Әбілқайыр мен Неплюев стол басына қайта келгенде, жұрт азан-қазан екен. Хан мен генерал жоқ деп, ешкім күтіп отырмапты. Арақ, шарапқа тойғаны мас боп, көгал үстінде қорылдап ұйықтап жатыр. Көпшілігі арақ араластырған сары қымызға лықия тойып ап, шеке тамырлары білеудей боп жапанды жалпағынан басып, гу-гу етеді. Орыс офицерлері де есесін жібермеген тәрізді. Орыспын, қазақпын демей, бірін-бірі құшақтап, әлденені айтып, қарқылдап күліседі…

Жұрттың мұндай күйін көрген Неплюев қонақтарын дастарқан басына бұдан ары ұстауға қорықты. Мас болып қалған біреуі әлдеқалай шатақ шығармай тұрғанында, бұл жиынды дер кезінде таратуды жөн көрді.

Ол арақ толы бокалын қолына алып:

— Құрметті қонақтарым, мен соңғы тосты сіздердің құрметтеріңізге ішемін, — деді. Сосын үлкен бокалдағы арақты аяғына дейін қағып салды. «Браво! Браво!» деген офицерлердің айқайы естілді. — Келгендеріңе көп рақмет! Бүгінгі бас қосуымыз осымен бітсін. Таңертең сағат онда ресми мәжілісіміз басталады.

— Көп рақмет!

— Көп жаса, генерал мырза!

— Бір бас қосып қалдық қой… — деген сөздермен жұрт опыр-топыр түрегеліп, тарай бастады…

Жиырма үшінші август күні басталған мәжіліс жетінші сентябрьге дейін созылды. Жоңғар елшілері қатынасып отырғандықтан, ең күрделі мәселе Россия қол астына қазақ елінің кіргендігін Жоңғар хандығының мойындауы еді. Сол себептен кеңестің біраз күні Россия, Жоңғария және Қазақ елі арасында қандай байланыстар, келісімдер болатынын анықтауға кетті. Россия патшасының өкілдері Жоңғар елшілерінің қазақ жеріне не үшін келгендерін, қандай талап қоятындарын білгісі келді. Оған Кошка мен Бұрун:

— Қазақ елі біздің Қытаймен ұзақ уақыттар бойы соғысып жатқанымызды пайдаланып, талай шапты. Сол үшін біз олардың көп жерін басып алдық. Қазақ елі енді бізге салық төлеуге, аманат беруге тиісті, — деген пікір айтты.

Оған Неплюев:

— Біздің қол астымыздағы елдің бөтен жұртқа салық төлеуі не аманат беруі Россия империясының заңына қайшы келеді, — деген жауап қайырды.

— Біздің қастарымыз арамызға қандай от жақса да, қазақ елі қолына құран алып, Ұлы Россия патшасына берген антында тұрады, — десті Орта жүз бен Кіші жүздің атынан сөйлеген Әбілқайыр мен Жәнібек, — Россиямен мәңгі біргеміз. Ал Жоңғар елін шапсақ, ол ғасырлар бойы бітпей келе жатқан арамыздағы ұрыстың жалғасы еді. Егер Жоңғар елі бізге тыныштық беретін болса, біз де оларға қол көтермеуге, ұлы мәртебелі губернатордың алдында уәде етеміз.

— Қазақ хандары жаратылғалы уәделерін орындап көрген жоқ, — деді Жоңғар елшілері, — бұл біз талай естіген көкек әні, антын ертең-ақ бұзады.

— Бұл жолы олардың антын бұзбайтынына біз кепілміз, — деді Неплюев.

— Олай болса, біздің ұлы қонтайшымыз Қалден Церенге елші жіберіңдер, — деді Кошка мен Бұрун, — қалған келісім сөзді сонда бітірелік…

Осылай келісті, бірақ Жоңғар елшілері бірден жүріп кетпеді. Олар үш жүздің ақсақал биі, батыры қолдарына құран ұстап: «Россия қол астына кірдік» деп губернатор алдында ант бергенін көздерімен көрді. «Игі жақсыларға» рақмет айтып, әсіресе Ұлы жүздің басшыларына ризашылығын білдіріп сөйлеген Неплюевтің сөзін естіді. Бұл Жоңғарларға қатты батты. Өйткені Жетісу олар үшін Жоңғар қонтайшысы басып алған өлке боп саналатын. Ұлы жүз бұл кезге дейін қонтайшысына салық төлеп, аманатын беріп келген.

Орыс патшасының қазақ жеріне ішкерілеп кіре бастағанын көрген Жоңғар елшілері, өздерімен одақтас Қарақалпақ батырларын ертіп, дым бітіре алмай, елдеріне қайтып кетті.

Бұлар кеткеннен кейін Неплюев тағы екі мәселе қарады, бірі Орта жүз бен Кіші жүз хандарының арасындағы қайшылық болса, екінші Еділ қалмақтары мен қазақ елінің арасындағы өшпей келе жатқан қастық еді.

Қазақ хандарының өзара жау болуы Россияға қаншама тиімді болғаныменен де, Әбілқайырды біржолата шошытып алмайын деп, Неплюев оған «қандай қиын істі болса да татулықпен шешуге тырыс» деп ақыл берді. Оның үстіне Әбілқайырға өз қарамағындағы орыс қарашекпендерімен жақынырақ отыру үшін, Елек пен Берді өзендерінің бойында көшіп жүруге рұқсат етті. Бұл соңынан қазақ еліне деген үлкен жақсылық боп табылды. Осы арада Кіші жүздің ең алғашқы егінші жұрты пайда болды. Ал ханның өзіне «орыс бекіністерінің қайсысына болса да кіріп жүруге еріктісің» деді. Сондай-ақ Кіші жүздің ханын қазынаның астығымен қамтамасыз етуді орыс әкімшілігі өз міндетіне алды. Неплюев осы болмашы істің бәрін патша ағзамның Әбілқайырға ерекше көрсеткен құрметі деп ұғындырды. Бұның бәрі жылаған баланың қолына бір үзім нан ұстатқанмен бірдей, Орынбор губернаторының шығарып салма саясаты екенін Әбілқайыр түсінсе де, қарсы ештеңе айта алмады.

Еділ қалмақтары мен қазақ елінің таласын да Неплюев оңай шешті. Дос- тастырып, бірімен бірі қарым-қатынасын жөндеп, ел боп араласып тұратын келісімге келтірудің орнына, «Еділ қалмақтары, сен Жайықтың бергі бетіне өтпе, ал қазақ елі, сен Жайықтың арғы жағасына шықпа» деп үкім айтты. «Тұтқындарымызды қайтарып берсін» деген Еділ қалмақтарының өтінішіне, Жәнібек: «оларды қайтару мүмкін емес, біз сол жылы-ақ қалмақ тұтқындарын Хиуа, Бұхар базарларына сатып жібергенбіз» — дегеннен кейін, Неплюев бұл мәселені соңынан қарамақ болды. Осылай тынымды ештеңе өндіре алмаған Еділ қалмақтарының елшісі де іштей тынып еліне жүріп кетті.

Бұл мәжілісте тікелей өз басына олжа тапқан тек Жәнібек болды.

Келісім сөз қызу жүріп жатқан кезде, қалт еткен бір үзілісте Неплюев қонақтардың басты адамдарын өзінің шатырына жинап, қазақтың, қалмақтың, баш- құрттың сұлтандары мен батырларының алдында тамаша бір шабытты үнмен Елизавета Петровнаның указын оқып шықты.

Бұл указда патша азғамға көрсеткен адал қызметі үшін Жәнібекке қырғыз-қазақ халқының бірінші тарханы деген атақ берілді. (Бұл Россиядағы фельдмаршал дәрежесімен тең еді). Егер патша ағзамға адал қызмет істесе, тархан атағы оның балаларына, ұрпақтарына дейін мирас етіледі делінген.

Указды оқып шыққаннан кейін жаңа тарханның құрметіне барабан соғылып, зеңбіректерден салют берілді.

Қошамет көрсеткен жұрт гуілдесіп кетті.

— Уа, Шақшақ, атың бәйгеден келді!

— Даңқың аса берсін, Жәнібек!

— Тархан дегені хан дегені ме екен? Қарадан да хан шығады екен-ау!

— Шап ауылға, сүйінші сұра!

— Уа, Арғын атам, бір көтердің ғой аруағымды! — десіп, бүкіл дала шуға толып кетті.

Тархан? Бұл қай халықтың тіліндегі сөз. Дәрежесі қандай болмақ? Жәнібекке бұл атты сұрағалы қашан! Патша ағзам указын әне берем, міне берем деп, Жәнібектің алдына оны қызыл түлкінің құйрығындай бұлаңдатты да қойды. Ақыры берді-ау әйтеуір. Бұрын өзі тілектес боп жүрген Әбілқайырдың қиялы қазір алай-түлей. Бұл не? Қызғаншақтық, әлде көре алмастық па? Ағайынды екі адам бәйгеге ат қосып, ағасының аты келсе, қызғаншақ болса, інісінің жаны күйінеді. Бұ да сондай бірдеңе… Әйтпесе Әбілқайырға Жәнібектен жақын кім бар? Туған балалары да ханға бұдан артық жақсылық ойлаған емес.

Жәнібекке тархан аты берілгенде шаттанғандары көп, жанына қызғаныш шоғы түсіп, күндестік сезім билегендер де аз емес. Ондайлар құр күлген, қуанған болады. Бірақ, көздерінде ызғар, еріндерінде кекесін ізі байқалады.

Ал, Неплюевтің өз есебі өзінде, «Бала секілді, бұлардың қуануы да, ренжуі де оп-оңай. Мұндай елді басқару қиынға түспейді. Егер біреуді мерт еткің келсе, өзгеден оның дәрежесін жоғары көтере қойсаң болғаны».

… Жалпы келіссөздер бітіп, қонақтар тарқардан бір күн бұрын Неплюев Құдабайды тағы шақырды.

— Әбілқайыр хан көптен бері Сырдарияның етегіндегі құлап қалған көне қала Жанкентті қайтадан жөндеуді сұрап жүргенін білесің бе? — деді.

— Білем…

— Не үшін екенін де білесің бе?

— Мүмкін Жоңғарға таяу тұрғысы келетін шығар.

Қу тілмаш осылай деп губернатордың бетіне күлімсірей қарады. Губернатормен соңғы кездерде жиі кездесіп жүрген тілмаш Неплюевтің ызғарлы түріне де, орынсыз айқайына да үйреніп алған-ды.

Неплюев өз ойын онан ары сабақтады.

— Ол күйреп қалған қаланы қайта тұрғызу үшін, қанша қаржы керек екенін білуге геодезистер жіберуге тиістіміз. Жақында хан ордасына прапорщик-геодезист Илья Муравин барады. — Неплюев Құдабайға түксие қарады. — Оның қызметі тек көне қаланың орнын зерттеу ғана болмайды. Бар хабарды соған жеткізіп тұрасың…