Сұлтан уәдесінде тұрады. Еліне барған соң әбілқасымның қызын сұратып кісі жібереді. Әбілқасым аулы Хақназар ханға қарайды және Шағай сұлтанның Мұхамед-Шайбани Ордасы жағына шығып, туған еліне опасыздық істегеніне риза емес болатын.

Шағайдың өтінішін қабылдамағаны былай тұрсын, ол сұлтанның адамдары кеткен күннің ертеңіне, Күнсананы атастырған Созақ түбіндегі Дайыр қожаға кісі жіберіп: «Біздің бақшаның миуасы пісіп тұр. Қызыққан жат көз көп. Қарға-құзғынға шұқыттырмай, алып кетсін», — деп сәлем айтады.

Құда жағының күткені де осы еді. Бір аптаға жеткізбей келіндерін әкеткен. Шағай бармағын шайнап қала берген-ді. Әбілқасым аулын шабуға Хақназардың қаһарынан сескенген және Созақ түбіндегі «пайғамбар әулеті» қожалармен араздасуды да жөн таппаған.

Бірақ сонау айлы түнде толықсыған сұлудың ыстық ернінен алған ләззаттың шырын дәмі Шағайдың есінен кетпей қойған. Сусыны қанып ішпеген махаббат шәрбаты жүрегіне сарсу болып ұйып, кетпес кеселге айналған.

Сөйтіп жүргенде жыл өтті. Шағай барған жерінде Күнсана тоғыз айға жетпей Тәуекел деген ұл тапты дегенді естіді. Санай келіп, ол бала — өзімдікі деген байламға бекіді.

Арада тағы да бес-алты жыл өтті. Күнсана махаббаты да тот басқан асылдай көңілден көмескілене бастады. Дәл осындай мезгілде бір күні Шағай Созақтан келген керуеншіден Дайыр қожаның баласы сүзектен қайтыс болып, жесір қалған Күнсананы «аға өлсе жеңге мұра, іні өлсе келін мұра» деген қазақтың көне дәстүрі бойынша, қожаның үлкен баласына бергелі жатыр деген хабарды естіді. Жүрегінде қоламта болып сөнуге айналған шоқ қайтадан лап ете түсіп еді. Күнсананы бір кезде атастырған еріне қиғанмен, енді әмеңгерлікке қимады. Ел билеген дәрежесіне қарамай, қасына сенімді он нөкерін ертіп өзі жай адамша киініп, атқа қонды.

Түн ішінде қаннен-қаперсіз жатқан Дайыр қожаның аулына кеп, қарулы он жігітімен сау етіп түсе қалды. Шырт ұйқыдағы үй адамдарының үнін шығартпай, шымылдық ішінде жатқан Күнсананы жас Тәуекелмен атқа өңгеріп, ала жөнелді. Байлаудағы Дайыр қожа таң атқасын ғана түндегі болған оқиғаны Созақ хакіміне жеткізді. Хакім қуғыншы жібермек боп жатқанда, Созақтан әйел алып қашқан бір топ қарақшы Отырардан қайтып келе жатқан Хақназар хан жасағының қолына түсіпті деген хабар келді. Жасақ бастығы қолға түскен Шағайдың өзі екенін біліп, тұтқынды жанындағы адамдарымен қоса, Сығанақтағы Хақназар ханның Ордасына алып барды.

Ағалы-інілі екі адамның баласы қапысын тауып бірінен бірі өш ала берсе, өзге ел не демек? Хандар қаныпезерлік етіп жатқанда, екі дай қалың жұртқа не тосқауыл? Жоқ, ел сүйсінер үлгі емес. Ер татулығы — ел татулығы…

— Ат-көлігіңіз аман жеттіңіз бе, Шағай сұлтан? — дейді. Сосын нөкерлеріне қарап: — Шағай сұлтанның қолын шешіңдер, — деп бұйырды.

Нөкерлер Шағайдың қыл шылбырмен байланған қолын босатты. Шағай ұйып қалған қолдарын жазбақ боп сәл қимыл істеп еді, есік алдында тұрған күзетшілердің екеуі жалма-жан жетіп келіп қарсы алдынан жалаңаш алдаспандарын айқастыра қойды. Онсыз да абыржып сасқан тұтқын сескеніп қалып, кейін шегіне берді. Шағайдың бұл қылығына сәл қабақ шытқан сұңғақ бойлы аққұба жас әйелді Хақназар енді аңғарды. Бұл Күнсана еді. Жұқа батсайыдан мол қылып тіккен қос етек көйлегінен бөтен киімі жоқ. Өрімі тарқап кеткен ұзын шашы жерге шұбатылып түсіп тұр. Етегіне тығыла түскен үлкен қара көзді бүлдіршіндей баласы бар. Анасының да, баласының да кейпінде шошығандық, қорыққандық белгі жоқ. Болып жатқан іске таң қалғандық қана байқалады. Шағайдың қандай себеппен қолға түскеніне қанық Хақназар нөкерлеріне:

— Мына кісіні баласымен бірге еліне апарып салыңдар, — деді Күнсананы көрсетіп.

Бірақ әйел орнынан қозғалмады.

— Хан ием, мен енді қайын жұртыма бармаймын, — деді Күнсана Хақназарға жаутаңдай қарап. — Шағай сұлтаннан айыра көрмеңіз. Бала сонікі, енді онымен мәңгі бірге болуға бармын.

Хақназар да бір сырды аңғарып қалғандай.

— Шағай сұлтанмен мәңгі бір болуға бармын дейсіз бе? — деді ол қабағын шытып. — Егер Шағай сұлтанды ел-жұртымыздың бірлігін бұзған күнәсі үшін өлім жазасына бұйырсақ, онда да бірге өлуге бармысыз?

— Иә, бірге өлуге бармын!

— Мына нәрестеңізді қайтесіз?

— Жазмыш солай болса, қолдан келер не бар?

Хақназар ойланып қалды. Мынау келбетіне көз тоярлық сұлу әйел не қайын жұртынан орасан қорлық көрген жан, не Шағайға өлердей құмар…

— Сұлтан, — деген Хақназар қабағын шытып, — не өлесің, не бізбен біргесің! Ал енді Ақ Ордамен бір боламын десең, қазір босатамын! Екі шешім жоқ, таңдағаныңды ал!

— Үкіміңе ризамын, Хақназар хан! Жан сауға! Жан сауға! — деді қуанғанынан көзінен жас ағып. — Айыбымды адал қаныммен жуамын! Өле-өлгенше сендермен бірмін! Көрмегенім Абдолла болсын! Міне антым! Міне құран!

Мұндай күрт шешімді күтпеген Хақназар ханның өзі де абыржып қалды. Шағай туралы бұрын да: «Қорқау қасқыр секілді бір тою үшін қандай өлімтіктен де бас тартпайды; оның ойы ел-жұрт емес, қара басының қамы», — дегенді сан рет естіген. Бірақ дәл мұндай қорқақ деп ойламайтын. Әлде ел-жұртынан бөлінгені жанына батып жүрді ме екен? Хақназар бетін Шағайдың серіктеріне қарай бұрды: кілең баскесер, ұят-ар дегенді білмейтін, еңгезердей қарақшы нөкерлері де, қожаларының мына қылығына ұялағандай, төмен қарап қалыпты.

Хақназар енді жүзін Күнсанаға аударды. Оның құп-қу түсінен ешбір сыр ұғуға болар емес, бетін Шағайдан сәл бұрып, тас мүсін тәрізді қатып қапты. Тек көзінде ғана әлденеден жиіркенгендей бір қиналыс ұшқыны бар… Дәл осы сәтте Хақназар Шағайдың құнсыз жау екенін ұқты.

— Бұл жолы Жәдік сұлтанның аруағы үшін босаттым, — деді Хақназар. — Егер бұдан былай тағы да бабамыз Жәнібек ханның Ордасына опасыздық етер болсаң, бұл елге өкпелеме!

Шағай сұлтан өз ордасына жеткен күні өзінің Хақназардан қорқып, жалған ант бергенін көрген нөкерлерін бір түнде басқа жендеттеріне бауыздатып тастады. Жаңа ғана құшағынан шыққан Күнсананы да өлтіруге бұйрық берді. Сұлтан ойын сезіп қалған Күнсана жендеттер айдап бара жатқанда, хан есігінің алдынан өте беріп:

— Төрем, еш жазығым жоқ қой, құлыным Тәуекел үшін мына жен- деттеріңнен алып қал! — деп жалынды.

Бірақ Шағай Күнсананың сөзін естісе де естімеген боп, төсегінде теріс қарап жата берді. Бұл қанды оқиғаны бөтен бөлмеде шырт ұйқыда жатқан жас Тәуекел білмеді.

Ертеңінде анасын іздеп зар жылады. Сұлтан оны ер жеткенше асыра деп, бір бекзадасының үйіне беріп жібереді. Өзі Абдолладан жедел әскер алдырып, қарамағындағы елді еріксіз көшіріп, Ташкент уәлиетіне өтіп кетеді.

Бұл оқиғаны бір шабарман дәл бүгінгідей бір той үстінде ханға жеткізген. Хақназар онда тек:

— Абдолла ханның жеріне қанша түтін көшті? — деп сұраған.

— Он бес мыңдай…

— Бұл алпыс мыңдай жан ғой, — деген күрсініп. — әйтеуір, шамасы келгенше қазақты жырымдап жатыр-ау бекзадалар…

Сол күні де дәл бүгінгідей оның жан сезімін өкініш билеген. Он бес мың үйді Абдолла ханның еріксіз айдап кеткеніне, жас Тәуекелді жетім қалмасын деп, қас жауына аяушылық еткеніне өкінген. Көз алдынан «апалап!» шырқыраған жетім баланың бейнесі кетпей қойған.

Одан бері де талай уақыт өтті. Адамды аяғыш күйрек сезімдер қазір қу томардай мұжылған. Қырғын соғыстар азалы жанына қаяу салып тасбауырлыққа үйреткен. Бұл кез Ақ Орданың да, Хақназардың да бүкіл Дәшті Қыпшақ, Мауреннахр Жетісуға әбден әйгілі болған кезі еді. Сөйтсе де шабарман Қияқтың бүгінгі әкелген хабары ауыр тиді.

Осы уақиғаның алдында ғана Абдолла ханның қол астында жүрген Баба- сұлтан Ташкент шаһарына қалың қолмен аттанған Хақназардың қаһарынан қорқып, енді қазақ ханымен одақтасуға уәде берген. Хақназар одан қантөгіс соғыссыз, Ташкент уәлиетіне жататын Яссы, Сауран қалаларын сұраған.

Бұл кезде қазақтарға қарсы тұрар бәлендей әскері жоқ Бабасұлтан бір амалын таппақ болып: «Сәл шыдаңдар, ақылға салайын» дейді. Абдолла ханға Дүстем биді аттандырады: «Ұлы мәртебелі ханға берген антымызда тұрамыз, пендешілігімізді кешсін. Дәшті Қыпшақтың ханы қарамағымыздағы уәлиеттен жер сұрайды. Қарсы тұрар бізде күш жоқ. Не істеуіміз керек?» деген сауал айтады.