— Сұлтан қайным, дәм татыңыздар деп тұрмын ғой, — деді еркелене үн қатып.

— Бұйырған дәм болса татармыз, — деді Барақ, жасы отыз беске келіп қалса да әлі де жас қыздай сылаңдаған тоқалдың ажарына немқұрайды көз тастап. — Алдыменен мына хан тағындағы жұбайыңыздың ақылына қанып алуға мұрсат беріңіз.

Бүкіл алты алашты сұқтандырған көркіне Барақтың назар салмағанына Нұрбике ханым шамданып қалды:

— Ақылға шөлдеп келсеңіз, онда сусыныңызды әбден қандырып алыңыз, — деп мысқылмен күлімсіреді де бұрала басып шығып кетті. Ерке тоқалының айтқанын екі етіп көрмеген Әбілқайыр:

— Астан үлкен емеспіз ғой, — деді, — жүріңіздер, дәм татып шығалық.

— Иә, сөйтелік, — деді батырлар да қостап.

Әбілқайыр орнынан түрегелді. Барақ сұлтан да амалсыз қонақ үйге қарай беттеді. «Ханға әмірін жүргізген бұл қатынның қандай құдіреті бар екен? Байқап көретін екен» деді ішінен.

Нұрбике ханымның құр ғана сұлулығы емес, хан қадірлер қылығы да мол еді.

Бұл «Ақтабан шұбырындының» алдындағы бір тойда Бөгенбай мен Тайман батырлардың қатты өштесуіне де осы Нұрбике себепкер болған. Ол той иесі Қойсан байдың ерке-шора қызы еді. Тойға келген екі батыр жігіт он жеті жасар Нұрбикеге көрген жерден ғашық болды. О кезде бәсекелес екі батыр сұлу қызды бірінен бірі қызғанып, өз көңілдерін қатар білдірген.

Ерке-шора бай қызы бір жағы қалжыңбастық, еркелікпен, екінші жағынан жігіттердің намыстарына тиіп, мазақ етпек оймен:

— Екеуіңді де бірдей ұнатам, — деп еді, — тек кімнің өнері асса — сол менің қалауым…

Қыз шешімін естіген қызба қанды қос батыр енді ашық бәсекеге түсті. Бірақ сайыста да, жамбы атуда да, күресте де, жерден теңге алуда да жеңісе алмады.

Бірінен бірі оза алмаған батырлар қайтадан қызға келді. Нұрбике екеуін ажуалап, тағы күлді.

— Біріңе бірің қимаған өз обалдарың өздеріңе! Енді кеш қалдыңдар, — деді күлкісін тыйып. Сосын өзіне кеше ғана Кіші жүздің ханы Әбілқайыр құда түскенін естіртті.

Таласып жүріп, қыздан айрылып қалғандарына өкінген екі батырдың іштері удай ашыды. Екеуінің арасындағы жігіттік талас енді араздыққа айналған. Сөйтіп жүргендерінде Жоңғар шабуылы басталды. Ел басына туған апат екі батырдың арасындағы араздықты ұмыттырды. Жауларына бір майданда қатар тұрып қарсы шықпағанмен, екеуі ерліктері үшін бірін-бірі сырттай сыйлайтын. Халық құрметіне бөленген қос батыр ақыры Әбілқайыр ханның оң қолы мен сол қолына айналған.

Ал Нұрбике сұлуды алған Әбілқайыр дүниедегі бар арманына жеткендей болды. Тек жанындай жақсы көрген сүйікті тоқалынан перзент көрмеді. Бірақ хан оған опық жеген жоқ. Кербез тоқал өзінің нәзік қылықтарымен ханның көңілін көншітіп, бабын таба білді. Әбілқайыр бәйбішелерінің үйінде түнеп шыққанда, қымыз орнына жылымшы айран ішкендей, Нұрбикені аңсап тұратын күйге жетті. Ерінің жас тоқалынан суымайтынына көздері жете бастаған ханның өзге әйелдері, Нұрбикені қаралай, өсек те айтып көрді. Бірақ хан сонда да тоқалының өзіне деген махаббатына шек келтірмеді.

Нұрбике жайында өсек-аяң көбейіп жүрген бір жылы Әбілқайыр әлдеқалай жас тоқалын ертіп Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мешітіне барған. Зәулім, әшекейлі мешіттің салтанатты сарайларын аралап жүріп, бір жабық есіктің тұсына келгенде, олар ар жағынан бір сүйкімсіз қарқылдаған үн естіді. Қожа Ахмет Яссауи мешітінде бұрын да талай рет болған Әбілқайырға бұл есік бұзыла бастаған зәулім сарайдың есігі екені, ар жағындағы жексұрын дауыстар сарай қабырғасының құлаған кірпіштерінің орнына ұя салған қара қарғаның қарқылы екені мәлім болатын.

Бірақ әулие мешітінің ішінде қобалжып келе жатқан Нұрбике әлгі дыбыстан секем алып, қасындағы ерінен:

— Бұл ненің даусы? — деп сұраған.

Кенет Әбілқайырға бір ойнақы ой келе қалды.

— Бұл дозақ құстарының шуы, — деді ол шімірікпестен. — Егер мынау сарайға кірген әйел өмірінде ерінің көзіне неше рет шөп салса, сонша құс ұшып келіп, басы-көзін шоқи бастайды… — Хан әйеліне сынай қараған. — Кіресің бе?

Нұрбике сұп-сұр боп кетті де, бойын тез жинап алды. «Егер аспандағы алла-тағалам жердегі менің істеген күнәмді санап жүрген болса, қалай жазалаймын десе де өз қолында ғой. Тәуекел, кірейін» деп ойлады ішінен. Сосын күйеуінің бетіне наздана қарап.

— Менің күнәсіз екенімді білмейтін бе едіңіз, хан ием? Онда ашыңыз есікті. Бәрін көзіңізбен көріп, көңіліңіз орнықсын…

Қуанып кеткен Әбілқайыр есікті аштырмаған. «Күнәлі болса, кіруге қорқар еді, адал екен» деген ол. Жас тоқалын өте жақсы көретін хан өзін-өзі алдап, әйелінің күнәсіз екеніне сенгісі келген. Бірақ бүгінгі Нұрбикенің Бараққа аудар- ған көзқарасынан хан бір сұмдықты аңғарып қалғандай еді, әйтсе де сыр бермеді.

Қыз болып көзге түскелі өзін елемеген еркекті бірінші рет көріп, Нұрбике ақ боз үйде ызаланып тұрғанда, хан қонақтарын бастап ішке кірді. Нұрбике жайнап сала берді. Бұлар жас құлынның балбырап піскен, уыздай дәмді етін жеп, балдан тәтті сары қымызды рақаттана сіміріп, ит жүгіртіп, құс салу жайын әңгіме етіп, бие сауымындай мезгіл отырды. Содан кейін қайтадан хан сарайына келді. Тек хан Ордасының есігін аша бергенде, Барақ сұлтан қонақ үйде шақшасының ұмыт қалғаны есіне түсіп кейін қайтты да көп ұзамай қайта оралды. Басқа адам бұдан ештеңе аңғармағанмен, Әбілқайыр қас жауы Барақтың езуіндегі болмашы ғана күлкіден оның олжасы тек «ұмыт қалған» шақша емес екенін ұқты.

Хан төрдегі орнына отырғаннан кейін, байсалды үнмен сөзін бастап кетті.

— Россия қарамағына кіреміз дегеннен бері менің қасым көбеюде, — деді ол. — Қай халыққа болса да басқа жұртқа бағынышты болу өте қиын. Бірақ біздің жағдайымызда басқа жол жоқ. Жоңғарды жеңсең, ар жағында Қытай бар. Қытай боғдыханына бағыну — тіліңнен де, дініңнен де бірдей айрылу деген сөз. Ал Россия оған қарағанда әділ де, адал да жұрт. Жеріміз де, тағдырымыз да бір. — Кенет ол даусын көтере сөйледі. — Жоқ, не десеңіздер де Россияға қосылу — бізге қалған жалғыз жол!

Күндікке үндемей отырған Церен-Доржи кенет шіңк ете қалды. Алпамсадай денесі мен тұнжыраған түріне қарамай, үні қанден иттің даусындай жіңішке, ащы екен. Аузынан көбік ата, сөйлеп қоя берді.

— Тақсыр хан, қазақ еліне Россияға қосылудан бөтен жол жоқ дегенің бекер, — деді ол астындағы атлас көрпе жамбасына батып отырғандай, қозғалақтап. — Батыр адамның бәрін өзімізге қосып аламыз. Сені де! Сені де! Қатын патшасын ат құйрығына байлап өлтіреміз! Сосын орыс жерінен де асып, әрі қарай барамыз! Арғы бабаларымыз жеткен жерге біз де жетеміз! Одан да әрі кетеміз! Жолымыздағы қала біткеннің бәрін қиратып жоңғар мен қазақ малына жайылым етеміз. Адам біткеннің бәрін қойдай көгендейміз! Саған бұдан артық қандай жол керек?

Бөгенбай батырдың Церен-Доржиға жеркене қарағанын көзінің қиығымен шалып қалған Әбілқайыр:

— Сонда қазақ жерін қайтесіңдер, құрметті ноян? — деді ананың бар ойын білгісі келіп, — қазірдің өзінде жеріміздің тең жартысынан айрылдық… Ол жерді бізге кім қайтарып береді?

— Шын батырларды өзімізге қосып аламыз дедім ғой, — деді Церен-Доржи қайтадан шіңкілдеп, — оларға жер береміз. Ал қара халыққа жер неге керек? Өлсін! Қырылсын!

— Жарайды, сенің айтқаныңдай-ақ болсын, — деді Әбілқайыр. — Бірақ өзің орыс зеңбіректерінің қалай атылатынын көрдің бе?

— Көргем жоқ. Көргім де келмейді.

— Жерін тартып алмақшы болып жатқаныңда, орыстар сенің «көргім келмейді» дегеніңе көнер ме екен?

— Мен одан қорықпаймын, — деді Церен-Доржи, — маған боғдыхан ондай зеңбіректің мыңын береді.

Қызба қанды Жоңғар нояны, ашу үстінде бұл сөзді қалай айтып қалғанын өзі де білмеді.

Церен-Доржиға енді Барақ та тұнжырай қарады. Найман тайпасы жоңғарлармен көршілес отырғандықтан, бұл екі елдің арасында ұрыс-керіс ғасырлар бойы тынбай келген. Жоңғардың жеңіл-желпі шабуылдарына Найманның батыр ұлдары әрқашан да тойтарыс бере алған. Сөйтсе де, көп жылдан бері қатар көшісіп жүргендіктен, бұл екі жұрт кейде қыз беріп, қыз алысып та жататын. Әсіресе, мұндайда жоңғарлықтар қазақтың төре тұқымынан шыққан адамдармен жақындасуға құмар келетін. Бірақ Наймандар қазақ еліне жоңғарлар тиіссе болғаны, құдалығын да, көршілігін де ұмытып, қолына найзасын алып шыға келетін. Найманның бүкіл қазақ еліне әйгілі осындай батырының бірі Қаракерей Қабанбай еді. Барақ қызын Церен-Доржиға бергеніне Қабанбай батыр қатты ашулы дегенді де сұлтан естіген-ді. Сол себеп болды ма, әлде Қытай боғдыхандарының мәңгі қастығы есіне түсті ме, ол Церен-Доржиға: