Неплюев те Нұралының әкесі жайында ақпар беріп жүретінін Әбілқайырдың білетінін түсінді. Бірақ оның сөзін бөлген жоқ. Хан сәл ойланды да:
— Жаман айтпай жақсы жоқ, мен алда-жалда қаза таба қалсам, ақ патшадан жалғыз тілегім: менің орныма Кіші жүздің ханы етіп Нұралыны бекітсін.
— Бұл тілегіңізді патша ағзам мақұлдар деймін, — Неплюевтің лып етіп көне қалғанына Әбілқайыр іштей қатты ренжіді. «Осы иттер менің тез өлгенімді күтіп жүр ме, қалай?» Неплюев те өзінің тым тез жауап бергенін сезді. Ол күліп:
— Бірақ, сіз әлі ұзақ жасайсыз. Нұралы қанша жақсы болғанымен сіздің жолыңыз бөлек. Россия өзінің адал достарынан айрылғысы келмейді.
Неплюевтің бұл сөзді саясат үшін айтып келе жатқанын түсініп тұрса да, хан көңілі көтеріліп қалды. Жылы сөзге кім жібімесін:
— Иә, Нұралы жақсы хан болуы мүмкін…
— Нұралының тағы бір артықшылығы — ол Қарақалпақ елімен жақсы. Тіпті бір рет қарақалпақтарды өзіңіз шаппақшы болғаныңызда оларға араша түсіпті. Нұралыны қарақалпақтар сыйлайды. Ал бізге қазір олардың Россия қол астына кіргені шарт. Өйткені, Хиуаны Россияға қарату үшін, орта жолдағы Қарақалпақ жерінен өтуіміз керек.
— Сөз жоқ, қарақалпақтарды Россияға қаратуда Нұралы таптырмайтын адам. Ал бірақ Хиуа туралы оның өз ойы бар… Нұралы жақында Хиуадан қайтты. Ондағы бар жағдайды көзімен көріп келді. Егер маған әскер берсеңдер, өзім барып Хиуаны Надир шахтың қойған адамынан тартып аламын дейді.
«Әбілқайыр қулықпен орыс әскерлерін тағы қолына түсіргісі келіп тұр-ау» деп тұжырған Неплюев;
— Қандай әскерді айтады Нұралы сұлтан? — деді елең етіп.
— әңгіме қазақ әскерлері жайында. Хиуаға орыс әскерін енгізудің керегі жоқ. Діншіл жұрт, кәпір әскері келді деп, бүкіл халқы боп қарсы тұруы мүмкін. Ал қазақ жауынгерлері оларға өз қосындарымен бірдей. Хиуаны біздің бабаларымыз бұрын да талай алған. Әрине, басып кірген Қызылбас елінің патшасы Надир шахтан көрі қазақ сұлтаны Нұралыны жергілікті ел құшағын жая қарсы алады.
— Бұл еске алатын жәйт екен, — деді Неплюев ойлана, — бірақ дәл қазір Надир шахқа қарсы соғыс ашу мүмкін бе? Россия жеті жылдан бері Түркиямен соғысып жатыр. Азов төңірегінде жеңгенмен, Очаковоны алғанмен, біз әлі түріктерді мүлдем тізе бүктірген жоқпыз. Оның үстіне Персиямен соғыс ашсақ…
— Сіздер емес. Хиуадағы Надир шах әскерімен біз соғысамыз ғой. «Надир шах туралы әңгімені бұл неге бастады, деп ойлады Неплюев, — бізді тағы бір үлкен соғысқа арандатпақ қой. Сөйтіп лай суға қармақ сап, пайда таппақ…»
— «Біз» дегеніңіз кім? Кіші жүз хандығын айтасыз ба? әлде сіз, Әбілқайыр мырза, Кіші жүздің Россия қол астындағы ел екенін білмейсіз бе? Сіз білмегенмен мұны Надир шах жақсы түсінеді ғой. Хиуа мен Үргенішті алған Надир шах енді қазақ жеріне кірмек болғанда, кім тоқтатып еді оны? Сіз бе? әлде Ұлы Россия патшасы ма? Жоқ, мұндай елмен қазір соғыс ашудың қажеті болмас. Ал соғыс аша қалар жағдай туса, бұған Петербургтың рұқсаты керек. Онсыз қимылдауға қақымыз жоқ.
Әбілқайыр ақырын басын изеді, Россия қол астына еніп, Жоңғардан аман қалғаны үшін, Әбілқайыр өзінің билігін құрбан етті. Енді ол бұрынғыдай қалаған уақытында сау етіп Хиуа қақпасының алдына бара алмайды. Оған Россия патшасының рұқсаты керек! Иә, мұндай бағыныштылыққа болашақ ұрпақтары қалай қарар екен?
— Жөн екен айтқаныңыз, губернатор мырза, — деді Әбілқайыр сыр бермей — Петербург не айтады, соны күтейік. Надир шахтың әскері Хиуаны бүгін-ертең тастап кеткелі тұрған жоқ қой. Әлі уақыт бар…
Неплюев Әбілқайырдың көңілі жүдеп қалғанын білсе де, оны жұбатқысы келмеді. «Қанша дегенмен де бізге бағынышты адам ғой. Бәрібір, бүгін болмаса, ертең осылай сөйлесуге тура келеді, еті үйрене берсін» деді генерал ішінен.
— Бірімізбен біріміз ұғынысып алғанымыз қандай жақсы болды, — деді Неплюев, қалтасынан шынжырлы алтын сағатын алып. — Біраз уақыт болып қалыпты. Қалған шаруаны ертең кеңесте талқылармыз. Қайталық. Әлі маған Жәнібек мырзамен де ақылдасу керек.
Әбілқайыр бұған елең ете қалды, бірақ үндеген жоқ.
Арғынның бір тарауы Шақшақтан шыққан Қошқарұлы Жәнібек «Ақтабан шұбырынды» басталып, Абылайдың атағы үш жүзге тарағанға шейін, Орта жүздің ықпалды, ең әйгілі адамының бірі еді. Әбілқайырдың қарындасына үйленгеннен бері, ол Кіші жүз ханының оң қолына айналған, Кіші жүз ханына Орта жүздің де кей руларының бағынуына көптеген себебі тиген. Егер Әбілқайырдан дабыл шықса, әскерін ертіп ең алдыменен хан ордасына жетіп келетін осы Жәнібек. Сондай қылықтың бірі бір мың жеті жүз отыз сегізінші жылы болған. «Ақтабан шұбырындыдан» бұрын-ақ Жайық пен Еділ арасындағы жер үшін таласып келген Еділ қалмақтары Кіші жүздің Жоңғар әскерінен күйреп Россия патшалығының қанатының астына әлі кіре алмай жүрген шағында, аулын шауып малдарын айдап әкетіп, маза бермеген. Жайықтың арғы бетінен жайылым бер деген Әбілқайырға Еділ қалмақтарының сол кездегі ханы Дондук Омба «әлі өз жеріңнен айырылып қалма» деп жауап қайырған. Әбілқайыр «жыланның үш кессе де кесерткелік әлі бар, Қалден Церенге күшім жетпесе де, дәл саған күшім жетер, Дондук Омба» деп жиырма екі мың сойылмен екі қол болып Еділ бойындағы қалмақтарға қарсы аттанған. Соның бір қолын, он мың сарбаздан құрылған Орта жүз әскерін осы Жәнібек батыр басқарып барған. Әбілқайырдың осы екі қолы Еділ жағасындағы Қызылжар деген жерде Қалмақ әскерімен кездескен. Қазақтардың келе жатқанынан хабарсыз отырған Қалмақ әскерін Әбілқайыр мен Жәнібек осы жолы қан-жоса етіп жеңген. Көп ауылдарын шауып, мал-мүлкін талап, екі мың шаңырағын өздерімен бірге айдап әкелген. Бұл қорлыққа шыдай алмаған Дондук Омба іле-шала қол жинап, бір мың жеті жүз қырқыншы жылы жиырма мың әскермен қазақ даласына аттанбақ боп тұрғанда, Балдан Норбидың әкесіне істеген опасыздығының кесірінен бұл жорық болмай қалған. Сонан кейін Орынбор экспедициясының бастығы генерал-лейтенант Урусов екі елдің хандарын шақырып алып, кек алу мәселесін тоқтатқан, Бірақ қарамағындағы елдердің тату-тәтті тұруын көздемейтін патша саясатын мықты ұстанған Орынбор губернаторлары Кіші жүз бен Еділ бойындағы қалмақтардың хандарын түбегейлі келісімге келтірмеген. Кейде араларына шоқ тастап та қоятын. Осындай жағдайда Әбілқайыр үнемі Жәнібекке арқа сүйеуші еді.
Жәнібек батырдың қазақ руларының Россия патшалығының қол астына кіруінде де еңбегі бар. Ол басқа хан, сұлтандар сияқты Россия мен Жоңғар арасында ауытқымай, бастан аяқ Россияға қосылу жағында болған адам. Сондықтан Орынбор комиссиясының екі бірдей бастығы, алдымен белгіленген Урусов та, кейін оның орнына келген Неплюев те «Жәнібек батырдың абыройы қазақ еліне ешбір ханнан кем емес» деп, онымен үнемі санасып отыратын. Екеуі де Анна Иоанновнадан Жәнібек батырға, Россия патшасының бұратана ұлттардан шыққан еңбегі сіңген әскери адамдарына берілетін тархан атағын сұраған. Бұны Әбілқайыр да қолдаған.
Жәнібектің көптен аңсап күткен сол атағы жайлы патша указы кеше ғана келіп еді. Бұны әзірше Неплюевтен басқа жан білмейді. Ол бұл указды губернатор кеңесі біткеннен кейін қонақтарын тағы жинап, солардың көзінше оқымақ, адал қызмет істейтін адамды Россия патшасы қалай жоғары бағалайтынын айтып, мақтап өтпек.
Жәнібектің аты аталған шақта Әбілқайырдың әлденеге секем алғанын аңғарып қалған Неплюев:
— Жәнібек батырды мен сіздің жекжатыңыз ғана емес, одақтас досыңыз деп қадірлеймін, — деді.
— Оған шек келтірмеңіз.
— Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан келе жатып, кейін қайтып кетті. Ал Орта жүзден келген басқа ақсақал би, батырлар көп. Біреу соларды басқармаса, біздің кеңесіміз Орта жүздің пікірінсіз өтеді. Мұндай мәжіліске олардың қатысқаны жөн.
— әлбетте.
— Оның үстіне Жоңғар елшілері Орта жүз өз тағдырын Әбілмәмбет пен Абылайсыз да шеше алатынын көрсін.
— Дұрыс айтасыз, генерал мырза, — деді бұл шешімге қуанып қалған Әбілқайыр, — менің де айтып жүргенім осы ғой. Орта жүздің тағдырын тек Әбілмәмбетке беріп қоюға болмайды. Жас болса да қазір билік Абылайға көшіп бара жатқан секілді…
Бұл жолы Неплюев пен Әбілқайырдың ойы бір жерден шықты. Орта жүз елінің ішінен Әбілмәмбет пен Абылайға қарсы қоюға жарайтын бір адам болса — ол Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек батыр.