Бұл адамдардың өздері де, тағдырлары да таныс болғандықтан ба, хан енді әлгі оқиға жайын естен шығаруға тырысты. Бірақ оның ойынан бір нәрсе кетпей-ақ қойды.

Ұрыста ер жігіт қаза тапты деп ешкім де ханды сөкпесе керек еді. Бұл ел салтында жоқ. Ал бүгін неге бұлай болды? Ханды балағаттар, аяулы итін өлтіртер бұларға мұндай желік қайдан бітті? Мұнда қандай себеп бар? Жалғыз қара халық емес, батыр, сұлтандар да Әбілқайырға қарсы сөйлеуді жиілетіп жүр. Осылардың бәрінің түбірі неде? Жарайды, жұрт ұрыстан, соғыстан қажыды делік. Мезі болған жұрттың тілі де шыға бастауы мүмкін. Бұл бір ақиқаты болар. Екіншісі неде? Екіншісі… Әбілқайыр мойындағысы келмегенмен мойындауға мәжбүр болды. Екіншісі — «Ақтабан шұбырындының» алғашқы жылдарындағыдай емес, халық алдында қадірінің түсе бастағанында еді.

… Түн ортасы ауа хан өзінің ауыр ойларынан сергігендей сезінді. Қарсы алдындағы ошақтың қызыл шоғы сөнуге айналған. Тынық түнде жас қи түтінінің болмашы күлімсі исі келеді. Арғы беттен өгізшағаланың құлаққа жағымсыз айқайы естіледі.

Әбілқайыр отырған диірмен тасынан түрегелді. Кенет өн бойы дірілдеп кетті. Қарсы алдында бүгін ғана жығылған ақ отаудың жапырылған орны жатыр екен. Иә, бұл бір кезде ханның жанындай жақсы көрген тоқалы Нұрбикенің қымбат ақ отауының орны еді…

ІІІ

Қазақ даласының Россия қол астына кіруін бір куәлік қағазбен, не бір указ күнімен атау мүмкін емес. Бұл ондаған жылға созылған ұзақ, қайшылығы мен қиындығы мол ауыр қалыптасу кезі еді. Және қазақ елінің Россияға қосылуын бір ханның, қала берді бірнеше қайраткердің есімдерімен ғана байланыстыру — о да дұрыстыққа жатпайды. Бұл заңды шешімі бар, саяси, экономикалық, әскери фактілер секілді көптеген себептермен шиеленіскен дәуірінің тілегіне қарай тарихтың өзі жаратқан перзенті. Россияға қосылу — рулар арасындағы талас-тартыс, сол рулардың жағрафиялық жағдайы — толып жатқан қасын да, досын да тудырды. Бір жағынан, ұшы-қиырына құс жетпес кең даласында қазақ қауымының қалыптасқан тұрақты экономикасының жоқтығы және негізгі кәсібі құбылмалы, көшпелі, тұрмыспен байланысты болғандығы, екінші жағынан, Жоңғар шапқыншылығының дүмпуі әсер етіп, ру басшылары өздерінің Россияға бағыну саясатын әрдайым өзгертіп отырды. Мұндай жағдайда Россия қол астына кірудің кешегі қолдаушылары бүгін оған қарсы шығып, ал кешегі қарсыларының бүгін оны жақтауы — таңқаларлық іс емес-ті.

Бірақ келешекке керексіз, болашағы жоқтың бәрін өзінен әрі итеріп, тарих доңғалағы алға қарай айнала берді. Осылай қазақ даласына аяуды білмес, орасан қатты жаңа тарихтың дауылды көктемі келді.

Сондай-ақ Әбілқайыр ханның Анна Иоанновнаға 1730 жылы жазған хатындағы «қорғаныңызға алуыңызды тілейміз» деген сөзді соңынан шыққан ресми қағазда «Россия қол астына алуыңызды өтінеміз» деп өзгертуі жайындағы ғалымдардың таластарының да керегі шамалы. Әрине, тарихи куәлік қағаздардың дұрыс аударылғаны жақсы-ақ, бірақ бүгінгі күні «қорғаныңызға алыңыз», не болмаса «қарамағыңызға алыңыз» деген сөздердің қандай айырмасы бар?

Тарихи деректерге қарағанда, Россия патшасы Анна Иоанновна Әбілқайыр ханға берген грамотасында: «… Өздеріңнің өтініштерің бойынша жоғарғы көрсетілген тараулардың негізінде, қырғыз-қайсақ ханы Әбілқайыр, сені және бар қырғыз-қайсақ әскерін қол астымызға алдық… Сондықтан хан мен оның бар әскері біздің императорлық мәртебеміз бен оның мұрагерлеріне мәңгі-бақи адалдығын сақтауы керек» делінген. Бұл грамотада: «Адал және әділетті» патшаға қызмет істеу, соғыс кезінде Россия әскери басшыларының қарамағына қару-жарақты қол болып келуі, Жайық єазає-орыстары, башқұрт, қалмақ секілді Россияға бағынышты ұлттарды шаппауы, қазақ жері арқылы өтетін орыс-сауда керуендерін тонамау, бұрын-соңды қолға түскен орыс тұтқындарын қайтару секілді қазақ хандарының міндеттері көрсетілген. Сонда ғана Россия патшалығы қазақ елін өз қорғанына алмақ болған.

Әбілқайыр хан да, одан кейін «Россия қол астына кіріп адал қызмет істеуге» ант берген Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан да, сол жылы Бұғыбай мен Есет батыр бастаған Кіші жүздің үш жүз тоқсан тоғыз «игі жақсылары» да Россияға бағыну деген ұғымды қорған болу деген мағынада түсінген.

Не дегенмен де бұл кезеңнің басты маңызы — қазақ елі осы шақтан бастап Россияға арқа сүйей отырып, өзінің шаруашылығын, саясатын, енді сол Россияның көз-қарасымен байланыстыра жүргізуінде болды. Бұл тарихи керек жағдай еді. Және бұл жағдай осы кезден бастап, алдындағы бөгеттердің бәрінің күл-талқанын шығарып, әрі қарай дами түсті.

әрине, мұндай тарихи ауыр күрес-қимылдарда бағынышты қазақ елі мен патшалық Россия секілді отаршылық саясатты ұстаған екі жұрттың арасында қайшылық, толып жатқан қиындықтардың туатыны да мәлім. Бірақ соның бәріне қарамай, енді қазақ жеріне Жоңғар шабуылы тоқталды. Жоңғар қонтайшысы тек өзі басып алған қазақ даласының оңтүстік өңіріне ғана ие боп қалды.

Осындай «қол астына» кірген қазақ елін Россия патшалығы бір мың сегіз жүз қырқыншы жылдары Үргеніш, Хиуа тұсынан төнген Иран патшасы Надир шахтың шабуылынан да сақтай алды.

Ор қаласынан кейін Россия, Жайық, Елек, Жем өзендерінің бойына әскери бекіністер сала бастады. Орыс патшалары бүкіл Россия шекараларына тұрғызылып жатқан бекіністер мен әскери қорғандарды бірімен бірін байланыстырып, солдаттармен толықтырды. Әскермен бірге қазақ даласына Россияның алыс түкпірлерінен қара шекпендер келді. Бұлар үй салып, егін егіп, меншігіне берген жерді иеленуге кірісті. Мұндай жағдайда келімсек жұрт пен жергілікті елдің арасында қырғи қабақтық, жанжал, сойыл ала жүгіру тәрізді келісімсіз істердің де тууы сөзсіз еді. Бұқара халықты біріне-бірін айдап салып елді басқару — ежелгі саясаты болған орыс генералдары да, қазақ бай-манаптары да бұл алау- ыздық, жанжалдарға астыртын дем беріп, өршіте түсті. Ұлт наразылығын тудыруда бұл екеуі де үнемі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отырды. Халықтар достығының неге апарып соғатынын әсіресе Пугачев көтерілісінен кейін бұлар өте жақсы түсінген-ді… Қазақ елі Россияға қосылуының арқасында феодалдық ұйқысынан оянып, мәдениетке қол соза бастады. Россия оны тарихтың алыс-жұлысына өзімен бірге алып кірді, қоғамдық және саяси жағынан күшеюіне мүмкіндік берді. Отырықшылық пен егін салуға, сауда-саттықтың жаңа үлгілері мен өнеркәсіптің өндірістік түрлеріне үйретті.

Бірақ бұл өрбу-өркендеу өзінің қоғамдық сатысында шүу дегеннен-ақ екі бағытта дамыды. Бір жағынан осы екі ұлттың ең алдыменен зәбір көрген кедей топтары бірімен-бірі белсене жақындай түсті: қазақ аулының кедейі мен малшылары, өз жеріне көшіп келген қара шекпендермен тіл табысты, содан кейін патша ағзамның тұз кептіретін, кен шығаратын кәсіпорындарында қазақ пен орыс бейнетқорлары достасты, ақырында барып, сауда капитализмнің өркендеуінің арқасында күрделі өндірістерде екі ұлттың пролетариаттары бірікті. Бұл бағытта революциялық сана-сезімі жоғары орыс пролетариатының соңына қазақ елінің сезімі ояна бастаған алдыңғы қатарлы ұл-қызы ерді. Осы достасу күн сайын тереңдей, дами берді. Қазақ жұртының алдыңғы қатарлы адамдарының революциялық сана-сезімінің оянуына айдаудан келген декабристер мен олардың жолын қуушы орыс интеллигенциясының жәрдемі көп тиді. Бұған қазақ жеріндегі орыс жұмысшылары қосылды. Осылай тағдыры, келешегі бір екі халық күннен-күнге достаса түсіп, өздерінің алдағы бақытты болашағына қол созды.

Екінші жағынан, қарамағындағы елді жеке билеп-төстеудегі феодалдық ықпалын азайтқаны үшін, ақ патшаны қанша жек көргенімен, қазақтың кей ханы, сұлтаны өздері сол патшаның өкілдері генерал-губернаторларымен ауыз жаласып, солардың қазақ даласындағы шоқпарына айналды. Бұл оларға күннен-күнге айтқандарына көнбей бара жатқан бұқараны ауыздықтап ұстап отыру жолы болып табылды. Россия патшасының отаршылық саясаты мұндай адамдардың дегенінен шықты, тікелей жәрдем берді. Рас, орыс генералдарының ішінде әділеттілікті сүйетіндері де, ақылдылары да болды. Олар билеп отырған өлкелерінде қазақ балаларына арнап мектеп, аурухана ашты. Алым-салық жинайтын шенеуніктері мен почта қызметкерлерінен жергілікті халықтың тілін білуді талап етті. Кейбіреулері Петербургке барып қазақ секілді бұратана ұлт- тарға аздаған теңдік те сұрады.