— Солай де… — деді Әбілқайыр қайтадан.

— Солай…

Әбілқайырды кенет ашу қыса қалды. Өзімен іштей арбасып отырған баласы Нұралының бір тайпа елдің ханы екенін ұмытып кетіп, жанында жатқан хан асасының астына алып, сойып салмақшы да болды. Асасына қолының тез барып қалғанын өзі де сезген жоқ, бірақ одан артық қимыл етпеді. Өйткені, Нұралының да ұзын тарамыс саусақтары беліндегі Хиуа қанжарының сабын қыса түскенін көзі шалып қалған.

— Солай де!..

— Солай!

Дәл осы кезде ауыл жақтан үлкен бәйбішесінен туған қызы Жанат көрінді. Жанында қалмақ тоқалы тапқан сегіз жасар ұлы Шыңғыс бар. Екеуі ұрысқан адамдай тымырайысып отырған әкесі мен үлкен ағаларына әдеппен сәлем берді. Жанат сұңғақ бойлы, әкесіне тартқан сұрша қыз. Түр-келбетінде сұлулықтан гөрі тәкаппарлық, қайсарлық басым. Киген киімі де ауылдың қос етекті, камшат бөрікті, алтын сырға, күміс шолпылы бойжеткендеріне ұқсамайды. Киімдері жауынгер көшпелі елдің ат үстінде өскен қыздарына лайық ықшам. Белінде күміс сапты қанжар таққан жалпақ белбеу, үстінде белін қынаған қысқа жеңді мауыты пешпент, балағын оюлаған кестелі шалбар. Аяғында биік өкшелі шоңқайма етік. Басында құндызбен әдіптеген шошақ бөрік. Ұзын шашын бөгет болмауы үшін шашбауымен қосып белбеуіне қыстырып қойған. Нықтап басқан аяғының ырғағына қарай, қыпша белі болмашы бұраң тартқанмен, жазы өтіп, күзге қарай сояулана бастаған балқурайдай, дене бітісінде буыны әбден қатқан егделік байқалады. Жанындағы қалмақ өңдес жалпақ бет, тобылғы күрең бала жігіттің тұтас біткен төртбақ дене құрылысы алып күштің иесі боларын көрсетіп тұр. Бұның кигені де хан баласына тақа лайық киімдер емес. Белінде қанжарлы қалың қайыс белбеу. Үстінде ықшам, жағасын қара барқытпен көмкерген қызғылт шапан. Аяғында кең қоныш былғары етік, басында елтірі бөрік.

Балаларының сәлемін алып, Әбілқайыр:

— Жай жүрсіңдер ме, Жанатжан? — деді.

— Жай емес. Бүгін таңертең Қарақыз жеңешеме «Шыңғыс қалаға жүреді, жолға дайында» депсіз. Қашан және қанша уақытқа барады? Ұзаққа ма, әлде аз күнге ме? Соны сұрағалы келдім.

Жанаттың «Қарақыз жеңеше» деп тұрғаны — әкесінің қалмақтан алған тоқалы. Қалмақ есімін дұрыс айта алмағаннан кейін, ауыл әйелдері қара күрең түсіне қарай Қарақыз ханым деп атап кеткен. Бүгін түнде Әбілқайыр ортаншы бәйбішесі Үкілімайдың үйіне қонып шыққан. Бұл Жағалбайлы руының бір атақты байының қызы болатын. Бақытсыз Нұрбикеден кейінгі ең сұлу әйелі. Әбілқайырға аздаған ықпалы да бар. Түнде ханның көңілінің кеңіген бір шағын тауып, бір жағы өкпе, бір жағы назы етіп: «Хан ием, Қожахмет ұлыңды қашан- ғы орыс бекінісінде ұстайсың, сағындым ғой, қайтатын уақыты жеткен жоқ па? Орнына тоқалдың баласын жіберсейші, о да сойталдай жігіт болып қалды ғой», — деген.

Әбілқайыр ортаншы ұлы Қожахметті өзі де жақсы көретін. Аманат ретінде Орынборда тұрып жатқанына жеті жылдан асып кетті. Оның үстіне Ор өзенінің бойын жайлаған Жағалбайлы руы Ор бекінісі салынғаннан бері өзге рулардан гөрі өздерінің күйеу баласы — Кіші жүз ханына анағұрлым ала көз. Әбілқайыр өзі де биыл Қожахметті Орынбордан алып келіп, Жағалбайлы жұртына — нағашы еліне жібермек еді. Жиендерін көріп, мүмкін Жағалбайлы да жібір, ағайынның араздығы басылар деген үміті де бар.

Осындай ойға бекіген хан Қарақыз тоқалына таңертең «Шыңғысты дайында, қалаға жүреді» деп бұйырған. Ханым: «Не үшін, қанша уақытқа жүреді?» деп сұрауға бата алмаған. Ханның сыры әйелдеріне мәлім, өз еркімен бірдеме демесе, сұрап одан ештеңе де біле алмайсың. Сондай мінезіне қанық Қарақыз бике үндемей қала берген. Тек үйіне Жанат келгенде ғана «Баламды қайда апармақ? Қанша уақытқа? Неге апармақ? Біліп бер» деп жалынған. Ал Әбілқайыр болса, өзге балаларына қатал болғанымен, Жанатқа келгенде жаны бөлек, оның айтқанын екі етпейді.

— Шыңғыс ұзақ уақытқа барады. Мүмкін бірер жыл ауылға қайта қоймас, дұрыстап дайындасын, — деді.

Шыңғыс сұп-сұр боп кетті. Баласының кенет өзгерген түрін көріп, Әбілқайыр сәл жібіді.

— Жігіт болып қалдың, саған да шет жұртты көрген жөн. Тәлім-тәрбие, өнер үйренуің керек, — деді.

Хан жанында тұрғандар бала жігітті аманатқа апара жатқанына шек келтірмеді.

— Жақсы, — деді Шыңғыс басын иіп.

Әбілқайыр орнынан түрегелді. Ол бағанадан бері күншығыс жаққа әлсін-әлсін көз жіберіп алаңдап отырған. Сол тұстан кенет үш салт атты көрінді.

— Құдабайлар ғой, — деді Әбілқайыр, — сендер ордаға қайта беріңдер.

Жанат келе жатқан салт аттылардан көзін айырмай сәл тұрды. Қайтқысы келмеп еді, бірақ әкесі мен аға-інісінен ұялды ма, бұрылып кетті. Нұралы, Шыңғыс үшеуі ауылға қарай беттеді. Келе жатқан үш салт аттының бірі Құдабай — әкесінің хатшысы әрі тілмашы. Орынбор маңындағы қазақ ауылдарынан. Келбетті және тепсе темір үзетін жас жігіт. Осы жігітпен былтырдан бері Жанат көңілдес. Көрмесе сағынып қалады. «Осыған барам» деуге әкесінен жас- қанады. Қарадан шыққанға төре тұқымы қыз бермейді. Еркін өскен хан қызы сол себептен де үй ішіне білдірмей, бүгінге дейін жігітпен құпия кездесіп келген. Жақында Қазалы қаласының маңындағы датқа құдалары келмек. Күйеу келетін мезгіл таяған сайын Жанат Құдабайға елте түсуде. Ханның тапсырмасымен кеткен жігітті алты күн көрмей қалып еді, жанын қоярға жер таппады…

Әбілқайыр сырға өте берік жан. Ал алда-жалда көңілінің бір күмәнін ашқысы келсе оны тек Жанатқа ғана айтатын. Өйткені әке балаға сыншы, Жанат заты әйел болғаныменен, өзіне тартқан қатыгез, сырға берік тұңғиық екенін білетін. Әбілқайыр Неплюевтен: Ор қаласына келсін, онда Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан болады деген хабарды алысымен Орынборға жанына он бес жігіт нөкер ертіп осы Жанатты жіберген. Қызы арқылы Неплюевке: «Әбілмәмбет Жоңғар қонтайшысы Қалден Церенмен жақындасқалы жүр. Қалден Церен оған Түркістан шаһарын қайтарса, Жоңғарлармен қайтадан татуласпақ, достықтың белгісі етіп аманатқа бір баласын жібермек. Егер Әбілмәмбет Ор қаласына келе қалса, одан Жоңғар жағына шықпаймын және ақ патшаға адал қызмет істеймін деген антын алу керек. Және Әбілмәмбет сөзінде тұруы үшін бір баласын аманатқа тапсырсын. Ал аманат баласын әкеліп бергенше, өзін жібермей, тұтқын ете тұрсын» деген. Жанат Неплюевке бұл сәлемді бұлжытпай жеткізді. Бірақ әкесі бұл сырды ешкімге айтпа дегеніне қарамай, әлдеқалай Құдабайға айтып қойды.

Осы Құдабайды Әбілқайыр Ор қаласына келе жатқан Әбілмәмбеттің алдынан шығарған. Күшігінен асыраған итіндей хатшысына екі-үш күн Әбілмәмбеттің қасында болып, бар сырын біліп келуді тапсырған.

Әбілқайыр кешеден сол Құдабайды тыпырши күтуде еді. Белестен салт аттылар көрінісімен, сабыры қалмай, әрі-бері жүре бастады.

Құдабай атынан түсіп, ханның қасына жаяулап келді.

— Армысыз, хан ием?

— Барсың ба, жарқыным? Қандай хабар әкелдің?

Кенет ханның көзі Құдабайдың беліндегі жарқыраған күміс белбеуге түсті. Кісесі де, кішкентай қанжарлы қынабы да сом күмістен соғылған. Әттең не керек, бұл күміс белбеу ненің төлеуі болғанын білер ме еді. Ханның өзіне сезіктене қарағанын бірден ұққан хатшы, титтей де абыржымай бейқам тұр.

Хан күдігі тез тарады. Жанатқа тапсырылған құпиядан хатшым хабардар болып қалған жоқ па екен деген сұрау оның ойына кірмеген. «Хатшыма мынадай бір қаралық белбеу тартқаны, — Әбілмәмбет ханның менімен тіл табыс- қысы келгені ғой» деп жақсылыққа жорыды.

— Айта бер, не естіп, не көрдің?

— Естігенім де, көргенім де аз. Тек бар түсінгенім, орыс патшасымен араздасар Әбілмәмбет те, Абылай да жоқ… Ал Жоңғар қонтайшысымен келіссөз жүргізулері жай қулық тәрізді..

Құдабай көрген-білгенін түгел айтты. Кенет Әбілқайыр әлденені ойлана қалды.

— Қастарында ақылгөйі Бұқар жырау бар ма екен?

— Жоқ… Көргем жоқ.

— Сонда қалай болғаны?… Бұқар жырау ел көзі ғой. Келмеуіне қарағанда жұрты хандарының ойын ұнатпағаны ма?

— Білмедім. Губернатор жырауды шақырмаған шығар…

Енді олар Ордаға қарай аяңдады.

Үш күн өткен соң Әбілқайыр қасына Кіші жүздің қырықтан аса ақсақалдары мен батыр, билерін ертіп Ор қаласына жүріп кетті.

… Бір мың жеті жүз қырық екінші жылы жиырмасыншы август күні Неплюев Ор бекінісіне таяу Тасөткел деген жерде қазақ хандарымен кездесуге шатырларын тіккізді. Бұдан үш күн бұрын жеткен Әбілқайыр Орынбор губернаторы кеңеске тек қана Әбілмәмбет пен Абылай, Барақтарды шақырып қоймағанын білді. Жоңғар елшілері Кошка мен Бурун, олардың серіктері — қарақалпақ батырлары Момор мен Құшақтың да губернатор шақыруымен келгенін естіді. Екі күннен кейін Неплюевтің бұйрығы бойынша, Әбілқайырдың екі ұлы Ералы мен Нұралы да өздеріне арнап тігілген үйге келіп түсті.