Тоқтамыс хан жеңіліп, Сарайдағы хандар сарайы Гүлстанды Ақсақ Темір біржолата қиратқаннан бері бұрынғы күшті Алтын Орда мүлдем жойылған. Қазір Әбілқайыр өзін Сайын ханымын десе, тек онысы Бату ханның орнында отырмын деп өзге елге сес беруі. Бір кезде көне түркі елінен таралған, қазір өзбек, қазақ болып бөліне бастаған екі елдің, Әбілқайыр шынында Өзбек ханы болуға айналған. Бұл оның қазір әлсіреген кезі. Демек, Шахрук әмірдің ұлдары Қорасан, Иракқа көз тіксе, ал Әбілқайырдың әлі де болса, Дәшті Қыпшақ жеріне қоса, Моғолстанды алмақ ойы бар.
Моғолстан! Бұл бір Әбілқайырдың әзірге тісі бата алмай келген, көлденеңі мен ұзындығы жеті айлық кең алқап, күншығыс жағы қалмақ жерімен шектесіп, Барыс көл, Алтын Емел, Ертіс өзендерімен бітеді. Солтүстігінде Көкше теңіз (осы күнгі Балқаш көлі) бен Қаратал өзені жатыр. Күнбатысында Ташкент пен Түркістан, Оңтүстігі Қашқар, Ферғана, уәлиеті мен шығыс Түркістандағы, Тұрфан қаласы. Билеп тұрғандар Иса Бұғы, Шир Мұхамед, Уаис секілді Жағатай ұрпағынан шыққан хандар. Қарамағындағы елдердің көпшілігі Үйсін, Жалайыр, Дулат, Қаңлы, Ұйғыр, Найман, Қоңырат.
Әбілқайыр ханның ордасындағы Арғын билерінің де көз тіккені — осы Моғолстан! Жеке ел боламыз деп Орыс хан ұрпақтары Жәнібек пен Керей сұлтанның да көше қалса, барар жері осы Моғолстан.
«Мұндай жағдайда, Иран ханы Смайылдың да бас көтеріп, Ақсақ Темір балаларының тізгінін үзіп кетпек боп тұрған кезде, ел билігін мықты ұстау қажет. Қыпшақтың дегенін істеймін деп өз ордамда бүлік шығарсам, өзгелердің ордасын қалай жаулап алам?..»
Дәл осы кезде дәйекші екі нөкермен тұтқын жігітті алып кірді.
— Хан ием, бұйрығыңыз мүлтіксіз орындалды.
Әбілқайыр әлі де терезеге қарап тұрған-ды. Енді ол ақырын бұрылды. Тұтқын жігітке көз қырын салар-салмастан сұп-сұр болып өзгеріп кетті. Батыр Саянды ол бұрын көрмеген-ді. Ал мынау қарсы алдындағы жиырма бес жасар батыр… Өзінің Ұлықбектің қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім сұлудан туған үлкен баласы Сүйіншіктен аусайшы! Жоқ, Сүйіншік бұдан аумайды. Алғашқы көзі түскенде Сүйіншік екен деп те қалды. Қалың қабақ, қыр мұрын бозғыл түс, құмай көз… Өз баласындай еңселі. Қимылы да барыс тәрізді шапшаң, епті болуы керек. Тек Сүйіншіктен айырмасы — қою қара мұрты бар…
Әбілқайыр хан Рабиу-Сұлтан-Бегім ханымның қабырғасы қайысып мұны неге «аталық» етуін сұрағанын бірден түсінді. Бойын кенет орасан ашу билеп кетті. Шешім өзінен өзі келді. «Бұл жігіт, өлуі керек! Бүгін! Қазір! Дәл осы арада!».
Әбілқайыр құндыз жағалы, алтын зерлі көк мақпал шапанының ішінен байлап алған қорасан құрышынан жасалған болат қанжарының сабына қолының қалай барып қалғанын өзі де аңғармады.
Ханның құбылған түр келбетінен, оқыс қимылынан, оның қандай қатал әрекет жасамақ болғанын жас жігіт сезіп тұрса да, орнынан қозғалмады. Тіл қатып өтініш те айтпады. Тек екі қолы артына кісенделген қалпында арыс кеудесін сәл шалқайта, Әбілқайырдан өткір көзін аудармай тістене бекініп, қатты да қалды.
Хан түксие қарады. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» тұтқын жігітпен тіл қатысуды жөн көрді.
— Өзіңе қойылған айыпты мойныңа аласың ба? — деді ол тамағына келіп тығылған ашуы мен күдік кірбеңін әзер басып, даусы дірілдеп кетіп.
Жігіт сол тұрған қалпынан титтей міз бақпады. Тек басын сәл иді.
— Жоқ, өзге айыбым болғанменен, Қобыланды батыр айтқандай күнәм жоқ, иланыңыз, хан ием…
«Өзге айыбым болғанменен» деген сөзден хан бұрынғысынан да бетер күйіп кетті. «Өзге айыбыңның қандай айып екенін білемін. Жасырмай менің бетіме айтуға қалай тілің барды? Сәл шыда, ол тіліңді де шоқ басылғандай күйдіргенімді көрерсің!..» Бірақ ханның «өзге айыбың қандай айып?» деп сұрауға дәті бармады. Бойын билей жөнелген ашу, нағыз бір аузы-мұрнын кигізбен қаптағандай тұншықтырып әкетіп барады. Ойды алып, жүректі өртеген ызаны ықтай берді. Хан даусы шағатын жыландай енді ысылдай шықты.
— Қара Қыпшақ Қобыланды жала жапқаны ма?
Жігіт қысталаң мінез көрсетпеді.
— Қара Қыпшақ Қобыланды неге былай дейтіні менен көрі сізге мәлімірек болар, хан ием.
Ол осы сөзімен бар жайды бір-ақ жайып салды.
«Бұл не дегені, ә?» Әбілқайыр, екі көзі қанталап сүзетін бұқадай, түйілген қабағының астынан қарады. «Жоқ, бұл жігіт осал жігіт емес. Өзіне жабылған жаланың неден туып тұрғанын біледі. Бұл білгенді бөтен Арғындар да біледі ғой. Бәленің бір ұшы өзімде жатқаны өзге жұртқа да аян болар. Арғынға ала көз қарайтындығымнан Қобыланды батыр бұл оқиғаны әдейі шығарғансыды. Әрине, содан соң бүкіл Арғын болып кеше мына жігітті өлімге бермей қалған екен. Сірә, төбелеске түсуге де бар тәрізді ғой өздері. Сол екен ғой Жәнібек пен Керейдің де миығынан күліп жүргендері. Жоқ, жоқ, ашу тасыған дария тәрізді, алғашқы екпінімен жар бұзады, ал уақыт өткен сайын қарқыны бәсеңдей түседі. Шешімді бірден алмау керек…»
Хан қолын қанжарынан босатты.
— Қай рудансың?
— Маңғыт, Барлас руынанмын.
Жігіт бетіне хан тағы да үңіле, байыздай қарады. Көзінде бір жан түсінбес ұшқын пайда болды. О да мүмкін… Рабиу-Сұлтан-Бегім «Сүйіншік сұлтан нағашыларына тартқан» деуші еді ғой… «Барлас руының жігіттерінің бәрі бірдей осындай қалың қабақ, арыс кеуде келеді. Сонда бұл батырдың қандай айыбы бар? Жазығы қалың қабақты болғаны ма? Нағашы жұртына жиенінің тартуы табиғи жүйе ғой. Мені де өзбек нағашыларына тартқан демей ме?» Әбілқайыр хан өзінің ойының жалған екенін біледі. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Естіген өсегіне сонда-ақ сенген. Бірақ Сарғыт-Шиман Маңғыт уәзір: «Қуаныштың теңізі, адамгершіліктің күні, Фаридундай қасиетті Әбілқайыр ханның әйелі, Ақсақ Темір немересі Ұлықбек мырзаның қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім ханым өсек-аяңнан тыс тұруы фатиқа. Бұлай ету екі жұртқа бірдей тәлім. Әсіресе үлкен балаңыз Шах-Хайдарды Самарқантқа хан еткелі тұрғаныңызда» дегеннен кейін ханымның қылығын қазбалай бермеген-ді.
«Сол өсекті қазір қайта шығарғанда не таппақ? Ондағы күннен қазір Ақсақ Темір немерелерімен арасы жақын тұр ма? Мен мұны өлім жазасына бұйырсам жұрт не дейді? Күнәсі ашылмаған батырды өлімге қиды… Бұны хан баяғы өсектің салдарынан істеп отыр демей ме? әрине, сөйдейді. Өсек те бір, күйе де бір. Көзіме айтпағанмен жұрт солай жориды. Одан да өз басыма кір келтір-мегенім жөн емес пе? Иә, сол жөн. Бірақ мына жігіттің күнәсін қалай кешем? Білмеген болып үндемей қалуым жөн бе? Қара қазаққа намысымды таптатып қойсам, жұрт мені батылы бармады дейді ғой! Жоқ, жоқ бұл жігіт өлуі керек!».
— Бұл жігіттің тағдырын Шах-Будақ сұлтанның асы өткен соң шешеміз, — деді дәйекші мен жігітті алып келген нөкерлеріне, — қайғылы ас алдында… қаһардан қайта тұралық. Әкетіңдер!
Жігіт сәл басын иді де кілт бұрылды. Жендеттер оны тысқа қарай айдай жөнелді. Ең соңынан шығып бара жатқан дәйекшіге естірте хан:
— Сақ болыңдар. Көздеріңнің қарашығындай күзетіңдер, — деді.
Дәйекші басын иді.
— Құп, тақсыр.
Ханның айтқаны шындық еді. Шығыс халқының әдеті бойынша «он бесте отау иесі». Әбілқайырдың Маңғыт әйелінен туған тұңғышы Шах-Будақ өткен жылы дүние салған. Хан осы сүйікті ұлының үш күннен кейін асын бермекші. Ас беру — жерлеу емес, Дәшті Қыпшақ елінің дәстүрі бойынша үлкен той. Асқа Дәшті Қыпшақ пен Мауреннахрдың игі жақсылары қатысады, сайысқа атақты батырлар түспек! Қыпшақтың от ауызды, орақ тісті, қарға бойлы Қазтуған жырауы мен Арғынның ақсандақ жүйрігі, сексеннен асып кеткен, Ақжол бидің әкесі Қотан жырау айтысады. Төрешіге Үйсін Майқы бидің алтыншы буыны ұлы сыншы, халық ардагері, жүзден асып кеткен Асан Қайғының өзі келмекші.
Хан саясаты тынып жатқан көл секілді, қай жері тұңғиық, қай жері тайыз білмейсің. Тағы да күміс қоңырау шылдырлады.
Ордаға әлгі қан-сөлсіз дәйекші кірді, үн-түнсіз басын иіп, тұра қалды.
Хан жайшылықтағы тапсырмаларының бірін бергендей жайбарақат сөйледі.
Ас біткен күннің ертеңіне әлгі жігітке үкім айтылады. Бірақ оған дейін…
Дәйекшінің жарғақтанған жұқа ерні ақырын ғана қимылдады.
— Құп, тақсыр.
ІІ