Осыдан кейін екеуі аттарына мініп, бірі күншығысқа, екіншісі солтүстікке қарай желе жортып кете барған.

Бұл екеуінің арасындағы өшпенділік, жас Шұно-Дабоның қазақ жеріне ең алғашқы шабуылға шыққан кезінен басталған. Содан бері бұлар сан айқаста бетпе-бет кездесті. Бірақ бірін-бірі жеңе алмай-ақ қойды. Бойға біткен алып қуат пен ызалы кек ақыры әкеп жекпе-жекке шығарды. Бірақ бұ да ерегес бәсін шешпеді.

әйткенмен қастасқан қос батыр бес жылдан кейін қайта кездесті. Арыс пен Бадам өзенінің арасындағы адырлы, бұйратты ойлы-қырлы кең дала Үш жүздің атты әскеріне лық толған. Бадам өзенінен бес шақырым жердегі «Орда басы» деген биіктің үстінде қазақ жасақтарының қолбасшысы — ақ боз атты Әбілқайыр тұр. Алды да, арты да, көз жеткен жерге дейін, алақандағыдай айқын көрінеді. Күнгей жағында қара бұлттай тұтасқан жоңғар әскері. Бәрінің алдында Шұно-Дабо ноянның өзі. Тау етегінде есік пен төрдей қара көк сәйгүлік мінген Бөгенбай. Екі көзі әскерінің алдында жүрген Шұно-Дабода. Сәске көтеріле дабыл ұрылды. Екі жақ бірдей лап қойды.

Бұ жолы ұрысқа отыз мыңдай жауынгер қатысты. Соғыс бесінге дейін созылды. Адам қаны тағы да судай ақты. Тағы сан ана баласыз, сан бала әкесіз қалды. Бұл Аңырақайдан кейінгі ең үлкен айқас еді. Қазақтар бұ жолы да жоңғар әскерін оңдырмай жеңді. Күн ұясына қона жоңғар әскері Бадам өзенінің арғы бетіне қарай қашты. Міне, осы арада Бөгенбай мен Шұно-Дабо тағы кездесті. Бұлардың бұ жолғы кездесуі ұзаққа созылмады. Әдісін тапқан Бөгенбай, жоңғар ноянының дәл қолтығының астынан көк сүмбілі найзасын мықтап қадады. Қолтық астының сауыты жұқалау еді, ұшы біздей көк құрыш Шұно-Дабоның өңменіне бір-ақ жетті. Ноян ат жалын құшып қалды. Жерге құлап та түсетін еді, иесінің тізгінін босатып жібергенінен бір сұмдықтың болғанын сезген қара айғыр мол сулы, көбік атқан Бадамға күмп берді.

Қолтығынан шапшыған қызыл қаны ат жалын бояған Шұно-Дабо кенет есін жиды. Арғы бетке таяп қалған екен. Бұның келуін күтіп жағада тұрған немере інісі Қалден Церенді көрді. Қолында шойын басты шоқпары. Шұно-Дабо жанталасып атының басын кейін бұрғысы келді. Бірақ сол сәтте есінен қайта танып кетті. Астындағы айғыры қос аяғын жар ернеуіне зорға іліндіріп, арғы бетке шыға берді. Сол сәтте Қалден Церен де шойын шоқпарымен Шұно-Дабоның дәл маңдайынан қос қолдап кеп ұрды. Миы бұрқырап, басы күл-талқан боп ұшып кеткен ноянның денесі ат үстінен сырғып, сұрғылт толқынға күмп етті. Көбік атып бұрқыраған асау ағыс тірісінде қолы жетпеген қазақ жеріне енді оның өлігін алып кетті.

— Бар! Бар! — деді Қалден Церен, сұрғылт суды қызыл қанға бояп ағып бара жатқан өліктің сыртынан шоқпарын білеп, — көр енді алтын тақтан дәметіп!

Сөйтті де күншығысқа қарай шаба жөнелді. Өзен жағасынан ұзай бере, оған басқа бір ноян қарсы кездесті.

— Шұно-Дабо баһадЇрді көрмедіңіз бе? — деді ол. — Аты әскер соңынан шауып барады… Жау қолынан қаза таппаса игі еді.

— Қаза тапса естілер еді ғой, — деді Қалден Церен. — Аты бос кетіп бара жатса, өзі қазақ арасында қалған болар…

Қалден Церен артына бұрылып қарамастан, атын тебініп жүріп кетті.

«Шұно-Дабо қазақ жерінде қалып қойыпты» деген аңыз, міне, осылай туған.

Бөгенбай батыр халқын қан-жоса еткен қасынан, Қалден Церен өзінің Жоңғар тағына бәсекелес туысынан осылай құтылған.

Төбе басында отырған Бөгенбайдың есіне енді Бұқар жырау айтқан бір әңгіме оралды. «Осы біздің Бұқар шынында әулие ғой!» деп ойлады ішінен. Ол сонау «Ақтабан шұбырынды» кезінің өзінде-ақ: «Біз жоңғарларды түбінде жеңеміз» деп еді. Сол айтқаны дәл келді.

Шұно-Дабо өлген ұрыс шынында да, Жоңғар басқыншыларының қазақ қолдарынан мықтап тойтарыс алуының басы еді.

Тәуке ханды өз көзімен көрген Бұқар жырау бірде жорықтан келе жатып, бұған:

— Есіңде болсын, құртамын деп қылышын сүйретіп келген жау, әрқашан да өзіне сол жерден ажал табады. Халқы қоштамаған әділетсіз соғыс, түбі, Жоңғар қонтайшысының күйреуімен бітуге тиіс.

— Сыбан Раптанның бұл шабуылын халқы қолдамай отыр ма?

— Қолдаса, соғыстан олжа табам деп, бала-шағасын шұбыртып, бар жоң- ғар осы маңға көшпес пе еді?.. Қазақ жеріне қонтайшыларының дүмпуімен тек әскері ғана келді… Бірақ басқыншы әскер, қанша айбарлы болғанменен, жат жерде ұзақ орнығып отыра алмайды. Халқы жақтамаған соғыс қашан да шапқыншылардың күйреуімен біткен. Бұл — тарих қағидасы. Әттең не керек, ел басқарушы күштілер сол тарихи сабақты естерінен шығарып алады. Басқаны былай қойып, қазақ хандарының кейбіреуі бөтеннің жерін басып алам деп жүріп, сол жат жерде қаза тапқан.

— Сіз кімді айтып отырсыз? Сонау көне заманда болмаса, өзім ес білгелі қазақ әскері бөтен елді шапты дегенді естігем жоқ.

— Естімесең мен айтайын, тыңда.

Бөгенбай қоржынын шынтағының астына сап, ыңғайланып жатты. Бұл әңгіме Жоңғар қолын аңдыған бір үлкен жорықта болған. Жырау Хақназар хан өлгеннен кейінгі хикаяны бастап та кетті.

— Ер азбай, ел азса — айдын көлдің суалғаны. Ел азбай, ер азса — зор бәйтеректің құлағаны, — деп бастады Бұқар жырау қазақ елінің ұлы шежіресінің бір тармағын. — Бәйтерегің құласа — ағаш орнына ағаш өседі. Айдын көлің суалса немен толар есесі? Ер бұзылса да ел бұзылмасын. Бұзылғанды түзетеді. Түзелмесін жер етеді.

— Тәуекел сұлтан Абдолла ханнан қашқан бетімен, — деді ол сөзін жалғап, — Талас өзенінің бойындағы Дулат еліне келген. Мұнда Есім сұлтанның шешесі, Шағайдың өзіне ермей қалған бәйбішесі Балғайым Бикенің аулы бар еді. Содан кейін Тәуекел қайын жұрты Қараспандағы Қыпшаққа барды. Одан Сарайшыққа сапар шекті. Мұнда әмеңгерлік дәстүрімен, Хақназардан айрылса да, әлі де болса толықсып отырған Ақторғынды тоқалдыққа алды. Ақыры, адуынды Балғайым Бикенің ықпалы жүретін Жетісудың теріскей өңіріндегі Ұлы жүздің рулары мен Ноғайлы, Қыпшақ, Қоңырат билерінің қолдауы арқылы арада үш жыл өткенде Үлкен Орда тағына хан боп көтерілді.

— Қазақ елі Тәуекелдің өткен күнәсін кешіріп, Үлкен Орда төңірегіне шоғырлана бастады, — деді Бұқар жырау. — Өйткені оған басын қосар ер керек еді. Ойпатты тасқын басқанда, не орманды өрт алғанда қасқыр мен қоян, бұғы мен жолбарыс апаттан құтылмақ боп бірге қашады. Қазақ елі ол кезде осындай жағдайда еді. Жан-жағынан қаптаған жаудан құтылудың жолы — тағы да тек бас бірлігі. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір ердің соңынан еру қажет болатын. Ондай адам Абдолла жағындағы әкесі Шағайдан бөлінген бақ-дәулетке қарамаған ер азамат Тәуекел. Осылай деп бекзадалар халықты ұғындырған. Осылай деп бүкіл туған-туысы, аға-інілері де дәріптейді. Жалғыз қауіп Шағай болса, о да жақында дүние салған.

Бұл кезде, әрине, Бұхар ханы Абдолла да текке қарап жатпады.

Бұхарға қарсы көтерілген еңбекші жұртты қанға бояп, басты. Хандығының оңтүстігіндегі Бадахшанды, батысындағы Қорасан, Гилян, Хорезмді өзіне біржолата бағындырып алды. Шығыс Түркістанға аттанып, Қашқар мен Жаркентті аямай шауып, көп мал-мүліктерін олжаланды. Енді алдында Сырдың орта және аяқ шеніндегі қалаларды бағындыру ғана қалды.

Осы екі арада Абдолла хан мен оның баласы әбді-Мумин арасында бір хандықты екіге бөлген араздық қаулап кетті. Абдолла хан болған күннен бастап, әбді-Мумин бүкіл Балхыны меңгеріп келген. Оған енді бұл билік аз көрінді, бүкіл хандықты билегісі келді.

Сөйтіп Бұхара хандығының күші екіге бөлінді.

Осы жағдай енді қазақ хандығының күшеюіне, Түркістан саясатына тікелей қатынасуына көп көмек берді.

Сөйткенмен де қазақ даласының халі қиындай бастады. Қытай боғдыханы айдап салған Жоңғар әскері қазақ ауылдарын шабуды үдетті. Сан түрлі жауыздық әдіс қолданып, Қытай саясаткерлері көшпелі халықтардың арасына от жағып, біріне-бірін айдап салып, олардың шұрайлы жерлерін өзіне ала берді. Өзара айқаспен қалжырауға айналған бұл халықтар Қытайдың тәртіпке қойыл- ған әскерлеріне ұзақ қарсылық білдіре алмады. Қытай айдаһары созыла жылжып, қазақ жеріне түсті.

Ал құбыласы мен теріскей жағынан дәл қазір төніп тұрған қауіпті Тәуекел хан көрмеді. Түбі Қытай боғдыханымен, Жоңғар қонтайшысымен алыса қалар күн туса, бұл жақтағы айбарлы көршісі Россияның керегі болар деп ойлады ол. Тіпті Абдолламен соғысқан кезде де орыс патшасының тыныш жатқаны қажет-ақ. Осы жағдайларды есепке ап, ол Түменге өзінің немере ағасы Оразмұхаммед батырды елшілікке жіберді. Бірақ Оразмұхаммед Түмен қаласына барған соң, осы қаладағы Мәскеуге қарсы әрекет жасап жүрген Ноғайлы билерінің тобына қосылып кетіп, қолға түскен. Орыс патшасы тұтқындарды айдап Мәскеуге алып келіп, Ноғайлы елінің билерін өлім жазасына бұйырып, «Джамши әл-тарихиды» жазған Жалайыр Қадір әлби мен Оразмұхаммедті тірі қалдырады. Оразмұхаммедтің әкесі Борис Годуновтың қарамағында біраз жыл қызмет істеп, патшаға еңбегі сіңген адам еді. Сол себептен оның баласына тимеген. Ал Тәуекел хан немере ағасы Оразмұхаммедті босатып аламын деп көп әрекеттенді. Мәскеу патшалығымен келісім сөз де жүргізді. Елшілік те жіберді. Бірақ патша Оразмұхаммедті босатпады да және өлтірмеді де. Ақырында орыс жеріне қуылып барып, қызметімен ұнаған Тоқтамыс ханның немересі Қасым сұлтанның аты берілген Касимовка (Кармек-Шахар) қаласына Оразмұхаммедті әмірші етті. Енді Тәуекел хан тыныш жатқан жолбарыстың құйрығын басқысы келмей, Мәскеу патшасы Борис Годуновпен тіл табуға тырысты. Бұған Оразмұхаммед те аз жәрдем берген жоқ. Құбыласы тынышталған Тәуекел, әкесі мен баласының арасындағы өшпендікті пайдаланып, Абдоллаға қарсы соғыс ашпақ болды. Әрине, соғыс ашуға хандарға қашан да болса себеп табылады, түбі Сыр бойындағы қазақ шаһарларына туатын қауіп осы хан жағынан туады деп сенген Тәуекел. Содан кейін барып, қазақ жеріне көзін тіккен Қытай, Ойрат хандықтарымен алыспақ болды.