Қонақтары осылай өзді-өзі болуға айналғанда, Неплюев Әбілқайырды стол басынан тұрғызып ап, қолтықтап, сай жағалай қыдырып кетті. Бұрын да мұндай қонақасында екі-үш рет болған, шарапты да қанша ішуді білетін хан өзін жақсы ұстап келеді.

Неплюев сәл қызулау, көңілдегі сөзін айтып, ханмен ашық сөйлескісі бардай. Бірақ губернатордың бұнысы қулық екенін Әбілқайыр жақсы біледі, сол себептен де ол артық бірдеме айтып қалмайын деп сақтана түсті.

— Әбілқайыр хан, — деді Неплюев жұрт шуынан алыстаған кезде, — ертең кеңесіміз басталмақ. Сізге Жоңғар мен Қарақалпақ елшілерінің көзінше тілектеріңізді ашық айту қиын да болар…

— әсіресе, ол тілектеріміз өтпей қалып жүрсе…

— Иә, ондай да жағдай болуы мүмкін… Сондықтан мен сізбен оңаша сөйлескім келіп еді.

— Менің де.

— Онда тіпті жақсы. Қандай өтініштеріңіз бар? Айтыңыз.

— Өтінішім үшеу. Алдыменен екеуін айтайын. Ол екеуі қабылдана қалса, үшіншісінің қажеті де болмас.

— Жақсы. Бірінші өтінішіңіз?

— Бірден бұл өтінішімнің неден туғанын баяндап өтуге рұқсат етіңіз… Жасыратын түгі жоқ, соңғы кезде менің қадірім Кіші жүз елінің алдында төмендеп барады. Бұған себеп Орта жүз ханы Әбілмәмбеттің әрекеті…

— Қалайша?

— Әбілмәмбет хан: «Әбілқайырға орыс патшасының жәрдемі жоқ» дейді. Сөйтіп менің жұртым алдында абыройымды түсіруде. Ал өзі Барақпен, басқа да сұлтандармен бірігіп, Жоңғар қонтайшысының жағына шықпақ. Аманат та бермек. Тек менен қауіптеніп мұндай іске бармай жүр. Біле білсеңіз, Әбілмәмбет хан, Абылай, Барақ сұлтандар Россия патшалығына қарсы.

— Олар сіздің де қасыңыз ғой?

— Кімде-кім Россия патшасына қарсы болса, ол менің де жауым.

— Солай делік. Бірақ бұл болжауға сену қиын. Өйткені Әбілмәмбет те, Абылай да, Барақ сұлтан да осыдан екі жыл бұрын Урусов генералдың алдында бастарына құран көтеріп «Россия патшасының қол астына кірдік» деп уәде берген жоқ па еді?

Бір мың жеті жүз қырқыншы жылы августың жиырма сегізі күні көп келісім сөздерден кейін, Орынбор комиссиясының бастығы генерал-лейтенант Василий Алексеевич Урусовтың алдында «Россия қол астына кірдік» деп Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан мұсылман дәстүрімен бастарына құран көтеріп ант берген. Генерал-лейтенант со жолы әрқайсысына күміс қынапты қылыш тартқан. Сондай қылыш Кіші жүздің батыры Бұғыбай мен Есетке де тапсырылған. Сол күні «Россия патшалығының қол астына кірдік» деп Орта жүздің жүз жиырма сегіз старшынасы, ал келесі күні, Кіші жүздің жүз алпыс бес старшынасы қолдарына құран ұстап келісімге келген.

Орта жүздің ханы мен сұлтандарының Россия патшалығының қарамағына кіруіне көп еңбек еткен Урусов со жолы Петербургке бөтен қызметке шақырылып, келесі жылы оның орнына Неплюев келген. Қазір Орынбор губернаторының айтып тұрғаны осы жағдай.

— Біз көшпелі елміз ғой. Антты құр бос уәде деп қарайды қазақтың көп адамы.

— Сіз олай қарамайсыз ғой!

— Менің жолым бөлек.

— Әбілмәмбет хан да антын бұзған жоқ қой…

— Бұзбаса енді бұзады.

— Оған қандай дәлеліңіз бар?

— Дәлелім… Әбілмәмбет хан сіздің мәжілісіңізге неге келмей қалды?..

— Бәсе, неге келмей қалды?

— Жоңғар уәкілін шақырғаныңызды біліп, келмей қалды. Өзі Жоңғар жағына шыққалы жүргендіктен ол елдің елшілерінің алдында сізге жолыққысы келмеді… Бұным дәлел емес пе?..

— Жарайды, Әбілмәмбет Россия патшалығына қарсы делік, — деді генерал салқын үнмен, — сонда сіздің бірінші тілегіңіз неде болмақ?

— Россия патшасының жауы — менің жауым. Әбілмәмбет секілді жауды құртып, Россия патшасының аяғының астына салу үшін, бірінші өтінішім — маған қарулы үш мың солдат беріңіз. Мыңы орыс, қалған екі мыңы қалмақ пен башқұрт жауынгерлерінен.

Неплюев бұған тіпті қуанып қалды. Әбілқайыр мен Әбілмәмбет ханның арасының шын жаман екеніне көзі анық жетті. Бұл Россия патшасының бір елді бір елге, бір ханды бір ханға айдап сап, ортасынан пайда көздейтін ежелгі саясатына дәл келетін жәйт еді. Россия әкімдері бір ханның ұпайынан екінші ханды күшейтуді дұрыс көрмейтін. Бірін-бірі жеңе алмай, ит жығыс боп алысып-жұлысып жүргендері оларға тиімді еді. Оның үстіне Әбілқайырға үш мың әскер беретін Орынбор губернаторының халі де жоқ. Орыс патшалығы өзі үлкен соғыс жүргізіп жатқанда, қазақтың хандық таласына үш мың әскер қайдан берсін. Бірақ ол шу дегеннен «бермеймін» демеді.

— Ал екінші тілегіңіз не? — деді Неплюев, — не болса да екеуін де естиік…

— Екінші тілегім: ортаншы ұлым Қожахмет сіздердің қолыңызда аманат болып тұрғалы жеті жылдан асып барады. Шешесі сағындым деп әбден мазамды алып жүр. Енді Қожахметті босатып, оның орнына кіші ұлым Шыңғысты аманатқа алсаңыздар.

— Шыңғыс қай әйеліңізден туып еді?

— Қарақыз ханымнан.

— Е… е…

Әбілқайырдың ортаншы бәйбішесінен туған Қожахметті жақсы көретінін, оны өзіне қырғи қабақ бола бастаған Жағалбайлы руына қарсы пайдаланғысы келетінін бұрын Нұралыдан естіген-ді. Бәлендей баурына тартып өзіне жақын ұстап көрмеген, тоқалдан туған Шыңғысты аманатқа бергенінен — бермегенінің өзі жақсы емес пе?

Әбілқайырдың түпкі ойларын түсінген Неплюев енді оның өтініштеріне тікелей жауап беруге кірісті.

— Әбілқайыр хан, — деді ол жылы сөйлеген боп, — Сіздің Россия патшасының алдында еңбегіңіз көп. Сіз бірінші боп қазақ елін Россияға бағындырам деп бірталай әрекет істедіңіз. Сол еңбектеріңіз үшін, жай уақытта болса, екі тілегіңіздің екеуін де орындар едік. Ал қазір бұл өтініштеріңді орындайтын мүмкіндігіміз жоқ…

— Қалайша?

— Қазір Россия үлкен соғыс үстінде. Әр солдат есепте. Мұндай жағдайда қазақтың екі ханы бірін-бірі мұқату үшін Елизавета Петровна үш мың солдат бере алмайды. Әрине, қазақ даласында Россияға жамандық келтірердей шын қиын жағдай туып тұрса, онда бір сәрі… Үш мыңнан да көп солдат табуға болады…

Неплюев ақырғы сөзімен Әбілқайырдың қомақтап айтқан себептерін жоққа шығарды. Бұны ұққан Әбілқайыр:

— Бәрі түсінікті, — деді қабағын сәл шытып, — ал Қожахмет жайында не айтасыз?

— Бұл ойланатын мәселе. Түбі мәртебелі Россия патшасы Елизавета Петровнаға хат жазу қажет шығар. Аманатты ауыстыру үшін патша ағзамның указы керек…

— Солай деңіз.

— Ал енді үшінші тілегіңізді айтыңыз.

Әбілқайыр қаншама өзін-өзі ұстағысы келгенмен де, тамағына тығыла қалған ашуын баса алмады.

— Үшінші тілегім. Көптен бері Қалден Церен менің қарындасым Қарашашты сұрап жүр еді, — деді даусы сәл қырылдап шығып. — Біздің ойымыз Қалден Церенді өшіктіре бермеу… Артымда бәлендей сүйенер тірегім болмағандықтан, Жоңғар қонтайшысымен үнемі жауласа беруден пайда шықпас деймін. Мәртебелі Елизавета Петровна бұған қарсы болмас.

«әһе, — деді ішінен Неплюев, — тырнағыңды сен де көрсете бастадың ба? Бұның: сендер мені қолдағыларың келмесе, мен былай шығам, — деген қоқан-лоқың ғой… Қарайық бұдан не табар екенсің?».

— Жоңғар тайпасымен Бірінші Петр патшаның кезінен достық бітіміміз бар. Бізбен дос елмен достасамын дегенің теріс емес, — Әбілқайыр Неплюевтің кекетіп, не шынын айтып тұрғанын түсінбейді. Жайбарақат пішінмен генералдың бетіне қарап еді, қатып қалған тас мүсін тәрізді, шикіл сары бетінің бір тамыры бүлк еткен жоқ. Неплюев сөзін жалғай түсті, — әйткенмен сәл қоя тұралық, арғы күнгі келіс сөзден не шығар екен, соны күтіңіз. Қыз болса күйеу табылар…

Әбілқайыр бұл өтінішімен де ештеңе ұтпағанын сезді. Өкпелеймін деп бір сырын ашып алғанына өзі де өкінді. Сөйтсе де бұл ойын Неплюев Нұралы арқылы бұрыннан да білетіні есіне түсіп, «оқасы жоқ, ең болмаса менің бұлардан жасырын ісімнің жоқ екенін ұқты ғой, бұған да шүкір» деп далбасалады.

Нұралы туралы сөзді енді Неплюевтің өзі қозғады.

— Өзге балаларыңызға қарағанда, Нұралы қазіргі жағдайды анағұрлым жақсы түсінеді, — деді генерал. — Сіз ол туралы бұрынғы пікіріңіздемісіз?

Әбілқайырдың зығырданы қайнады. Нұралы туралы әкесінен бұрын Неплюевтің сөз қозғауы оның күдігінің дұрыс екенін анықтады. Сонда да сыр бермей:

— Нұралы менің тірегім, менің ісімнің жалғаушысы, — деді. — Ол туралы ойымды өзгертпеймін.