— Яссы шаһары бұл кезде Түркістан шаһары деп аталған. Тәуекел ханның астанасы да осы Түркістан. Хан сарайы Қожа Ахмет Яссауи мешітінің күншығыс жағында, қалың бау-бақшаның арасына салынған. Күйген кірпішке сан түрлі бояумен әшекейлеп жазылған құран сүрелері, сырлы әдемі өрнектер. Оңтүстіктің аңызақ ыстық желі еш әсер ете алмас, қалың қабырғалы кең бөлмелер. Түркістан хан сарайы Самарқант пен Бұхар патша сарайларындай алтын күмбезді, айбарлы болмағанмен, біркелкі сыпайы, салтанатты.

Ал қазір, жасыл төккен майдың сәулетіне қарамай, соғысқа дайындалған қала әдеттегісінен бір түрлі суық, ызғарлы. Жасақ жалғыз Түркістан ішінде ғана емес, сонау Қарнақ пен Сукенттен бастап, Түркістан маңындағы дих, қышлақтардың бәріне де лықылдап толған. Ақ Жайық, Есіл, Нұрадан келген жуан қоныш батырлар, Жаркент, Ақсудан да келген Қытайы қылыш безенген жауынгерлер.

Кеше хан кеңесі болған. Бұл кеңесте Тәуекелдің қарамағындағы қалың әскер үш сапқа бөлініп, Абдоллаға күш жинауға мүмкіндік бере алдымен Ташкентке, онан кейін Самарқантқа аттанылсын деп шешілген. Бұл қалаларды алғаннан кейін барып Бұхар ханымен келісім сөз жүргізілсін делінген.

Түркістаннан шығатын әскердің басшылары әрине хан тұқымынан болмақ: оң қолын Тәуекелдің інісі батыр Құджек, сол қолын қазір жиырмаға жеткен, жұрт: «Еңселі бойлы ер Есім» деп атай бастаған Есім сұлтан басқармақ. Әскердің ортадағы кіндік қолының туын Тәуекел хан өз шатырына тікпек. Осылай үш тісті өткір айырдай қалың қол Ташкентті қоршамақ. Бұндай жағдайда қандай үлкен шаһар болмасын, тек өз күшімен ғана қарсыласа алады. Оларға сырттан жәрдем келмейді. Ал Абдолла әскерінің дені жалдама әскер. Сан түрлі ұлттың қанқұмар, бұзық, тентектерінен құрылған. Бұндай жалдама әскердің өзінен күшті қолға қарсы жанқиярлық көрсете қоюы екіталай. Оның үстіне қала тұрғындары Бұхар хандығының ауыр алым-салығынан әбден жадап-жүдеген. Бұған шыдай алмаған шаруалар қатын, баласын шұбыртып қазақ даласына қарай қашатын. Абдоллаға бір кезде қызмет істеп, Бұхар жұртшылығының қандай ауыр күйде екенімен жақсы таныс Тәуекел, Ташкент, Самарқант жатақтарына: егер шаһарлары бұған көшетіндей күн туса, алым-салықтан мүлдем босатамын деп уәде берді. Бұ да қала тұрғындарының бірігуіне ірткі салды.

Жеңіс өз жағында болатынына көзі жеткен Тәуекел ғибадат бөлмесіне кіріп, Ақторғынның төсегінде ұйқысы қанып шыққан.

Бірақ таңертеңгі асқа отырар алдында оған тағы бір жаман хабар жетті. Ол өзіне серік адамдардың бірде-бірін шақыртпай, хан сарайына Жиембет жырауды алғызды.

Таңертеңгі намазын оқып, шайын ішіп хан сарайына келсе, Жиембет жырау есік алдындағы бауда күтіп отыр екен.

Тәуекел уәзіріне:

— Жырау кірсін, — деді.

Бұл баяғы ұстай қалсаң шоқтай күйіп тұрған Жиембет емес. Түрі солғын, отыздан жаңа асып бара жатса да қою қара сақалына ақ түсе бастаған. Басындағы бөркі де жас кезіндегідей қып-қызыл қыр түлкісінің терісінен көмкерілмеген, сұрғылт жүнді Қаратау қарсағының пұшпағынан жасалған. Үстіндегі шекпенінің де жағасы мен жеңдері қырқылған. Тек үкілі домбырасы ғана жап-жаңа. Сірә, хан ордасына Қазықұрттан жол шегерінде домбырасын әдейі жаңартқандай…

Жиембет сарай жырауы болғысы келмеген. Ол Індір маңынан Қаратау тұсына көшіп келгенмен, хан ордасына анда-санда ғана қатынап тұратын. Келген сайын Тәуекел оған ат мінгізіп, шапан жаптыратын. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, Тәуекелдің өзі қашқын болып жүрген кезінде жас Жиембет оның соңына ерді. Ноғайлы жерінде Тәуекелді алғашқы мадақтаған да осы Жиембет. Жыраудың одан басқа да Тәуекелге керек жері бар.

Жиембет жырау қызық адам. Ол Тәуекел хан болған күннің ертеңіне жоқ болып кетті. Соңынан хан жіберген қуғыншылар, жырауды әрі-бері іздеп таба алмай қайтқан. Сол Жиембетті екі жыл өткеннен кейін әлдекімдер қол-аяғын қыл шылбырмен матап, Тәуекелдің алдына алып келді. Тексерген уақытта оқиға былай болып шықты. Еліне қайтқан Жиембет Байұлы руының атақты бір шонжарының он жеті жасар Есенбике атты қызымен көңіл қосады. Астындағы жал- ғыз аты, қолындағы екі шекті домбырасынан бөтен қалың мал төлер қайраты жоқ Жиембет Індір тауына қызды алып қашады.

Қанша от ауызды, орақ тісті болғанменен, жырауды өзіне тең көрмей бай жігіттерін жіберіп, қызы мен Жиембетті ұстап әкелдіреді. Бірақ жыраудың Тәуекел ханға жақындығы барын естіген қыз әкесі ата ғұрпын бұзған ақынын өзі жазаласын деп, қол-аяғын байлап хан алдына алып келген.

— Иә, сөйле жырау! — деген, Тәуекел күрсініп Жиембетті көрісімен.

— Қол-аяғы байлаулы жырау қалай сөйлейді? — деді Жиембет ханға тесіле қарап.

Тәуекел жігіттеріне «босат» деген ишарат білдірді.

Босанған Жиембет керегеге сүйеулі тұрған хан домбырасын алып, шырқай жөнелген:

«Үш ай тоқсан кезінде.

Қақ көктемнің кезінде

Қошқар менен бура мас,

Айғыр менен бұқа мас.

Жас болжамы жеткенде

Қыздар менен жігіт мас —

Сол мастықтың жөнімен

Алдыңа келген мен бір жас, —

Кессеңіз, ханым, міне бас!»

Сонда Тәуекел езу тартып:

— Қыз бен жігіт екеуі де айыпты екен, екеуі де жастыққа мас болған екен, — деген қыз әкесіне қарап, — екі балаңды бірдей дүрелеп, байеке, елге жақсы ат ала алмассыз, болған іс болып қалған екен, бұларды айырғанмен, сынған тобатай қайта бүтінделмес. Бір жолға күнәсін кешіріңіз.

Жазадан құтылғанмен байдың ашуынан сескенген Жиембет сүйген жары Есенбикемен Індір жағына бармай, Қазықұрт маңындағы ел арасында қалып қойған. Ол той-думанда тек жарлының жоғын жоқтап, халықтың сүйікті жырауына айналған. Кеше хан кеңесі кезінде Үстірт жағынан Тәуекелге көмекке келген Кіші жүздің шағын қолының ішінде Жиембет жырау да бар дегенді Тәуекел естіп қалған. Ел аралаған ақын, жыраудан қарамағындағы жұрттың өзіне деген ойын, алғысын, қарғысын біліп тұру хандардың қашаннан бергі әдеті. Осы дәстүр бойынша «халық құлағы, көзі» деп саналатын жырауды өзіне шақырып, жорық алдында жұрт аңысын білгісі келді.

Амандасып болғаннан кейін Тәуекел:

— Сөйле, жырау! Біздің жорығымыз жайында ел-жұртың не деп жатыр? — деді.

— Қуанышты ел-жұртты көрмедім…

— Айта бер, жырау.

— Бізге бөтен елдің жері керек емес деп жатыр жұртың. Бұхар, Самар- қантты аламыз деп — халықтың қанын төгу қиянат, хан мен сұлтандардың бұл әділетсіз жорығын қостамауымыз керек. Алда-жалда Ташкент, Самарқанттағы хан сарайлары керек болса, сұлтандардың өзі барып соғыссын дейді хал- қың. Расында да, Тәуекел хан, сен жақсылыққа бастап отырған жоқсың. Соңыңнан жұрт ерсе, өз елін, өз жерін қорғаймын деп ерді. Ал сен… Бұл бүліншіліктің аяғы неге барып соғатынын білесің бе? Енді өзбек қалалары ғана өртеніп қоймайды, қазақ даласын да өрт алады!

Хан сұп-сұр боп кетті, бірақ сыр берген жоқ.

— Айтарың болса тағы айт!

— Қыс ұзаққа созылса мал қырылады, хан ием. Далада иін-тірескен шөпті шабудың орнына, ер азаматтарың соғысқа аттанғалы жатыр. Бұдан жұртыңа қандай пайда бар?

— Айт, айта түс, жырау!

Жиембет кілт тоқтады.

— Жоқ, мен болдым, — деді. — Сен бұйырсаң да хан ием, бұл сөзді айтып жүрген адамдардың атын мен саған естіртпеймін.

— Естіртіп қажеті жоқ, — деді Тәуекел езу тартып, қазір оларды өз көзіңмен көресің… Сөздерін өз құлағыңмен естисің…

— Сосын!?

— Олардың күмәндануы дұрыс па, төрелігін өзің айтасың…

Тәуекел есік алдындағы күзетшілерге ишарат етті. Сол сәтте есіктің ар жағынан шынжырдың шылдырлаған үні естілді.

Аздан кейін он шақты күзетші қоршаған екі батыр үйге кірді. Аяқ, қолдары кісендеулі. Жиембет жыраудың жүрегі ойнай жөнелді. Бұл атақты егіз жігіт Қияқ пен Тұяқ еді. Жақында ғана хан екеуін мың басы еткен. Тәуекел Ақ Орданың қалдығын жинап, қазақ хандығын қайта құрғанға дейін, екеуі де оған аянбай қызмет етіп келген. Тәуекел Қияқ батырға өмір бойы борышты да еді. Сөйткен қос батыр, міне, енді хан алдында айыпты боп, кісендеулі тұр.

— Жорық алдында халық арасында сенімсіздік туғызып, әлгі сөзді айтып жүрген ерлерің, міне, мыналар, — деді Тәуекел, — «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас» деген де, міне осы! Қан майданда қан төгілсе тек құлдардың ғана қаны төгіле ме? Айқаста ажал қарасың ба, төресің бе, таңдап жатпайды. Қан төгілмей хандық құруға болады дегенді кім айтқан?!