Жиембет бар сырды бірден ұқты. Еңгезердей күзетшілердің ортасында шоқтығы анағұрлым биік қос батыр тапжылмай тұр. Қол-аяқтары кісендеулі. Сонда да тәкаппар бастарын төмен иер емес. Осындай ұлы жорықтың алдында Қияқ пен Тұяқ секілді халықтың сүйікті батырларын біржолата құртып жіберуге Тәуекелдің де көңілі дауаламаған.

Хан ишарат етті. Күзетшілер үйден шығып кетті. Сонда ғана Тәуекел:

— Егер сендерді бұрыннан білмесем, сөздеріңнен Абдолланың алтын ақшасының сылдыры естіледі дер едім… — деді қос батырға ренжи қарап.

— Біздің мына ақылсыз бастарымызды бірден алдырып тастамағаныңызға рақмет, тақсыр хан, — деді Қияқ батыр. Оның даусынан мысқыл білінді.

— Басымыз алынбай қалады деп қорықпаңдар! — деді Тәуекел кекесін сөзге кекесін жауап қайтарып. — әйтсе де, Абдоллаға неге сонша жандарың аши қалды. Қияқ? Соны айтшы?

— Біз қазақпыз, хан ием.

— Иә?

— Қазақ болғанда жай қазақпыз. Бізге басқаның жерінің мүлде керегі жоқ.

— Ал Абдоллаға ше?

— Келіп көрсін. Біздің шаһарларымызды аламын деп екі рет келді емес пе, одан не шықты? Оны өзің де білесің. Ал бізге басқа елдің қаласының керегі жоқ. Мұны жалғыз біз емес, қарамағыңдағы барлық жұрт айтады.

— Дәшті Қыпшақ елінің жорықтарын ұмыттың ба, Қияқ батыр? Еліміздің ерлігі көне жырлардың бәрінде де айтылған. Ата-бабамыздың атын естігенде, сонау Стамбул, Рум дірілдеген!

— Ол хандардың жыры, хан ием.

— Ал атағы ше?

— Ол хандардың атағы, хан ием!

— Бәрін бізге бергенде, өзіңе не қалды?

— Ата мекен жерім қалады! Оған қоса сонау менің қараша үйімнің жанында жайылып жүрген елу қой, төрт түйе, жауға шабар бір жүйрігім қалады! Со да жетеді маған. Ал егер жұт келіп, сол күн көрісімнен айрылсам, менің үй ішімді еш ханның атағы аштықтан алып қала алмайды. Тіпті қос мүйізді Ескендір Зұлхарнайынның атағы да!

— Ал Тұяқ батыр, сен не дейсің?

— Біздің бәріміздің тілегіміз бір. Өзбектің де, қазақтың да, қырғыздың да. Ташкентте жақыны жоқ Түркістан тұрғындарын кездестіре алмайсың. Өз күнін өзі әзер көріп жүрген Бұхар ұстасын жалғыз атты Тұяқ барып шапқанда не табады?

— Тек Бұхар ұстасын ғана шабамысың? Қолыңды қышытып жүрген хан сарайын да тонайсың ғой.

— Одан маған не тиеді? Хан сарайының мүлкі — хандардың үлесі…

Ханның жарылып кете жаздап ашуланғанын Жиембет жырау көріп тұр. Тәуекелдің бетінен қаны қашып, отты көзі ұшқын атады.

— Соғыс бола ма, болмай ма, оны сендер емес, хан шешеді, — деді. — Тек мынаған ғана жауап беріңдерші. Ташкентте де туысымыз бар дедіңдер ғой жаңа. Ал сол Ташкенттен қазақ жеріне жүздеген адам неге қашады?

— Ол жақта бір кедейдің терісін екі рет сыпырады, ал мұнда…

— Тоқтама, аяғына дейін айт!

— Ал мұнда бір жарым рет қана! — деді Қияқ батыр, ханның бетіне тіке қарап.

— Ұмытпаспын бұл сөзіңді, батыр, — деді Тәуекел ызадан тұншыға, — жарайды, бұл жайында тағы да сөйлесерміз. Тек сендер маған мынаны айтыңдаршы… Ташкент жорығына бармай-ақ қойыңдар. Сонда Бұхар әміршісінің құлдығынан құтыламыз деп бізді күтіп отырған ағайын-туыстарыңның үмітін сатқандарың ба, қалай болғаны?..

Мұндай сұрақты күтпеген қос батыр бірден жауап таба алмай қысылып қалды.

— әрине, біз оларға жәрдем беруге тиістіміз… — деді Қияқ күмілжи.

— Бәсе, солай шығар! Ташкентті алсақ, Абдолла ханның шаһарларымызға шабуыл салатын қаласы қалмайды. Көрдіңдер ме, бұл жорықтың не үшін керек екенін? Жә, болды енді, батырлар… Барыңдар… Тезірек Ташкент жорығына дайындалыңдар.

Тәуекел күзетшілерді шақырып алып, екі батырдың аяқ-қолдарындағы кісендерді алуды бұйырды. Қияқ пен Тұяқ ханға ләм-мим деп тіл қатпай, құр бастарын иіп тәжім етті де, үйден шығып кетті.

— «Қилы-қилы заман болар» деген міне, осы — деді Тәуекел Жиембет жырауға бұрылып. — Бұрынғыдай емес, хан қарамағындағы адамдарына: «Жорыққа бірге жүріңдер» деп өтінетін күйге жетті…

— әйтсе де, әлгі екеуін дұрыс босаттың, хан ием.

— Ташкент жорығына олар аттанады, — кенет, оның жүзі тағы сұрланып кетті, — содан кейін жолыма бөгет болып көрсін! Абдолланың маған ойлаған қастығын өмір-бақи ұмытпаспын. Самарқантын да, Бұхарын да аламын! Балқы мен Хиуаға да барамын! Абдолланы үрім-бұтағымен бірге, табанымның астына саламын. Мойнына арқан байлап Бұхардың о шеті мен бұ шетіне сүйретіп өтем. Ақсақ Темірдің туы желбіреген Самарқант пен Бұхарда Ақ Орданың ақ туын желбіретем! Бар әлемге атағымды шығарам!

Екі иығын кере, орнынан қалай тұрып кеткенін Тәуекел өзі де сезбей қалды. Көзі сәл жұмылып кеткен. Не айтып, не қойғанын білер емес. Аузы ақ көбіктеніп, бір қолын жоғары көтеріп, тұншыға сөйлеп тұр! әлден уақытта өзіне тіксіне қараған жыраудың көзіне көзі түсіп кетіп кілт тоқтады.

Ақ Орда ханы созыла барып орнына отырды.

— Көкейкесті армандарымның аузымнан шыққаны шошытқан жоқ па сені, жырау?

Жиембет басын шайқады.

— Жоқ. Тек бұл кеселді саған дәл осылай тым ерте келеді деп ойлаған жоқ едім.

— Қандай кесел?

— Хан кеселі… Тым ерте келді. Соңыра-ақ келсе төгілетін қан да аз болар еді, хан ием…

Екі жақ Ташкент шаһарының күнбатыс тұсында кездесті. Абдолла хан алпыстан асқанына қарамай ақ боз атын ойнақтатып, қан майданға өзі шықты. Бұл айқаста әбді-Мумин қатысқан жоқ. Ол өзінің әскерін Балқы шетінде ұстап қалды. Қазақ қолынан екі есе кем Абдолла лашкарлары барынша ерлік көрсетті. Бұл кездегі олардың ең сенімді қарулары Ташкент шаһарларының ең биік қамалының үстіне орнатқан «Қара бура» зеңбірегі, бықыған қазақ қолына ажал тасын жаудыра бастады. Қазақ әскері шыдай алмай кейін шегінді. Дәл осы мезгілде Ташкент шаһарындағы бұрынғы Бабасұлтан жағындағы көп тұрғындар қаланың түкпіріндегі темір қақпаны ашты. Осы қақпадан кірген Қияқ пен Тұяқтың екі мың әскері шаһар ішіндегі Абдолла қолын күл-талқан етіп, ескі қамал үстіндегі қатар тұрған төрт «Қара бура» зеңбірегін қиратты. Кейін шегінуге айналған Тәуекел хан әскері қайтадан шабуылға шықты. Есім мен Құджек сұлтанның екі бүйірін ала, қиялап шапқан жауынгерлерінен қоршауға түсіп қалады екенбіз деп сескенген Абдолла әскеріне кейін шегінуге бұйырды. Сол-ақ екен, «жау қашты» деп сойыл, шоқпар ұстаған қалың қазақ лап қойды. Бұдан бұрын бетіне жан қаратпаған, қорасан құрышына бөленген Бұхардың атақты лашкарлары, бүкіл Орта Азияға әйгілі Ұбайдолла, Асфандияр, әбді-Латиф, Ходжа-Кули-құшбегі, Құдайберді жасауыл, Құлбаба-кЇкілташ секілді әскер қолбасшыларынан айрылып, тым-тырақай шегіне бастады.

әлі де болса лашкарларын тоқтатам деп әуре болып, жасақтарының орта шенінде жүрген Абдолла ханға кенет әлдекім сауыт бұзар жебесін жіберді, Аралары садақ оғы жетердей жерде емес, алыс еді. Сөйтсе де ысқыра ұшқан жебе «жеттім бе саған да» дегендей, екі қабат тор сауыттан өтіп Абдолла ханның қақ бүйірінен кеп қадалды. Ат үстінен құлап бара жатқан ханды күзетші жігіттері қағып алып, жау қолына түсірмей әкетті. Енді Абдолла әскерінің әлі де болса жауына төтеп беріп жүрген топтары қарсыласуын қойып, аттарының басын Бұхарға қарай бұрды.

— Маған оқ атқан сол жігіт. Тек соның ғана оғы менің сауытымды бұзып өте алады, — деді қансырап жатқан Абдолла.

Иә, дәл Абдоллаға арнап көк құрыш сауыт бұзар оғын Сайрам айқасынан бері сақтап келген Қияқ батыр еді. Бұ да ұзақ күткен арманына жетті.

Қазақ әскерлері осы қарқынымен, тасыған өзендей, жолдарында кездескен бөгеттердің быт-шытын шығарып, Ақсақ Темірдің ордасы Самарқантты алды. Бұдан екі жүз жыл бұрын бүкіл әлемді тітіреткен Ақсақ Темір көреген Алтын Орда астанасы Сарайға қандай айбармен кірген болса, енді сол Алтын Орда хандарының ұрпағы Тәуекел хан, сары алтынмен қақтаған ер-тұрманды сүліктей қара арғымағын ойнатып, сондай айбармен Самарқантқа кірді. Қожа Ахмет Яссауи, Қожа Нахшбанди мешіттерін салдырған әлем әміршісі Ақсақ Темір гүлдей жайнаған Сарай шаһарын, бір кезде Батый мен Берке тұрған Гүлстан сарайларын жермен-жексен етіп қиратса, көшпелі елдердің әскерін басқарған Тәуекел хан Самарқант шаһарының бірде-бір кірпіші бүлінбесін деп жарлық берді. Бұнысы Тәуекелдің болашақ ұрпақтың қарғысынан қорыққаны емес-ті. Бұхар хандығына қарсы шықса да, қазақ елі Самарқант, Бұхара, Хиуа, Хорезм шаһарларын пір тұтатын. Оның салтанатты сарайларын көргенде, көріктеріне таң қалып, жас баладай қуанатын. Тәуекел хан соңынан ерген осы халықтың рухани сезіміне қарсы шығып, оны өзіне өшіктіргісі келмеді. Сол себептен Самарқанттың алтын күмбезді сарайлары аман қалды.