— Ертеңіне Хақназар ақсақалдармен тағы ұзақ әгімелесті. Ақырында мынадай тұжырымға келді. Аласапыран жаугершілік мезгіл, бұл жақта Хақназардың ұзақ аялдауына болмайды. Ол ертең таң ата, өзінің екі сана әскерімен, Сарайшық маңындағы Ноғайлы қауымының мыңға тарта атты әскерін ертіп, еліне қайтпақ. Ноғайлының қалған әскері бір аптадан кейін Ақторғын сұлуды ырғалтып-жырғалтып көшіріп, Яссыға сапар шекпек. Ат тұяғы жетпейтін жер жоқ, бұдан былай қарай екі елдің арасы жиі қатынасып тұрмақ. Әзірге осындай байланыс арқылы Сарайшыққа жататын ел Хақназар ханға бағынышты екенін бекем ұстамақ.

Ақсақалдар әңгімесі біткен кезде, бесін намазы да болып қалған екен. Жұрт дәрет алуға тысқа шықты. Бір топ серіктерімен хан сарайының сыртында тұрған Хақназар шаһарға қарай шауып келе жатқан шабарманды жұрттан бұрын көрді. Атқа отырысынан, хан хабаршысының белгісі — орамалдай ақ жалауды найза ұшына ілген нышанысынан бұл келе жатқан Қияқтың тетелес інісі Тұяқ екенін хан бірден таныды. Шабарман шабысының сыңайынан қарап, хан бір сұмдықтың болғанын сезді, көңілі алабұртып, серіктерін кейін тастап, жолдың ернеуіне қарай таяды.

Астындағы құлагерін құйқылжыта жетіп, Тұяқ жеке тұрған ханды көріп, алысырақта ат үстінен асыға түсті. Тізгінін тастай салды да, Хақназарға қарсы жүрді. Сұп-сұр боп кеткен хан:

— Жат елде жұрт көзіне түсетін қимыл жасама. Ауызша айта бер, не болып қалды, жарқыным? — деді.

Тұяқ сол тізерлеген қалпында:

— Қайғылы хабар, хан ием! — деді ерні кезеріп.

— Айта бар.

— Хасен мен Хұсайын… — Тұяқ айтуға аузы бармай, күмілжіп қалды.

Хақназар бұрынғысынан да сұрлана түсті.

— Кімнің қолынан қаза болды?

— Бабасұлтанның.

— Қалайша?

Жігіт орнынан түрегеліп, болған оқиғаны бастан-аяқ айтып берді. Шах-Саидтың басын өзіне жіберген Абдолланың қаһарынан, Бабасұлтан өлердей қорқады. Қайтадан Бұхар жағына шығуды ойлайды. Абдолла құр сөзіме сенбес, деп атасы Жәлім мен қолындағы Хақназардың егіз ұлын өлтірмек болады.

Өзіне құрылған қақпаннан қаннен-қаперсіз Жәлім Бабасұлтанмен тізе қосып, Абдоллаға қарсы шығуға Шарабхана өзенінің жағасында атқа қонады. Жаңа ғана аллаға ақсарбас қой айтып, жауға қарсы бірге аттанбақ боп бәтуаласқан Бабасұлтан бір топ әскер басы батыр адамдарымен ешбір күмәнсіз тұрған Жәлім сұлтанның қасына келіп, атының шаужайынан ұстай алады. Бір сұмдықты сезген сұлтан қынабынан қылышын суырғанша, оның арт жағынан келген.

Жанқұла би алдаспанмен басын қағып түсіреді. Сол сәтте өзге батырлар, абайсыз тұрған төрт бала жігітті найзалап өлтіреді. Ал күні бұрын дайындалған Бабасұлтан лашкарлары бір сапта жауға аттанғалы шыққан өзге қазақ жігіттерін де заматта жан-жағынан қоршап алып, қарсыласуға мұрша бермей, қойдай қырып салады. Бұл күтпеген айқастан ілуде бір-екеуі ғана қашып құтылады. «Шарафнамейи-шахи» шежіресі айтқандай, кең дала қызғалдақ гүлдерімен безенгендей, қызыл қанға боялады…

Көзінің ағы мен қарасындай көретін егіз ұлы — Хасен мен Хұсайынның қалай қаза тапқанын естіген Хақназар, жүрегі у ішкендей өртеніп тұрса да сыр бермеді. Әлден уақытта барып:

— Абдолла хан Ташкентті шапты ма? — деп сұрады.

— Жоқ, — деді Тұяқ кенет бойын жинап алып.

Шах-Саид оғланды Тахир-сұлтан ұстап бергеннен кейін, Абдолла хан оны өз жағына шыққан екен деп, хат жазып, кісі жіберген. Хатында: «Сізге сенімім зор. Бас иіп, алдыма келіңіз, не болмаса қаланы тастап, өз беттеріңмен кетіңдер» деген. Шах-Саид оғланды босқа ұстап бергеніне енді өкінген Тахир сұлтан бұл бұйрыққа көнбеген. Жедел шара қолданып, Ташкент шаһарын бекініске айналдыруға кіріскен. Осындай жағдайда оған Бабасұлтанның қазақ сұлтандарын өлтірген хабары жеткен.

Хақназар Тұяқ сөзін бөліп жіберді.

— Бабасұлтан қазақ жігіттерін қырып жатқанда Бұзахұр сұлтан қайда еді?

— Оны Бабасұлтан көп әскермен сіздің жолыңызды аңдуға жіберіпті деседі… Қапелімде сізді өлтіріп, әскеріңізді қырып тастауға бұйрық берген көрінеді.

— Иә, сосын, қазақ жігіттері қырылғанын естігеннен кейін Абдолла хан не істепті? — деді Хақназар.

— Бабасұлтанға кісі салып «Қазақ сұлтандары сенің де, менің де ортақ жауымыз еді, жақсы істепсің. Ал енді бізбен одақтас боп Ташкент уәлиетін өз қарамағыңа қалдырғың келсе, екінші жауымыз Бұзахұр сұлтанды ұстап бер, не өзің өлтір. Егер мұны істемесең, біздің тарапымыздан саған кешірім болмайды, қолымызға түскен сағатыңда басыңды аламыз», — депті.

Бағанадан бері тас мүсіндей мызғымай тұрған Хақназар сәл алға қарай ұмтыла түсті. Көзінде ашу ұшқыны жарқ етті.

— Ал Бабасұлтан қандай жауап қайырыпты?

— Ағайын, достығын ұмытып қорыққанынан Абдоллаға Бұзахұрды ұстап беремін деп уәдесін беріпті. Және оны ұстап әкелуге бір топ лашкар мен Дүстем биді жіберіпті.

— Ал бұл кезде Бұзахұр қайда еді?

— Бұдан екі апта бұрын Талас бойындағы сіздің жылқыларыңыздың біразын айдап әкеткен. Бабасұлтанның Абдолла жағына шыққанын естігеннен кейін Жетісуға қашыпты деген сыбыс бар…

— Қан иісі шыққанда қарап отыра алмайтын еді, қорқау қасқыр Шағай сұлтан қайда?..

— Баба мен Бұзахұр арасының не боларын күтіп, қалың қолмен Талас маңында күтіп жатыр деген хабар бар.

— Бәсе, өзім де солай деп ойлап едім. Қандай зұлым еді Абдолла! Өзіне қас сұлтандарын біріне-бірін айдап салып, оп-оңай жеңіске жетпек қой! Иә, бұл оның негізгі айласы… Осылай ол Самарқант сұлтандарын да құртпақ… Айтпақшы, Тәуекел баһадур қайда екен?

— Шағай сұлтанның қолымен бір көрінеді.

Хақназар сәл үнсіз тұрды да, Тұяққа бұйыра сөйледі:

— Маған әкелген хабарыңды тірі жан естімесін. Қазір арғы беттегі әскерлерге жет. Жолға дайындалсын де! Күн бата қозғаламыз.

— Құп, тақсыр!

Егіз ұлының өлгенін естірткенде, ләм-мим деп тіл қатпаған Хақназар туралы: «таста тамыр, ханда бауыр жоқ» деген осы екен ғой, деді ол ішінен.

Хақназардың ұстамдылығын тас бауырлыққа жорыған аңқау батыр осыдан екі апта өткеннен кейін, ханның көзге түрткісіз қараңғы түнде егіз ұлының зиратына келіп, жас қабырды құшақтап, ағыл-тегіл жыларын қайдан білсін!

Хақназар Тұяқ ойын біліп тұрғандай:

— Кімнің қас, кімнің жау екенін соңынан ұғарсың, ал қазір әскерге жет, бұйрықты орында! — деді.

Ұрлығының үстінен шыққандай сасып қалған Тұяқ:

— Құп, тақсыр! — деп, ентігі басылған құлагерін борбайлай өзеннің арғы бетіне қарай шаба жөнелді.

Сол күні түнде, ай туа Хақназар Ноғайлы елінің жедел жинаған әскерімен бірге қалыңдығы Ақторғынды алып, Түркістан жеріне қарай қауырт сапарға шықты. Бұлар жорықтағы салтпенен еш жерге ұзақ тоқтамай, он үш тәулікте Яссыға жетті. Жолай Хақназар ағалы-інілі екі сұлтанның кездескен хабарын алды. Екі жақта көп әскер қырылып, Бұзахұрдың қолға түспей кеткенін, бірақ Абдолланың алдында «Бұзахұрдың басын әкеп беремін» деп Бабаның уәде бергенін естіді. Бабасұлтанның өшпенділігін ұмытпаған Абдолла, Ташкент әміршісінің осы бір әлсіреген тұсын пайдаланып, Шағай сұлтанға оны өлтіруге келісім берді.

Екі әскер енді Талас бойында кездесті. Қан тағы судай ақты. Өмір үшін емес, өлім үшін ұрысқа шыққан Бабасұлтан жараланған барыстай жан ашуымен қимылдап, Шағай әскерін жеңді. Содан кейін барып, Бұзахұрды ұстап берген күнде де, Абдолламен бітімге келе алмайтынына Бабасұлтанның көзі жетті. Енді ол Сайрамға қарай бет бұрды. Ондағы ойы — ар жақтағы Самарқант әскерімен қосылып, Абдоллаға тағы қарсы шығу еді.

Баба, Бұзахұр, Шағай сұлтандардың осы қым-қиғаш ұрыстары, аз уақыт болса да, Абдоллаға Хақназар ханды ұмыттырды. Ал Хақназар қолымен Яссыға аман-есен жетті.

Яссыға келгеннен кейін Хақназар тағы қалың ойға шомды. Баба, Бұзахұр сұлтандар мен өзіне қарсы Ақсақ Темір ұрпақтары — Самарқант әмірлерін біржола жеңіп алмай, Бұхар әміршісі Абдолла қазақ хандығына қарсы қазір соғыс ашпайды.

Ал жау қай жақтан? Жау Бабасұлтан мен Бұзахұр жағынан. Бірақ бұлар да қазір Абдолламен алысып жүріп, қазақ қауымына бет бұрар халде емес. Мейлі олар бет бұрмағанмен, Хақназар бет бұрады. Алтын басы қара жерге кіргенше, сонау Шарабхана жағасында жазықсыз төгілген қанды, күнәсіз бауыздалған қос боздағының кегін Бабасұлтанға кешпейді! Ғазиз жандардың кегін қайтарады!