Бөгенбайдың көзі әлдеқалай Тайманға түсіп кетіп еді, өткен бір жайлар есіне келді.

Онда бұл екеуі де қылшылдаған жас жігіт еді.

Сол жылдары Қанжығалы руы Қараөткел мен Керекудің түйіскен тұсындағы Ерейментау, Қоржынкөл, Ақкөл, Қоянды-Қойтас, Шақша деген жерлерді жайлайтын-ды. Ал Шекті руы Ақ Жайыққа құятын Жем өзенінің бойында көшіп жүретін. Жазы аңызақ, ыстық келіп, қысы қатты болар жылы екі ел бірдей Сырдың қамысты жағасына қарай жылысатын. Осындай Қанжығалы, Шекті рулары дария жағасында бастары қосылған жылы ұлан-асыр бір үлкен той болған. Қоңырат руынан шыққан атақты бай саудагер Қисан жалғыз ұлын сүндетке отырғызған. Осы тойда Арқадан келген Бөгенбай мен Шектінің жас жолбарысы Тайман қатты керісіп қалған. Содан бері екі ақиықтың бетпе-бет ұшырасып отырғаны осы. Ел басына күн туғанда жеке бастың кикілжіңі естерінен шығып кеткен-ді.

Күннің аңызақ ыстығына қарамай, тіркестіре тігілген хан ордасы — ақ боз үйдің есіктері түгел жабық. Жайшылықта жел соқсын деп түріп қоятын іргелері де түсіріліп қойылған. Он екі қанат ақ боз үйде осы бесеуінен басқа есік алдында жалаңаш қылыштарын кеуделеріне таяй ұстаған, еңгезердей қос күзетші мен сырлы тегенедегі сары қымызды сапырып отырған, ханның он сегіз жасар кенже ұлы Ералыдан басқа ешкім жоқ. Хан, сірә, кенжесі мен есік алдындағы күзетшілеріне сенетін болар, қонақтарымен сыр жасырмай еркін сөйлесіп отыр.

— Иә, Әбілқайыр хан! — деп еңгезердей қара сұр Барақ сұлтан, ұшы құлағына дейін жетіп тұрған, білеудей қара мұртын саусағымен сылап қойды. — Алысқа ат шаптырып, бізді неге шақырып отырғаныңды ішім сезеді. Қатын патша біздің елге Теуіпкелді қайта жіберсе, бұдан үш жыл бұрынғы «қарамағыңа кірдім» деген сенің сөзің жеткіліксіз болғаны ғой… — Ол Әбілқайырға мысқылдай қарады. Қазақ жерінде — Тевкелевті «Теуіпкел» деп атап кеткендіктен, оның кім туралы сөйлеп отырғанын бәрі де түсінді.

— Болжауың дөп тәрізді… Мырзаны қайта жіберуіне қарағанда бір менің уәдем әйел патша ағзамға жеткіліксіз болғаны хақ… Бірақ, — Әбілқайыр сол жағында отырған Церен-Доржиға көзінің қиығын аударды да тына қалды.

— Иә, айта бер, не «бірағы» бар?

Әбілқайырдың жүзі қуқыл тартып үндемеді.

— Айтамын деген сөзіңе, істеймін деген ісіңе іркілмейтін Әбілқайыр хан, неге үндемей қалдың? әлде арамыздағы жат адамнан қысылып отырсың ба? Айта бер, Церен-Доржи Қалден Цереннің елшісі болғанмен, менің жақыным…

Әбілқайыр езу тартты.

— Қалден Цереннің елшісі жақының болуына қарағанда, Жоңғар қонтайшысының өзі де досың боп шықпасына кім кепіл…

— Кекетпе, Әбілқайыр! Церен-Доржи жай ғана жақыным, емес, сенімді серігім…

Хан оның сөзін мақұлдағандай басын изеді.

Иә, қонтайшы Ордасында да алауыздық бар екенін ол білетін. Бірін-бірі аямауда бұлар арғы бабасы Шыңғысханның шын мұрагерлері еді.

Жоңғар тағының болашақ қонтайшысы, өзінің әкесінің туған інісі Шұно-Дабоны Қалден Цереннің қалай жойғаны жұрт арасына мықтап тарай бастаған. Жел болмаса шөптің басы қимылдамайтыны белгілі. Әсіресе, осы үйде отырған Бөгенбай батырға Шұно-Дабоның өлімі Қалден Цереннен болғаны айдан анық еді.

Дүниеде құпия қалар ештеңе жоқ. Бәрі де естіледі. Әсіресе жау ордасында болып жатқан оқиға, дұшпанына тез жетеді. Оған себеп: хан тағының бір құлағы бар. Ол — алтыны.

Жоңғар ордасының мықтылары екіге бөлінгенін Әбілқайыр бұрын да естіген. Алдын болжай білетін тәжірибелі Сыбан Раптан мен оның баласы Қалден Церен бар әскерін жеті сала етіп, ең алдымен қазақ жерін жаулап алу керек екенін жөн көрсе, ал жоңғар нояндарының бір тобы әскердің бетін Ертістің төменгі саласына бұрып, Сібірді алуды мақұлдаған. Бұл топ — осы Жоңғар хандығының негізін салған Чорас руынан шыққан Даян ханның ұрпақтары — жас нояндар еді. Соның ішінде бағанадан бері бір ауыз сөз айтпай түнеріп отырған Сыбан Раптанның ортаншы ұлы Церен-Доржи да бар. Бұлардың жатса-тұрса көретіні сонау Сібірде қалған ата-бабаларының молалары. Солардың аруақтары «сенің ата мекенің осы ара — біз жатқан жер» деп шақырып жатқандай көрінетін оларға.

Сібірді жаулап алудың керектігін жас нояндардың құлағына кімдердің құятынын Әбілқайыр Қалден Цереннен кем білмейді. Бұл кезде орыс әскерінің алдыңғы шебі Манчжурияның шекарасына жеткен-ді. Ол аз болғандай, сонау Тынық мұхитта да орыс кемелері жүзе бастаған. Міне, сондықтан да Қытай әміршілері жоңғар жолбарысының тұмсығын Сібір жағына қарай бұрғысы келген. Осы жолбарыс өзінің болаттай өткір тістерімен Тынық мұхитқа созылған қатын патша қолының күре тамырын орып түсуін арман ететін.

«Қытай — жер кіндігі болғанда, жер шарының шеттері де Қытайға жатуға тиісті!» — боғдыхандар. Олар Сібір өңірін де қосып алып, қала салмақ болды. «әзірге бұл араны жоңғар жолбарысы мекендей тұрсын, ал уақыты жеткен шақта оны әрі қарай, күнбатыс жаққа қуып жіберіп, бар тайганы өзіміз жайлаймыз», — деп ойлаған.

Ал Қалден Церен, көмейі қанша кең болғанмен, орыс жерінің тамағынан өтпейтінін түсінетін. Сібірді жұтамын деп қақалып жатқаннан гөрі, басы бірікпей жүрген қазақ елінің кең байтақ даласын біртіндеп қарамағына алып, Ұлы Жоңғар мемлекетін құруды тиімді санаған. Ондай мемлекет құру үшін қазақ елінің тең жартысын қырып тастап, қалған жартысын басқа елдерді жаулап алуға пайдаланбақ болған. «Бүкіл әлемді сілкіндірген» жирен сақалды ұлы бабасы да дәл осылай істеген…

Бірақ Қалден Цереннің бұл ойына Чорас руынан шыққан жас нояндар көнгісі келмеді. Олар енді өздеріне серік іздей бастады. Бұндай бірен-саран серіктер қазақ сұлтандарының арасынан табыла кетті. Соның бірі Барақ еді. Ол жақында өзінің кіші қызын осы Церен-Доржиға берген. Бұны да Әбілқайыр білетін. Және ол бүлікшіл Церен-Доржиды қазақ жеріне айдауға аттандырғандай, Қалден Цереннің әдейі жібергендігінен де хабардар еді. Қазақ даласында ұзақ уақыт жүргендігін пайдаланып Церен-Доржи Орта жүздің кей сұлтандарын өзімен одақтас етіп те үлгірген. Ал жоңғар нояндарына еріп, қазақ сұлтандарының Сібір қалаларын шабуға шығуы қазақ еліне ажалмен тең түсетін апат екенін ұққан Әбілқайыр енді екеуінен де сырын жасырмауға бел буды. Өйткені Барақ пен Церен-Доржидың одағы — қазақ елінің Россия қол астына кіруіне қарсы ұйымдастырылған қауіпті одақ еді.

— Жақсы, — деді, қияқ мұртының ұшын бір ширатып қойып Әбілқайыр, — қазақта мақал бар ғой «Сырыңды айтпа досыңа, досыңның да өз досы бар» деген. Бәрібір мен айтқан сырды Барақ сұлтан өзінің досы Церен-Доржи мырзаға айтпай қоймас, ашық сөйлесейік.

Барақ сұлтан езу тартты. Кенет ол «қашаннан бері мені өзіңе дос санайтын бола қалдың?» деп Әбілқайырдан сұрамақ болды да, сабыр сақтап, өзін-өзі баса қойды.

— Жарайды, — деді сосын түксиген қабағын сәл жадыратып. — Теуіпкелдің келе жатқанын естідік. Ол неге келе жатыр екен? Қайсымызды теуіп кетпек? Мені ме, Абылай сұлтанды ма, Әбілмәмбет ханды ма, қай қасыңды? әлде Ор қаласын салғалы келе жатыр ма?..

— Мүмкін…

— Қайдам, сен салдырмақ Ор қаласы, бәрімізге бірдей қазылған орға айналмаса нетсін…

Әбілқайыр ханның Россия патшалығының қол астына кірумен қатар, патша үкіметі алдына қойған екі негізгі мәселесі болатын. Бірі — Кіші жүз еліне Еділ мен Жайық өзендерінің аралығынан жайылым беру. Екіншісі Ор өзенінің Жайыққа құятын сағасынан Ор қаласын салу, Әбілқайырдың ондағы ойы — қол астындағы орыс бекінісі арқылы өзінің билігін күшейту, бекіністегі әскерді бақ күндес сұлтандарға қарсы пайдаланып, үстемдігін арттыра түсу; бүкіл қазақ елін өз дегеніне көндіру. Бірақ бұл екі тілегінің екеуі де әзір орындалмай тұр. Бар мәселе әзірге екі жақтан бірдей қағаз жазылумен ғана аяқтала берген. Тек бір мың жеті жүз отыз төртінші жылы қазақ жерінің батыс жағын басқаратын Орынбор экспедициясы құрылғаннан бері Ор өзенінің төменгі сағасына қала салудың мәселесі қайта қозғалған. Барақ сұлтанның «әлде Ор қаласын салуға келе жатқан шығар?» деуі осыдан еді. Хан жауабына шамданып қалған сұлтан кекесін сұрағын жалғай түсті.

— әрине, Теуіпкелді ана жылғыдай құрметтеп, сырнай-кернейлетіп қарсы алатын шығарсың?

— әлбетте. Россия секілді дос елдің елшісі түгіл, қас еліміздің де елшісін қошаметтеп, төрімізге шығарып отырмыз ғой… — Хан Церен-Доржиға қарап қойды.