— Мен, мен бармын! — деді бір күндей күркіреген жуан дауыс.

— Шық, мына мінбеге!

Жұртты қақ жарып, жолбарыс мүшелі, нар кеуделі, жиырма бестер шамасындағы ақсары жігіт алға қарай ұмтылды. Бұл Шыршық өзені бойынан Түркістандағы нағашысының үйіне келіп жатқан Сіргелі руының «бала балуан» атанған Елшібек атты батыр жігіті еді. Ол мінбеге шығысыменен, Қабанбай батыр:

— Ал, халайық! Келе жатқан осал жау емес, — деді. — Елімізді, жерімізді ақтап қалу үшін бізден жүректілік табылар, тек бірлік керек. Түркістанды жауға берсеңдер, қазақ елінің шаңырағы құлап жерге түскені. Жас деп қырын қарамаңдар, еріңдер мына Елшібек ердің соңынан! Талаптының алдынан нұр жауар. Ел бастаймын деген батырдан қашанда батылдық табылады!

— Ереміз Елшібекке!

— Бастасын бізді жауға.

Осы кезде мінбе жағынан тағы шу шықты.

— Уа, жол беріңдер! Жол беріңдер!

— Уәли сұлтанның өзі ғой!

Жұрт қақ жарылып жол берді. Мінбеге қияқ мұртты, ақсұр келген, құндыз бөрікті, отыздар шамасындағы жігіт шықты.

— Халайық! — деді ол қалың жұртқа қарап, — әкем он төрт жасар балам әбілмансұр екеумізді осы Түркістанға ие болыңдар деп тастап кетті. Қабанбай батырдың сөзін тегіс естідім. Елшібек балуан менен жас болса да, жорық көрген, топ көрген жігіт. Осы күнге дейін қолыма найза ұстаған жан емеспін… Егер мен Елшібекке жәрдемші бола алсам, сендердің деген жерлеріңнен шыққаным деп ойлаймын!

Уәли сөзін ұнатпаған әлдекім:

— Уә, сұлтан болғаныңа болайын! Төреден шығып, қараға жол бере ме екен!

— Қайтсін бейшара, соғыс көрмегенін айтып тұр ғой! — десіп жатыр. — Ел басына күн туғалы тұрғанда, қазір төре-қара дейтін дым да жоқ, кім жұртты жауға қарсы бастай алса, біз соның соңынан ереміз!

— Дұрыс айтасың, шырағым, — деді сәлделі ақсақал. — Тілегің оң болсын! әумин!

— әумин! — Жұрт қолдарын жайып, беттерін сипады.

— Жауға шабуға жарайтын жұрт алаңда қалып, өзгелерің тараңдар! — деп дауыстады Елшібек.

Жұрт тарап, қару ұстаған кісілер сапқа тұра бастады. Қабанбай енді Елшібекпен, Уәлимен қоштасты.

— Ендігі істі өздерің де білесіңдер ғой, — деді ол аналарға, — жан-жақтағы елге ат шаптырыңдар. Әбілқайыр ханға тезірек хабар жеткізіңдер. Арқадағы елге қазір мен өзім аттанам! Келе жатқан жау өте қауіпті. Бар қазақты көтеру керек!

— Құп, Қабанбай батыр! Жолың болсын! — деді Елшібек пен Уәли қосарласа.

Алып денелі Қабанбай атына қарай аяңдады. Дәл осы кезде алаңдағы жалғыз ашада байлаулы тұрған Қабанбайдың аты шулы «Көкдауыл» атанған қара көк атын жетелеп, Қаратаудың сусар бөркін киген сұңғақ бойлы, бота көз аққұба бойжеткен алдынан көлденең тарта берді.

— Батырдың жолы болар ма екен, өзім аттандырайыншы, — деді маржандай аппақ тісін көрсете күлімсіреп, сөйтті де тізгінді қолына алып, үзеңгісіне аяғын салған қас батырдың қолтығынан ұстап, жоғары көтере бастады.

Қабанбай атына мінген соң ғана қыздың жүзіне дұрыстап қарады. Қыз екі көзі жаудырап, Қабанбайды қимаған адамдай мөлдіреп тұр.

— Рақмет, құрбым, — деді Қабанбай, жүрегі кенет дүрсілдеп, — айдын көлдің аққуы аттандырды ғой, жолым болады екен! —

Қыз әлі жаудырай қарап тұр.

— Айтқаныңыз келсін!

— Қош бол, қарындасым!… — Қабанбай атының басын тежей қалды, — кездесе алмай қалсам, ең болмаса біліп кетейін, атың кім, қарындасым?

— Атым Гәуһар… Бәсентин Малайсары батырдың қарындасымын, — қыз бұ жолы сүйріктей әппақ саусақтарын ұсынды. — Алла сау-сәламат көрісуге жазсын!

— Айтқаның келсін, қарындасым! Қош бол!

— Қош болыңыз!

Қабанбай Көкдауылын тебініп қап, «Гәуһар… Гәуһар!…» деп күбірлей солтүстікке қарай жөнеп берді. Ұзап бара жатып, артына бұрылып қарады. Қыз әлі орнында тұр екен. Ол ақ орамалын алып, жігітке «сау қайтыңыз!» деп екі-үш рет бұлғады.

— Гәуһар десе Гәуһар-ақ екен! — деді Қабанбай, атының борбайына қамшыны басып жіберіп.

Бұл Түркістанның теріскей беткейіне шыққанда, алыстан қара-бұйраланып көрінген Қаратаудың бөктеріне қарай шұбырып бара жатқан салт атты адамдарды көрді. «Қанішер Абылай ғой, қашып барады» деді ол, сосын Көкдауылының тізгінін сәл босатып, қолындағы ақ найзасын беліне қыстырып, ұзақ-сонар сар желіске салып, шаһардан ұзай берді.

Сыбан Раптан қонтайшы бастаған жоңғардың қалың қолының келе жатқанын екі-үш күн өтпей-ақ бүкіл Арқа, Еділ, Ақ Жайық, Ертіс, Есіл бойындағы елдер де тегіс естіді. Бірақ «Ақсарбас» айтып, бас құрап, елін, жерін жаудан қорғауға халықтың мұршасы болмай қалды. Таудан құлаған тасқындай, төтеннен келіп қалған Сыбан Раптанның жеті салалы жетпіс мың қолы Жетісудың оңтүстігі мен күншығыс жағын бір айдың ішінде басып алды. Бұл апат қазақ ауылдары мен қалаларына көктен түскен жасылдан кем тиген жоқ. Ержүрек азаматтар Ақсу, Тұрфан секілді шаһарларын қорғап та көрді, бірақ қолдарынан келмеді. Ақыры отыз жылда жер үшін, су үшін бірімен-бірі таласып, барымталасып, әбден кәнігіп қалған қазақ жігіттері шоқтанып жиналғанмен, әп-сәтте сап түзеп әскерге айнала алмады. Кей жерде қарсылық еткен ауылдар болса, жоңғар жағы еркектерін қойдай бауыздап, қатын-қызын байлап-матап күңдікке айдады. Тау жайлаған қырғыздармен көршілес отырған кейбір қазақ ауылдары жау аяғы басылмайтын құз-қияларға қашып қана жан сақтады. Қазақ жері енді жазықсыз жылаған жұрттың көз жасымен дымқылданды. Таланған мал-мүлкі, өрт алған қалалар… Он бесінші ғасырдың отызыншы жылы қазақ елімен ұрысын бастап, екі ғасыр бойы соғысып келе жатқан ойрат хандары енді ғана дегендеріне жетті. Сұлу қыз-келіншектерді шаштарынан матастыра топтап, батырлары әйелдікке алды, найза ұстауға жарайтын жігіттерін қойдай бауыздады, кәрі-құртаң шал-кемпірлерді айдалаға айдап тастады. Жас балаларды, «түбі бұлар да бізге жау болады» деп, найзаларының басына іліп алып, әке-шешелеріне көрсетіп қарқ-қарқ күлді. Жас қыздарын көзінше қатын еткен жоңғар шапқыншыларының қиянатын көрген талай ата-ана қорланып шаштарын жұлып, беттерін қан-жоса етіп тырнап, бүкіл сар даланы сарнауға, зарлы үнге толтырды. Небір азаматтар ақыл-естерінен адасып, жынданып кетті.

«Қалқаман — Мамыр» жырында Шыңғыстау төңірегінде болған бір ұрыс былай суреттеледі:

Ол кезде жерге талас қазақ, қалмақ,

Атысып, ауыл шауып, жылқыны алмақ.

Қалмақты бір соғыста қазақ жеңіп, Бәрі де Тобықтының тойға бармақ.

Той қылған Орта жүзде Сәмеке хан, Жиылды той болған соң бірталай жан.

Бай, бәйбіше, үлкендер сонда кетіп, Жас жігіт, қыз-келіншек үйде қалған»…

«әнет Бабаң Арғынның ел ағасы,

Өзі би, өзі молда, ғұламасы.

Үлгі айтқан Орта жүзге ғадыл екен, Сол кезде тоқсан беске келген жасы» —

деп, Қалқаманға қол алдынан атпен шауып өтуге билік еткен әнет Бабаны таныстыра келіп, оқиғаның аяғын ақын былай бітірген:

«Мың жеті жүз жиырма үшінші жыл, Соғысқан қазақ, қалмақ — мұны да біл,

Қалмақтың бастаушысы Сыбан Раптан.

Өзі батыр, соғысқа тым айлашыл…

Шеп құрып ұрысыпты қазақ, қалмақ,

Қорқаққа оңай емес шепке бармақ,

Бабаңның бес баласы садаққа ұшып, Бұл соғыста қазаққа түсті салмақ.

Қазақты бұл соғыста қалмақ алды.

Бес шыңның бір үшеуін қырып салды.

Жеңілген соң тұра алмай Сыр бойына, Арқаға қазақ ауып кетіп қалды.

Қалқаман сол қалғаннан қалды ізделмей,

Іздемейін деген жоқ, шама келмей.

Ол түгіл, әнет Бабаң көшке ере алмай, Тірідей дөң басында қалған өлмей», —

деп ата жолын бұзған Қалқаман — Мамырға үкім айтқан Арғынның биі әнет Бабаның осы қырғында тірідей дөң басында көшке ере алмай қалғанын жыр етеді. «Қалқаман — Мамырда» айтылғандай қазақ елінің бестен үш бөлігі қырылды. Сыртқы жауынан қазақ елі бұрынды-соңды мұндай апатқа ұрынған емес. Атақты Жошы ханның Арқаны, Сыр бойын алатын ұрыстарының өзінде де қазақ даласында қырылған ел үштен бір бөлегінен аспаған. Жошыға қазақ жерінде хан болу үшін ел керек болса, Сыбан Раптанға қазақ халқының жері мен малы керек еді.

Кейбір тарихшыларының есебі бойынша, Жоңғар әскері атының тұяғы жеткен жеріне дейін, сол кезде екі миллиондай қазақ халқы тұрған екен. Жоңғар шапқыншылары соның бестен үшін өлтірген, яғни екі миллион адамның бір миллион екі жүз мыңдайын жоқ еткен. Жан түршігерлік апат!