымен қатар, қара тас, қазан-ошақ, қолға түскен қатты заттың бәрі жұмсалды. Бірде-бірін қамал үстіне шығармады. Қорғаншылар ерлігіне шыдай алмаған жоңғарлар қамал түбіне көптеген өліктерін қалдырып, кейін қашты. Сонда ғана барып Бұқар жырау, өзіне таяу қамал шетінде, кіндік тұсына жау найзасы қадалған Науан ұстаны көрді. Жүгіріп қасына барды. Найзасын суырып алайын деп еді, сұп-сұр боп кеткен ұста оның қолын кейін итерді.

— Тимей-ақ қой, — деді даусы әзер шығып, — бәрібір өлемін. Өкінбеймін… жоңғардың құрығанда жиырмасын жайраттым білем. Әттең дүние, әңгімеңізді тегіс ести алмай кеттім… — Елшібекке қарады. — Ана артымда қалған жал- ғызыма айт: Әкең бабаларының жолынан тайған жоқ де… — Соны айтты да, Науан ұста сылқ етіп құлап түсті.

Жоңғарлар сол күні де, келесі күні де осы тәсілмен сан рет шабуылға шықты. Бірақ бекіністі ала алмады. Ақыры күздің қара суығы басталған кезде, Сау- ранды тастап, Яссыға қайтуға мәжбүр болды. Бұқар жырау да осы оқиғаға арналған «Тас қамал» атты дастанын шығарып еліне қайтты. Әттең не керек, асыл мұрасын сақтап әдеттенбеген көшпелі ел бұл асылын да бізге жеткізе алмады.