Он бес кез анаконда деген әпжылан өзінен бес есе жуан бұқаны жұтады екен. Осыншама жерді басып алған қазақ елінен халқы үш есе аз Сыбан Раптан, өзінен жүз есе халқы көп Қытаймен соғысамын деп жүрген Сыбан Раптан, расында да осы анаконда әпжыланы тәрізді еді. Қазақ елін дәл осы быт-шыт болып жүрген кезінде жұтып жіберуі де ғажап емес-ті. Бірақ бұл «өгізді» қай жағынан жұту керек? Анаконданы ұстауға шыққан адамдар өгізді қарсы жібермейді, жанынан қашырады. Қашып бара жатқан бұқаны анаконда арт жағынан жұтады, бұқаның алпамсадай бүкіл денесін қылғытып жібергенмен тамағынан шаңырақтай қос мүйізі өтпейді. Бұқаның денесін не құсып тастай алмай, не жұтып жібере алмай, қақалып жатқан қомағай анаконданы айдаһар ұстаушылар, аузынан шығып тұрған қос мүйізден сүйреп әкеп, темір торға бір-ақ кіргізеді. Сыбан Раптан да осынау қазақ жері деген алып «өгізді» қай жағынан жұтқанын аңғармай қалды. Алып даланың қос мүйізі тәріздес сонау Россиямен шектес Еділ мен Жайыққа жеткенінде, оны әрі қарай жұта алмай қалатынын еске алған жоқ. Өйткені, осы қос мүйізге жетуін әдейі күтіп отырған Россия атты алып күш жатқан-ды. Егер Сыбан Раптан осынау қалың қосынын Жайыққа қарай емес, Үргенішке бұрғанында, кім біледі оның қанды семсер — көшпелі хандығы өз ашқарақтығына өзі тұншықпас па еді, қайтер еді…

Бірақ адамды құдай адастырар алдында ең алдымен ақылынан айырады. Күзтоқсанның ең ақырғы айында Сыбан Раптанның баласы Қалден Цереннің қолы Түркістаннан шығып, Жаңақорғанға беттеді. Бұ жолы оның қарамағында қырық мың атты әскер бар-ды. Өзге әскерін жаулаған жерін иемденуге қал- дырған. Бірақ, Жаңақорғанға таяған кезде, бүкіл әскеріне кілт тоқтауға тура келді. Бір күн бұрын алға жіберген қызы Хоча басқарған барлаушы топтан: «Алдымызда қаптаған қазақ әскері келе жатыр» деген хабар жеткен. Сыбан Раптан таң қалды. Қайдағы әскер? Кім басқарып келеді? Сонау Құлжадан аттанғалы алты айдан бері қарсы келер жөнді күшті көрмей әбден асқынып алған Сыбан Раптан қызына кісі шаптырды… «Қайдағы әскер? Ондай қалың әскер шығаратын қазақтың көбі қырылған. Сенің көргенің сірә көп малы болар. Абайлап қара, егер көргенің шынында мал болса, онда айдап алуға қанша адам жіберейін, тез хабарын бер», — деді. Өзі енді әскеріне тағы алға қарай жүруге бұйрық берді. Бірақ Хочадан тағы хабар келді. «Алдымыздағы бізге қарсы келе жатқан қазақтың Кіші жүзінің әскері екен. Басында Әбілқайыр хан… Аз дегенде отыз мыңдай… Осындай қалың қол оң жағымыздан, Орта жүзден де бүгін-ертең келмек көрінеді. Оны Болат ханның інісі Сәмеке басқарады дейді қолға түскен жігіт… Екі жақтың әскері Шиелі тұсында түйіспек. Әбілқайыр әскері қазір осы Шиелі жағасына қостарын тікті. Шамасы, Сәмекенің қолын күтпек… Жау қарасы әбден шоғырланғанша, сол жерде аялдау керек. Келе жатқан жауды күтпеген жерден шабуылдасақ, жеңіс біздікі болатынына дау жоқ» депті қызы.

Сыбан Раптан алдында жау бар екенін енді ұқты. Бірақ қызының берген ақылына қарқ-қарқ күлді. «Отыз мың әскерге келетін тағы отыз мың әскерді күт дейді. Сосын барып оларға ойламаған жерден қарсы шыға кел дейді. Ақылыңа болайын! әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа деген, міне осы! Егер Әбілқайырдың отыз мың әскері болса, менің қырық мың жауынгерім бар. Және қандай көкжалдар! Кілең сен тұр — мен атайын! Мұндай қырық мың қолмен қашан да болса отыз мыңды жеңуге болады. Әбілқайырдың отыз мыңына Сәмекенің отыз мыңы қосылуын мен неге күтемін? Одан да олар қосылмай тұрып, Әбілқайырдың әскерін неге қырып тастамаймын? Мейлі, келе берсін, содан кейін Сәмекенің отыз мыңы. Онымен де айқасуға күшім жетеді». Ол осыны баласы Қалден Церен мен Ренатқа айтты.

Ренат:

— Егер біз барғанша, ар жағынан Сәмекенің әскері жетіп қалса қайтесіз? — деді.

— Қайткен күнде де Әбілқайыр әскеріне Сәмекеден бұрын жетуіміз керек! Бар айла осында.

— Біз соғысып жатқанда Сәмеке әскері жетсе қайтесіз?

— Сәмеке әскері жетпей тұрып Әбілқайырды жеңуіміз керек.

— Бұл біздің ойымыз ғой. Ал Сәмеке әскері бізден бұрын жетіп, не болмаса біз алысып жатқанда жетті делік?

— Онда біз жеңілдік.

Сөзге Қалден Церен енді ғана кірісті.

— Ондай қауіп туатын болса, осы арада кідіре тұрып, арт жағымыздан тағы жиырма мың әскер алдырғанымыз ақыл емес пе? Алпыс мыңға алпыс мың, жеңіс әрқашан да біздің жақта болады.

— Онсыз да біз жеңілеміз.

— Қалайша?

Сыбан Раптан қарқылдап күлді.

— Қанша жер, қанша қала алғанымызды білесің бе? Сонда алған жеріңді алақаныңмен басып отырасың ба? Бар әскерді мұнда алдырсақ, қорыққанынан бағынып отырған ел үндемей отыра ма? Жоқ, Қалден ноян, қарсы келген он бес жауынгерден артыңнан аңдып мылтық атқан бір адам қауіпті! Жиырма мың — алған жерімізді басып қалуға керек. Ал ондағы әскеріміз қазір жиырма мыңнан сәл ғана асады… Алты айдың ішінде он мың қалмақ оққа ұшты. Бес мыңдайы дала қазағы, тау қырғызымен айқаста қаза тапты. Олардың орнын осы жорықтан қайтқан соң, қысты күні ғана толтырамыз. Ал қазір нартәуекел. Отызға — қырық! Біз жеңуіміз керек!

Ренат ақырын жымиды.

— Оныңыз рас. Сәмекеден бұрын жетіп, жауды жеңу — бізге қалған жалғыз жол.

Ол іштей Сыбан Раптанның қолбасшылық дарынына таң қалды. Шығыстан шыққан ұлы әскери қолбасшылар — Әтилла, Шыңғысхан, Бату, Ақсақ Темір — бәрі де хат танымаған, өзінен бұрын өткен елдердің әскер құру, соғысу тәсілдерін де білмеген адамдар. Бәрі де өз жолдарын өздері салған. Олар қашанда болса, жауын жеңуді білген. Бүкіл әлемге әйгілі Шыңғыс ханның дүние жүзін билеймін деп талпынғанда небары екі жүз мың әскері болған. Сонымен қанша елді, қанша жерді басып алды! Оған қарағанда, Сыбан Раптанның ісі баланың ойыншығы тәрізді. Жоңғар хандығы әрі кетсе жүз мың әскер шығара білер. Сондай әскермен, әрине, бір қазақ жерін өзіне қарату — Сыбан Раптанның қолынан келеді. Қазіргі ойлап тұрғаны да сол ұлы сенімнің қамы. Тек бұны қолдай білу керек.

— Ал, бастық атқа қамшыны, — деді Сыбан Раптан енді бөтен сөзге келмей, — қараңғы түсе біз де жау шебіне жетуіміз керек!

Қатты желіске салып, қырық мың қол шаңқай түстен бесінге дейін жүрді. Күн еңкейе Сыбан Раптанның алдыңғы шебі Шиелі өзеніне жиырма шақырымдай жердегі бір қоғалы көлге келіп жетті.

Осы арада қызы Хоча басқарып кеткен барлау тобына кездесті. Жоңғар барлаушылары қалың қамыс арасындағы қостарынан шығып, ат үстіндегі қонтайшыға иіліп тәжім етті. Хоча әкесін атынан түсіріп, өз шатырына қолтықтап алып кірді. Аздан кейін Қалден Церен мен Ренат та келіп, есік жақтан бір тізерлеп орын алды. Қыз үн-түнсіз, босағада тұрған торсықты пісіп-пісіп жіберіп, шара аяқпен алдыменен әкесіне, содан кейін ағасы Қалден Церен мен Ренатқа қымыз құйып берді. Сыбан Раптан қымызды сусынын қандыра ұзақ жұтты да, есік алдында үймелеп тұрған барлаушыларға көз жіберіп:

— Шәңгерек ноян қайда? — деді.

Хоча әкесінің босаған шара аяғына толтыра қайтадан қымыз құйып, қолына ұстатты да:

— Шәңгерек ноян қос сыртында өліп жатыр, — деді.

Сыбан Раптан қымыздан тағы бір жұтты.

— Кім өлтірді?

— Мен өлтірдім…

Сыбан Раптан қызынан «неге өлтірдің!» деп сұраған жоқ. Қымызын ішіп болды да, сыртқа шықты.

— Қайда? — деді ол қызына.

Хоча үн-түнсіз әкесінің алдына түсіп, елу қадамдай жер жүрді де, қамыс қоршаған алаңда шалқасынан сұлап жатқан жігітті көрсетті.

— Міне.

Жігіт сом денелі, жиырма бестер шамасында екен. Үстіндегі киімі де, қару-жарағы да бұл жігіттің Жоңғардың белді руынан шыққанын көрсетеді. Оның дәл жүрек тұсынан қадалған садақ оғы сол қадалған қалпында тұр. Суырып алмапты.

— Иә? — деді Сыбан Раптан қызына қабағын түйе қарап.

— Жазығы болды, өлім жазасына бұйырдым, — деді Хоча айылын да жимай.

— Шәңгерек ноянды өлім жазасына бұйыру үшін тым үлкен айып керек. Не істеді ол?

Жиырма бес жасар Шәңгерек ноян Сыбан Раптанның үзеңгілес серігі, Жоң- ғар хандығының ең бір бай адамы Меркіт руының баһадЇрі Дода Жорджидың жалғыз баласы болатын. Былтыр әкесі Сыбан Раптанға кеп құда түскен. Хочаны Сыбан Раптан Шәңгерек ноянға бермек болған. Екеуінің қосылу тойы қысқа белгіленген. Бірақ неге екені белгісіз, Хоча Шәңгерекке күйеуге шыққысы келмейтінін әкесіне білдірген-ді. Қызының ерлігі, өжеттігі үшін өте жақсы көретін Сыбан Раптан оның бұл сөзіне мән бермей, жай әшейін «құлап түсті» демесін деп айтып жүргені шығар деген де қойған. Расында да, Шәңгерек ноян ата жағынан да, байлығы, ерлігі жағынан да Хочадан кем емес еді. Хочаның оны сүймеймін деуі кімге болса да адам нанғысыз сөз еді. Расында, қызды Шәңгерек ноян ұната қойған жоқ. Оның өмірден күткен жары мұндай емес. Бірақ, бүкіл Жоңғар елі қас-қабағына қарап отырған қонтайшы Сыбан Раптанның қаһарынан қорқып, ол Хочаны алмаймын дей алмады. Әрине, жігіттің өзін менсінбегенін ұққан Хоча қатты қорланған. Әкесіне мені ұнатпайды деуге арланып, «мен оған күйеуге шыққым келмейді» деген. Әкесі алғашқы кезде бұл сөзге мән бермесе де, бертін келе «осылардың арасында бір пәле бар ма?» деген ойға келіп еді. Қатар жүріп, бірін-бірі ұқсын, жаудан бірін-бірі қорғай білсе, ерлік арқылы тіл табысар деп, Шәңгерек ноянмен бірге, Хочаны да барлауға жіберген, өз ойының ақталмағанына көзі жеткен Сыбан Раптан бойын ала бастаған ашудан екі беті түктене түсіп: