— Бірақ саған келе жатқан қонақ ата-бабасының дінін ұмытқан шоқынды ғой?

— Сенің де қонағың жетісіп тұрған жоқ-ау, — деді Әбілқайыр Церен-Доржидың шүршіт дінінің адамы екенін ескертіп, — кейін жиеніңді сүндетке отырғызарыңда, бізді де тойға шақыратын шығарсың, Барақ сұлтан?

Барақ сұп-сұр боп кетті. Енді ол іштегі ашуын сыртқа шығарды.

— Қатын патшаның Теуіпкел арқылы саған жіберген сыйлығы да, Теуіпкелге сенің көрсеткен салтанат құрметің де таңғажайып болып еді ғой. Бірақ одан не шықты? Қазақ жерінде түнерген баяғы қара бұлт — сол қара бұлт… Төрт жағыңнан соққан ызғарлы сұрапыл — сол сұрапыл… Россия қарамағына алды деп, Еділ бойын жайлаған қалмақ мықтылары малыңа жайылым беріп отыр ма? Бұрынғыдан да өшігіп алды. Оларға тыйым салған қатын патша жоқ. Ал Ор бекінісі саған тек бізбен күресу үшін ғана керек.

— әрине, сол үшін керек!

Барақ не дерін білмей тоқтап қалды.

Сұлтанның айтып отырғаны шындық еді. Қазақ елінің Россия патшалығының қарамағында болуына күрделі еңбек істеп жүрген Тевкелев осыдан бір жыл бұрын ғана Сыртқы істер коллегиясына жолдаған хатында: «Қырғыз-қайсақ жұрты тәрізді қалмақ пен башқұрт халықтарының да сана-сезімі төмен. Бәрі де тағы және терең ойламайтын елдер… Егерде әлдеқалай біреуі Россия патшалығына қарсы бас көтерер болса, қалған екеуін оған қарсы пайдалану керек. Мұндай жағдайда біз айыпты емеспіз, біздің ұят-арымыз қашан да болса таза қалады» деген.

Россия патшалығы бұл елдерге қарсы өзінің отарлау саясатының бар әдісін пайдалана білді. Соның ішінде атам заманнан келе жатқан көне әдісі «бір ұлтты бір ұлтқа айдап салып, бөліп алып билеуді де» молынан қолданған. Демек, отаршылық саясатының осындай бір қатал әдістеріне қарамай, бұл ұлттардың болашағы тек Россияға қосылуда ғана қалған еді. Өзге жолдың бәрі, әсіресе Жоңғар хандығымен одақтасу тәрізді далбаса жолдар, қазақ елін мүлдем күйреу- ге апаратын…

— Өз билігің өз қолыңнан кеткен соң, бізді орыс басқара ма, жоңғар бас- қара ма, бәрібір емес пе? — деді Барақ сұлтан қайтадан сұрланып.

— Қонтайшы басып алған жерінің адамдарын тегіс қырып-жойып, тек өлі жандарды ғана басқарғысы келеді.

— Орыстар ше?

— Бүгінге дейін орыс саудагерлері біздің жерімізге тек керуендерімен ғана келіп жатыр.

— Соңынан солдаттары келгенде не болмақ?..

— Оны уақытында көрерміз. — Әбілқайыр тағы Церен-Доржиға қарады. — «Қорқау қасқырдан гөрі арыстанға жем болған жақсы» деген мәтел бар.

— Ендеше, ол арыстаның бізді неге қорғамайды?

— Істеп отырған қастығымыз аз ба?

— Қандай қастығымызды айтасың?

— Қазақ жерінен Ташкент, Хиуа, Бұхарға қарай аттанған орыстың бір керуенін тонамай, сау өткіздік пе? Сөйтіп отырып, орыс патшасына қалай қорған бол дей аламыз?..

Әбілқайыр ханның бұл айтып отырғаны да шындық еді. Бір мың жеті жүз отыз екінші жылы, полковник Гарбер басқарған жүзге таяу жауынгер қорғаушысы бар, орыстың Хиуа мен Бұхарға бара жатқан сауда керуені Астрахань атырабында тоналған-ды. Орыс саудагерлерінен тек Гарбердің өзі мен бірнеше солдаты ғана аман-есен құтылған. Өткен жылы, майор Миллер басқарған, Орынбордан Ташкентке бара жатқан дәл осындай орыс керуені тағы тоналды. Мұндай жағдайлар Ертіс, Есіл бойларында да жиі кездесе бастаған.

Әбілқайыр осыларды Барақтың бетіне әдейі салық етіп отыр.

— Орыс керуендерін өткізсең, елімізге бейбітшілік пен қуаныш орнайды дейсің ғой, Әбілқайыр хан. — Барақ сөзі енді тұтыға шықты. — Бұның бекер. Айтайын дегенім көп еді, бірақ орда сенікі…

— Айт! Айт! — деді Әбілқайыр мысқылдай. — Айтарыңды айтып жүрсің ғой, бөтен жер ме, менің ордам ба, саған бәрібір емес пе?

— Онда тыңда! — деді күреңденіп кеткен Барақ. — Әбілқайыр хан, сен елімізге тыныштық емес, бүліншілік әкелгелі отырсың!

— Мен бүліншілік әкелмей тұрып-ақ, қазақ жері Жоңғар қонтайшысы қырған жұрттың сүйегіне толған жоқ па?

Барақтың кенет ерні кезеріп, көзі ұшқын ата қалды.

— Әбілқайыр хан, сен өзіңнің қамың емес, халқыңның қамын ойлайды екенсің ғой! — Барақ Әбілқайырдың тамағынан ала түскісі келгендей шарт жүгініп отыра қалды. Церен-Доржи да тайпы табан етігінің қонышындағы пышағына қолын созды. — Кәне айт, айтшы шыныңды?!

Барақ сұлтанның оқыс қимылынан Әбілқайыр ханның беті бүлк еткен де жоқ. Сол сазарған қалпында селт етпей отыра берді. Тек есік алдында тас мүсін секілді қозғалмай тұрған қос күзетшіге көзінің қиығын аударып еді, екеуі бірдей қолдарындағы садақтарын Барақ пен Церен-Доржиға кезеніп тұра қалды.

— Жоқ, Әбілқайыр хан, — деді Барақ сұлтан, ашудан күреңденіп кеткен бетінің ызғары тарамай, — сен Ор бекінісін орыс патшасына бәрімізді матап беріп, тек өз басыңды жоғарылату үшін салып отырсың!

— Менің орнымда өзі¦ болсаң қайтер едің, Барақ сұлтан?

Жылан мен мысық арбасуындай, Ақ Орда ішін бір суық ызғар биледі. Ашулы Барақ тағы сөйлемек болып келе жатыр еді, бағанадан бері жұмған аузын ашпай отырған Бөгенбай батыр жартас үстіне қонған бүркіттей қомданып, саңқ ете қалды.

— әй, Әбілқайыр хан! әй, Барақ сұлтан! — деді сол қолын жоғары көтеріп, — хан мен сұлтан өзара қырқысып жатырсыңдар. Сонда қара халық бізді неге шақырдыңдар? Соларыңды айтыңдаршы!

— Иә, соны естілік, — деді Тайман батыр да сұрланып.

— Иә, иә, сөйле! Сөйле! — деді Әбілқайыр өз айыбын мойнына алғандай, Бөгенбайдың халық арасында қандай қадыры бар екені есіне енді түскен болуы керек, ол батыр сөзін бар ықыласымен тыңдамақ сыңай көрсетті.

Бөгенбай ат арқасына ерте қонған батыр еді. Осыдан он бес жыл бұрын өзі Үргеніш жақта жорықта жүргенде, жоңғардың бір аламан жасағы аулын шауып, қатын-баласын найзалап өлтіріп кеткен. Содан бері Бөгенбай ер үстінен түскен емес. Елінің жат жауларыменен сан айқасты. Және үнемі жеңіп жүрді. Бұл күнде атағы алты алашқа аян болып, даңқының көтерілгені соншалық, тіпті бұл істемеген ерлікті де қазақ бұған таңды. Бөгенбай аңызға айналды. Халқының осыншама құрметі мен өзінің жеке басының батырлығы арқасында, ол жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ елінің жауына қарсы жалау етіп көтерген көсемдерінің бірі болды. Қандай хан болсын, сұлтан болсын, Бөгенбаймен ақылдаспай майданға шықпайтын күйге жеткен.

— Иә, сөйле, Бөгенбай батыр! — деді Барақ сұлтан да.

— Сөйле десеңдер, сөйлелік, — деді Бөгенбай ішке тұнған ызасы мен уайымын әзер басып, — біз хан емеспіз халықты билейтін. Ал халықтың қаны төгілетін жерде жалғыз ғана хандар сөйлеп қоймаса керек-ті. Маған салсаңдар, орыс бекіністерінің маңында жұртқа қауіпсіздеу екені рас. Сол себептен де Жоңғар сойылынан пана іздеген көп ауыл, орыс шекарасына таяу көшіп барды емес пе? әрине, ол арада қара халықтың басына бәлендей жақсылық орнап жатқан жоқ. Сөйтсе де халық деген Сейхұн дариядағы балық тәрізді қаупі аздау тереңдікті іздейді. Орыс шекарасына да сол үшін таяу қонып жатыр. — Ол енді Бараққа қарады. — Ел мына сенің жақындарыңнан алыстау жерде түтінін түтетіп, малын бағып, асын тыныш ішкісі келеді.

Дәл осы сәтте Ақ Орданың есігі ашылып, үйге бүкіл Кіші жүзге аты шыққан әйгілі сұлу, Әбілқайырдың кіші тоқалы Нұрбике кербез кірді. Сұңғақ бойлы, тобылғы күрең, мөлдіреген қарақат көздерінде адамның жүрегін шөлдетер ашымық бір ұшқын бар. Басына киген алтын зерлі сәукелесі, үстіндегі белі қыналған алтын оқалы мауыты қамзолы көлеңкеде жанған шоқ тәрізді. Ырғала басқан әр адымында, жұмырланып, тола бастаған сымбатты дене бітімінде бір ерекше сиқыр ұялағандай, үйдегі еркектердің көзін бірден өзіне аударып әкетті. Ашулы сөздер ызғарымен күңгірт тартқан ақ боз үйдің іші кенет күн сәулесі түскендей жадырап сала берді.

— Мырзалар, қонақ үйге жүріп дәм татыңыздар, — деді ол, құралай көзінен сәуле төге, қоңыр даусын сәндене созып.

Нұрбикенің көген көздеріндегі қызығы мол бір құпия сыр жарқ етіп Барақтың бетіне төгіле түсті де кенет біреу үрлеп жіберген шамдай сөне қалды. Енді ол көзін төменірек отырған қос батырға аударған. Бөгенбай мен Тайман батырдың жүздері де тобылғының қып-қызыл шоғына тосылғандай әлденеге балбырап, қызарып кетті. Нұрбике сұлу түнде көрген тәтті түсі есіне түскендей ақырын жымың етті. Енді ол жаудыраған қарақат көздерінен махаббат күн шуағындай әсем бір жылылық төгіп, сұлу тоқалдың кіргеніне мән бермей отырған Бараққа қайта бұрылды.