Ел қонысынан, мал-мүлкінен айрылды. Ата-ана ұл-қызынан айрылды. Алып қазақ жерінің сонау күншығысы мен оңтүстігінен Сыр бойына қарай жаяу шұбырған жұрт жоңғарды қойып, ит пен құсқа жем болды. Жалғыз әнет Бабаң емес, қазақтың талай аяулы кемпір-шалы көшке ере алмай, төбе-төбенің басында қалды. Нелер ғибратты әйелдер, жас келіншектер нәрестесіне емшектен берер сүті болмай, жау қолына өздері барып түсті. Кешегі ақ майды аяғымен тепкен ел енді құлазыған қу даладан, жаужұмыр, алғыр, қозы-құйрық секілді нәрі бар шөптермен қоректенді. Қайың ағаштың қабығын сыдырып, бетіндегі желімін жеп, «қайың сауған» деген атқа ие болды. Осылай қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» деп аталған халықтың ұлы апаты басталды.
Сонда барып шұбырған елдің қанды жасынан туған, қайғысына жер жүзіндегі бірде-бір әуен пар келмес атақты «Елім-ай» әні дүниеге келді.
«Қара таудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Ел-жұртынан айрылған жаман екен, Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.
Мынау заман қай заман — қысқан заман, Басымыздан бақ құсы ұшқан заман.
Шұбырғанда ізіңнен қар борайды,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.
Мынау заман қай заман — бағы заман.
Баяғыдай болар ма тағы заман!
Қарындас пен қара орман қалғаннан соң,
Көздің жасын көл етіп ағызамын.
Қабырғама қара жер батты, құдай,
Мұнша қысым қылдың ғой, қатты құдай!
Жаяу жүрсем — табаным ауырады,
Тым болмаса бермедің атты, құдай!
Мына заман қай заман — қай-қай заман?
Ұл айрылған атадан — дай-дай заман.
Бауырыңнан айрылған жаман екен,
Күн бар ма екен көрісер, есен-аман?»
Тұяқ серпіп қарсылық етуге шамасы келмей қалған қазақ елі, жоңғар құлдығында қалудан қаңғырып өлуді артық көріп, шұбыра берді. Кіші жүздің көп елі Сауран шаһарын айнала қашып, Хиуа, Үргенішке, Бұхараға қарай жосыды. Самарқант пен Ходжентке қарай шұбырған Ұлы жүз бен Орта жүздің кей рулары Сырдария жағасынан алты шақырым жердегі Бетпақдалаға қарай кеткен Үлкен арықтың екі айырылған тұсындағы Алакөлге келіп құлады. Енді «Ақтабан шұбырындыға» «Алқа көл сұлама» деген қанатты сөз қосылды. Тек Ар- қадағы Арғын руының дені өз жерінен қозғалмады; бұл румен іргелес отырған Қыпшақ, Найман, Керейлердің біраз елі солтүстікке қарай ығысты. Жетісуда қазақ ауылдары шамалы қалды. Жоңғар ханы қазаққа еткен ауыртпалығын қырғызға да көрсетті. Бірақ Күнгей Алатауды жайлаған қырғыздың кей манаптары Сыбан Раптанмен тіл табуға тырысты. Сыбан Раптан мұндайларды қазақ еліне қарсы қойып та көрді. Бірақ көптен бері қаны мен жаны бір болып қалған екі елдің арасынан шоқ тастап жөнді өрт шығара алмады.
Сыр бойының ызғарлы қара суығы басталмас бұрын, Жоңғар шапқыншылары Түркістан шаһарын қоршады, Елшібек басқарған қала халқы нартәуекелге бел буып қаланы қорғап бақты.
… Сыбан Раптанның айбынды атты әскері қала қақпасына лапылдап келіп, қардай жауған садақ оғынан сан рет кейін қайтты. Күн ара бие сауымындай ғана мезгіл көзінің шырымын алуға мұршасы жеткен Елшібек, ат үстінен түсуге де уақыты болған жоқ. Егер халық оққа кеудесін қарсы тосса, оны ешқашан ала алмайтынын Жоңғар әскері енді білді. Сөйтсе де долы Шұна Дабо жасақ үстіне жасағын төкті. Қала қамалының қасында тау-тау өліктерін қалдырып, олар тағы да кейін шегінді.
Ұрыс осылай қызып жатқан кезде, кенет құмды боран басталды. Ысқыра соққан желмен бірге қала үстіне қара түнек құм төнді. Бұл дауыл жеті күн борады. Бүкіл құдық біткеннің бәрін құм басты. Енді тұрғын жұрт пен әскер шөлден қырылуға айналды. Сонда ғана барып Елшібек батыр қаланы беруге мәжбүр болды.
ІІ
«Қазақ халқы мұндай күйге қалай жетті? Осыдан екі ғасыр бұрынғы айбары қайда?» — Бұл сұрақ осынау сұрапылда үлкен-кішінің көкірегіне үйелеген запыраннан кем болған жоқ. Кім бұған жауап берер?
Міне, бүкіл қазақ даласына әйгілі, бұл күнде жасы қырықтарға келіп қалған шоқша сақалды, кең маңдайлы Бұқар жырау да осындай толғаныс үстінде еді. Ол есікке таяу отырған бала жігітке сезіктене көз тастады. Адамға тесіле қарайтын үлкен сұрғылт көзді, ат жақты, ақсұр жігіттің топ жылқының ішіндегі ақалтеке, арғымағындай, бойшаң келген дене бітіміне қарағанда, оны он төрт — он бес жастарда деу қиын еді. Тек осы шамада екенін ұстараның жүзі тимеген бет әлпеті ғана аңғартады. Отырған отырысында, қозғалыс-қимылында бір паңдық, тәкаппарлық байқалады. Ақынның қырағы көзі алдамаса керек-ті. Бала жігіттің дәл қазіргі өздері отырған қараша үйде — кедей шаруаның үйінде тумағаны анық…
Үйде бұлардан басқа тағы екі кісі бар. Бірі төрде отырған қара сұр жүзді, қияқ мұртты, жасы отыздарға жаңа жеткен Кіші жүздің ханы Әбілқайыр. Екіншісі — босағада тері тулақ үстіндегі алпамсадай қаба сақалды, қоңыр беті күн мен желге күйіп әбден тотығып кеткен мосқал кісі. Бұл — Ораз атты құл.
Түркістан қаласын қорғау кезінде сұлтан Уәлидің он үш жасар баласы әбілмансұр жау қолына түскен-ді. Оны шынжырлап Хиуа базарына құлдыққа сатуға апарған жерінен бері қарай осы Ораз құл алып қашып, құтқарып еді. Қазір әбілмансұр мен Ораз құлдың Ұлы жүз Төле бидің түйесін бағып жүрген шақтары. Екеуінің де аты-жөнін ешкімге ашпай, құпия ұстаған жайлары бар. Әбілмансұр өзінің қазіргі жағдайына намыстанып, сұлтан тұқымынан екенін жасырса, құл қожасының дегенінен аса алмаған.
Барлауға шыққан Әбілқайыр мен Бұқар жырау бүгін серіктерінен көз жазып қалып, бір сайда жеке отырған осы түйешілердің лашығына кеп аялдап еді.
Бұқар жырау Ораз құлмен бірге далаға шығып, қазанға ас салысып кірді. Қазір шұбат ішіп, әңгіме-дүкен құрып, шүйіркелесіп отырған кездері. Әбілмансұр Төле бидің түйешісі екенінен бөтен тіс жарып сыр ашпады. Бірақ қырағы жырау туысы бөлек бұл бала жігіттің тіпті де қарапайым түйеші емес екенін іштей сезіп отыр. Ал бала жігіттің беті бүлк етпейді, құпия сырын мүлдем терең тығып тастағандай. Кенет ол жырау ойын оқып қойғандай, есік алдында отырған Ораз құлды иегімен нұсқап:
— Бұл кісі маған әке орнына әке, шеше орнына шеше болған адам — деді. — Сан ажалдан қағып келген періштем, Жәбірейілім…
Бұқар ағат сөздің аузынан қалай шығып кеткенін білмей қалды.
— Ол қамқорлық қасиеті маған аян…
— Қалайша?!
әбілмансұрдың өткір сұрғылт көздері, самай тамырға қадалған алмас қандауырдың ұшындай, Бұқар жыраудың бетіне қадала қалды.
Бұқар жыраудың бойы шымырлап кетті.
«Бәтшағардың көзі қандай өткір еді… Шағатын жыланның көзіндей селт етер емес қой…»
Ораз ас қамдасып жүрген адамы даңқы қазақ қауымына аян Бұқар жырау екенін білген соң әбілмансұрдың ата-тегін толық ашпағанмен, өздерінің Хиуадан қалай қашып шыққандарын айтқан-ды. Жыраудың «Ораз құлдың қамқорлық қасиеті маған аян» деуі осыдан еді.
Бала жігіттің көзқарасынан шошынып қалған Бұқар енді іштей қобалжи бастады. «Ауыздан шыққан сөз — атылған оқпен тең, сорлының обалына қалмасам нетсін. Шыңғыс ұрпағы өздеріне кір келтіретін, құпияны білетін адамдарды аямайтын еді, бейшараға зақым келтіріп жүрмесе жарар еді».
Жырау әбілмансұрға жалтарма жауап бергенше, бұлардың сөзін Әбілқайыр бөліп жіберді.
— Сонымен бұл күйге біз қалай жеттік, Бұқар аға? — деді бұрын бастал- ған әңгімені қайта сабақтап. — Қасым ханнан кейін халықтың басын қосып, бір шаңырақтың астына жинайтын ұл тумағаны ма?..
Бұқар жырау ойлана жауап берді.
— Неге тумасын, талай ұл туды ғой… Бірақ ел басын біріктіру оңай ма… Қасым хан кезінде де Ақ Ордаға Ноғайлы елі, Жетісу бойы тегіс кірмеген-ді. Сыр бойының қалалары біресе Мұхамед-Шайбани ордасына, біресе қазақ еліне алма-кезек ауысып, ел арасы талан-тараж болуы біткен бе?.. Амал не, есіл ерлер арманына жете алмай кетті ғой.
— Ел бірлігі үшін жанын құрбан етіп кім шықты?
— Халықтың өзі.
— Халық қашан да бар ғой. Хандардан кімді атар едіңіз?
— Хақназар, Тәуекел…