— Ағатай-ау, бұдан да өлгеніміз жақсы еді ғой! — деді Бөгенбайдың қасында ашуға булыққан әлгі жас дауыс.

Бөгенбай жалт бұрылды. Қарсы алдында үріп ауызға салғандай бір жас жігіт тұр. Оның көзінде тұнған мөлдір жасты көрді де:

— Аттарыңа мініңдер! — деді.

Бұл жас жігіт Науан ұстаның жалғыз баласы, соңынан ерлігімен бүкіл қазақ еліне аян болған Керей еді. Ол серіктеріне жүгіре жөнелді.

Аздан кейін:

— Аттан! — деген Бөгенбайдың күшті даусы шықты.

Тау арасы ұранға толып кетті.

— Ақжол! Ақжол!

— Бөгенбай! Бөгенбай!

Кертөбелімен ойқастап шыққан Бөгенбай, ат қарқынын тоқтатпастан келіп, қара шоқпарымен қос қолдай соғып, ә дегенде Лоло-Доржиды ұрды. Ол дүниенің не болып кеткенін білмей ат жалын құшақтап шаба жөнелді. Жоңғарлар есін жиғанша қазақ жігіттері біразын жайратып салды.

Жоңғардың қатыгездігінен жандары түршігіп, әбден ызаланған жігіттердің әрбіреуі он кісінің қимылын істеді. Қолбасшылары жараланған, әрі күтпеген жерден тиген соққыдан абыржып қалған жоңғарлар қаша жөнелді. Бірақ тау арасындағы тар шатқалдан жол тауып құтыла алмай, көбі сойылға жығылды. Тек екі жүзге жетер-жетпесі ғана қашып құтылды.

Үшінші «қалмақ қырылған» ұрысы осылай аяқталып еді. Бағанағы Лоло-Доржиға барып, өтініш айтқан қыз Әбілқайырдың қарындасы Сақыпжамал бикенің өзі екені.

Ұрыс біткеннен кейін, Бөгенбай жігіттерімен Кіші жүз еліне қонаққа бар- ған, Бөгенбайдың батырлығына риза болған Әбілқайыр және бұл секілді батырды өз жағында ұстауды жөн көріп, Сақыпжамалды Бөгенбайға қосты.

Бөгенбай сол бетімен осы жақта қалып қойған. Содан бері ол Ұлы жүз бен Кіші жүздің түйіскен жерінен қоныс алып, осы арада бес жылдай отырды. Әбілмәмбетке өкпелі Бөгенбай әлі де осы жақта қала берер ме еді қайтер еді, жақында Абылай сұлтаннан кісі келген. «Қазақ елінің алдында әлі талай асу бар, батыр елге қайтса жөн болар еді» депті Абылай. Оған Бұқар жырау да өтінішін қоса жолдапты. Бұл арада да Бөгенбай абыройсыз болған жоқ. Сан ұрысқа қатынасты. Халқының алғысын алды. Әйтсе де, кіндік кесіп, кір жуған жерін өзі де сағынып жүр еді. Әрі ойлап, бері ойлап, ақыры елге қайтуға келісім берді. Осылай, әне-міне көшемін деп жүргенінде, кеше Әбілқайыр ханнан да шабарман жетіп, «Ордаға келсін! деген хабар әкелді.

Бөгенбайдың бүгінгі толқуы осыдан еді. «Хан неге шақырды екен? Менің көшкелі жатқанымды біреу жеткізген ғой шамасы. Енді ашық айтуға тура келеді…»

Ол не де болса хан ордасына барып қайтпақ болды.

ІІ

Орта жүз ханы Сәмеке Сарыарқаның түкпірі Нұра өзенінің арғы бетіне қарай ығысқанда, Күші жүздің ханы Әбілқайыр ордасын Ырғыз өзенінің жағасына әкеп тіккен.

Бұл кезде қазақ елі жоңғарлармен тайталас түсіп, кейде жеңіп те жүрген. Осындай жеңістің бірі Әбілқайыр хан мен Тайман батырдың басқаруымен Сарысуға құятын Бұланты өзенінің жағасында, ал екіншісі тағы осы Әбілқайыр мен Бөгенбай батырдың басқаруымен Қошқарата мен Боралды өзендерінің жоғарғы сағасында болған. Сол айқастардан кейін Әбілқайыр хан тікелей жоңғар әскерімен соғысуды қойған. Оның көңілі енді басқа бір күрестерге ауған.

Ал бірақ Әбілқайыр көшіп кеткенмен, қазақ елі Жоңғар шапқыншыларына қарсы шығуын тоқтатпады. Күрес күннен-күнге үдей түсті. Әсіресе Іле мен Қаратал өзендерінің бойында Қабанбай мен Баян батырлар бастаған халық жасақтары жоңғарларды сан рет жеңді, әйтсе де бұның бәрі, негізі мықты құрыл- ған жоңғар әскерін күйрететіндей күшке айнала алмады. Тек басқыншыларды тойтаруға болатынын көрсететін, халықтың рухын көтерер айқастар өресінен аспады.

Жоңғарды жеңген күнде, ар жағында одан да күшті, өзіне көз тіккен Қытай боғдыхандары бар екенін еске алмаған жұрт осылай, өз тағдыры үшін жан аямай күресе берді.

Сөйтсе де, ел басына туған күннің тым қатерлі, қазақ жеріне қызыққан көршілерінің қауіпті екенін ойлағандар да табылды. Соның бірі Кіші жүздің ханы Әбілқайыр болды. Ол енді батыс жаққа үміттене қарады. Бірақ ханның Ырғызға көшіп келісімен қазақ пен қарақалпақ елінің атынан «қарамағыңызға алыңыз» деп жазған хаты Петербургке жеткенде, орыс әкімдері таң қалмады. Жоңғармен күресіп жатқан қазақ елінің түбі өзіне осылай келіп пана сұрайтынын олар бұрыннан да білетін. Сол себептен аптықпай, қазақ елінің шын жағдайын түсіну үшін, Россия патшалығы арнаулы елші жіберуді ұйғарды. Россия әкімдері шығыс көршілеріне өз қарамағындағы мәдениеті, дәстүрі, тілі жақын кісілерден елші жіберуді әдет етіп келген. Бұ жолы да со дағдысына салып, татар молдасы Мақсұт Юнус оғлын аттандырды.

Кіші жүздің ханы бұл молдамен бір мың жеті жүз жиырма алтыншы жылы қарақалпақ жерінде кездесті. Осы кездесуден кейін Әбілқайыр: «Еділ қалмақтары тәрізді бізді де қарамағыңызға алыңыз» деп ақ патшаға хат жазып, Қойбағар Көбек ұлын бас етіп тағы елшілер аттандырды. Бұл елшілерге: «Қайтсеңдер де патша ағзамнан башқұрт жері мен Жайық өзенінің ортасында көшіп жүруге және Россия қалаларына барып сауда-саттық істеуге рұқсат алуға тырысыңдар», — деп тапсырған. Бірақ шығыс жағында әлі әбден бекініп болмаған Россия патшалығы, қазақ елін қарамағына алса, Жоңғар қонтайшысымен бұрынғы қарым-қатынасын бұзуы мүмкін екенін еске ұстап, тоқ етер жауабын түрлі сылтаумен соза берді. Россия патшалығының қолтығына кірген Еділ қалмақтары мен башқұрт елінің «мұртын балта кеспей отырғанын» көрген Әбілқайыр Россия патшалығына «қарамақтарыңа ал» деп, әлсін-әлсін хат жазып, елшілер жіберуді қоймады. Ақырында қазақ елінің өзіне бағынышты бо- луынан тек пайда түсетінін ұққан, Бірінші Петр патшадан кейін таққа отырған Анна Иоанновна Әбілқайыр ханның бір мың жеті жүз отызыншы жылы нау- рыздың сегізі күні «қорғандық» істеуін өтінген қағазына жауап ретінде, қыр- ғыз-қайсақ жұртын қарамағына алғандығын білдіріп, бір мың жеті жүз отыз бірінші жылы февральдың он тоғызыншы күні указ шығарды. Бұл указды бір мың жеті жүз отыз бірінші жылы октябрьдің бесі күні Ырғыздағы Әбілқайыр Ордасына Сыртқы Істер коллегиясының тіл машығы — аударушысы Мұрза Тевкелев әкеп тапсырды. Россия патшасы Кіші жүзді өз қол астына алғанын естіп, Ұлы жүздің атынан Қодар би, Төле би, Сатай батыр, Бұлақ батыр қол қойған, «бізді де қол астыңызға алыңыз» деп Анна Иоанновнаға жазылған өтінішті Петербургқа Қангелді батыр алып келген. Сөйтіп, қазақ елі мен Россия жұртшылығының арасындағы жаңа дәуір басталды.

әйтсе де Әбілқайырға берілген указдан кейін де қазақ елінің Россия патшалығымен қарым-қатынасы бірден жөнделіп кете алмады. Башқұрт пен Еділ қалмақтарының шабуылы да тыйылмады. Ханның Россияға арқа сүйемек болғанына риза емес қазақтың өзге сұлтандары, әсіресе, Әбілқайырдың бақ күндес қастары оның саясатына кедергі жасап, кіжіне түсті. Осындай қамшысын білегеннің бірі Барақ сұлтан еді.

Жоғарғыдай жағдай туған кезде, патшаның өзі «миллион сомға дейін шығын шығарсаң да, қазақ жерін Россияға заңды түрде бағындырудың жолын тап» деп бұйрық берген Тевкелев қайтадан Әбілқайыр ордасына аттанды. Бұл хабарды «ұзынқұлақ» Кіші жүз ханының Ордасына тез-ақ жеткізді. Сол күні-ақ Әбілқайыр Тевкелевпен кездесу қамына кірісті. Ең алдымен үзеңгілес батырлары мен өзіне қарсы жақтың ойларын білгісі кеп, Бараққа, Бөгенбайға, Тайман- ға, бір тайпаның ақсақалы — биі Бөгенбайға ат шаптырды. Бөгенбайдан өзгесі хабар алғаннан кейін, көп кешікпей хан ордасына жетті. Бөгенбай мен Тайман жайшылықтағы өз серіктерімен келсе, Барақ сұлтан әжептәуір қарулы қолмен хан ордасына кеп түсті. Және неге екені белгісіз, өзінің ежелгі қасы, қан майданда сан атысқан Қалден Цереннің елшісі Церен-Доржиды ерте келіпті.

Бұл бір мың жеті жүз отыз төртінші жылы еді. Әбілқайыр Ордасы бүгінгі қонысы Ырғыз өзенінің жағасында. Қазір хан ордасында бірнеше адам отыр: Қанжығалы Бөгенбай, оның қарсы алдында Шекті руының аты-шулы батыры Тайман. Бұлардан жоғарырақ, Әбілқайырдың оң жағында Найманның сұлтаны Барақ… Жұрт оны қайсарлығы, ержүректігі үшін Көкжал Барақ атаған. Ханның сол жақ бүйірінде, Бөгенбайдан жоғарырақ, Жоңғар ханы Қалден Цереннің елшісі, қара түндей түнерген Церен-Доржи…