Ақ түтек борандай қаһарына жан шыдамаған Қобыланды батырдың бұл жеңісін бүкіл Әбілқайыр қол астындағы ел, ол бір Стамбул мединасын шауып қайтқандай, үш күн тойлаған. Той тарқар алдында, әкелінген қыз-келіншекті олжаға бөліп беру үшін, хан осы жорықта қай батырдың қандай асыра ерлік көрсеткенін сұраған.

Асат, әсет[12] айларының аяқ шеніндегі ыстығы басылған ала көбеңденуге таяу кіші бесін әлеті. Орда толы ала таяқты ақсақалдар, ат-жарақты батыр, сұлтандар… Қобыланды батыр алақандай көзінің қиығымен ханға қарап, ерлік көрсеткен кеуде соғар батырлардың атын атап келіп, кенет сәл кідірген. Аз уақыт үн-түнсіз тына қалып құлағына дейін жететін білектей қара мұртының ұшын шиыршықтай түсіп:

— Өзге батырларға олжа сұрасам, Арғынның жүз жігітін бастап барған жас бөрі, Қотандай абыз қарттың жиені Саян батырға өлім жазасын талап етемін, хан ием, — деген.

Ордада отырған жұрт дір ете қалған.

Саянның нағашысы ханның оң жағында отырған маймене, асқан күш иесі, әрі шешен, әрі әнші, екі иығына екі адам мінгендей, төртпақ келген қара сұр Қотан жыраудың баласы Ақжол би қанын ішіне тартып сұп-сұр боп кеткен. Бірақ жүрек толқынын әдеттегі орнықты мінезіне жеңгізіп ол:

— Неге? — деген, Қобыланды батырды қырағы көзімен бір шолып, даусын өзгертпей.

— Ұлы Шыңғысхан шартын бұзды. Орманбет бидің ұрпағы әділгерейдің қызы есірей[13] Қарашашты өз бетімен олжа етемін деп Керейдің Қарабатырымен таласты.

Олжаға таласқанға — өлім жазасын беру Шыңғысхан Ясысында жазылған. Шапқыншылық заманда әскер арасы бұзылмасын деп бұны хан ұрпақтары мықты ұстаған, қас батырға қойылған айып ауыр.

— Оған қандай дәлелің бар? Керей Қарабатырдың өзі айтты ма, әлде көрген жан бар ма? — деді Ақжол әлі де даусын өзгертпей.

— Қарабатыр сол таласта қаза тапты. Көрген куәні де қызба қанды Саянның алдаспаны алып түсіпті.

Әбілқайыр жұмсаған бір сұмның сөзіне аңғал Қобыланды күрт сеніп қалған. Осылай болуын тілеген көңіл, Саянға тағылған кінәнің ақ, қарасына көз жеткіздірмей, өзін де жаланың құрбаны етіп отыр.

— Олжаға қалай таласқанын онда батыр Саянның өзі айтар?

— Күнәсін мойынға алу үшін шын батыр болу керек.

— Арғынның ардақты жиенін қатын демексің бе?

— Олжа есірейге таласу қатын әрекеті.

Екі батыр алыса кететін қанды ауыз арлан төбеттердей алая қарады. Бірақ хан алдында төзім сақтау керек, ендігі сөзді Орда иесінен күтіп үн-түнсіз отыр.

Қобыланды батырдың бұл жанжалды неге бастап отырғаны Әбілқайырға аян. Күйе жаға айтылған сөздің астарында күйікті сыр жатқан. «әлде батыр Саянның қылығы рас па екен?» Әбілқайыр хан үйде отырғандарды көз астымен бір шолып өтті. Хан кеңесіне келетіндер қалай өзгеріп кеткен. Мешін жылы Дәшті Қыпшақ тағына отырғанында өзі он жеті жаста еді. Ол кездерде әскер басшылары да, Орда тіректері де басқалар болатын. Мынау Арғын, Қыпшақ жайсаңдары алған төрде Маңғыт, Дулат, Үйсін, Қоңырат, Найман, Тубай, Ұйғыр, Қытай[14] руларының мықтылары отыратын. «Хиуаны шапқанында да сол топ қасымда еді. Тек қалмақтармен айқасқанымда ойымнан шықпады. Иә, ол менің ең қарабет жеңілісім болды. Әскерім Сырға дейін шегінді. Өзім Сығанаққа қаштым. Жауымнан көп құн төлеумен әзер құтылдым. Сосын ғой Дәшті Қыпшақтың басты рулары Арғын мен Қыпшаққа арқа сүйемек болғаным… Одан не шықты? Тікенектен шошып шоқ басты деген осы емес пе? әттең жас кезім қайта оралар ма еді? Онда бүйтіп жан-жағыма қобалжи қарап отырмас едім-ау! Шіркін жастық, дарияның алғашқы тасыған қарқынындай едің-ау, бұзбайтын бөгетің бар ма еді? Екі жыл өтпей, Дәшті Қыпшақ хандығына қол созған Сайбанның ортаншы қатыны Үкілімайдан тараған Қанбайдың ұлы Елбектен туған Махмед-Қожа ханмен Тобыл өзенінің жағасында қалың әскерімен кездесіп жеңіп шығып едім ғой. Қандай қызық, қандай қайтып келмес, әселдей тәтті күндер! Сол жолы еді ғой, өзге батырларымның біреуіне де қимай он төртінде туған айдай толықсыған, адамзаттың сұлуы, Махмед-Қожаның жесірі, Арғынның қызы Ағанақ-Бикені өзім алып едім. Ағанақ-Бике десе Ағанақ-Бике еді ғой. Адамзат нәпсісі дегенді қойсайшы, жастай қосылған ерін өлтіріп, өзін қатындыққа алғанымда опа таптым ба? Құшағында жатқанда төсегің нағыз бір жылан інінің қасына салынғандай сезінесің. Ін ішінен бір улы жылан ысылдап шығып, жалаңаш денеңе айыр тілін сұғып алатындай! Мен қанша жақсы көрсем де, бір иілмей өтті-ау, бейшара. Қайтсын, мен құр ғана ерін өлтіріп қойдым ба, соңынан еріп келген үш жасар баласын да өлтірттім ғой. Өлтіртпеске болмайтын еді. Хан тағы деген періште де қызығатын бір сиқырлы арман ғой. Өгей бала түгіл, өз балаңа да сену қиын. Ал Махмед-Қожа баласы, жабылмаған ұстара тәрізді еді, абайламасаң қолыңды алып түсуі оп-оңай. Оны мен әрине дұрыс өлтірттім. Бірақ одан не таптым? Шешесі жылы шырайын бір көрсетпей кетті. Менен балалы болып қалмайын деп, сан мәртебе күшәлә ішіп іш тастады. Жалғыз-ақ бұл ажалдардан пайда көрген Сарғыт-Шиман Маңғыт болды ғой. Тапсырмамды адал орындадың деп мен оған қандай тартутаралғы бермедім, қандай дәрежеге көтермедім. Дәшті Қыпшаққа өзімнен кейінгі адам еттім. Әрине менің мұным өзгелерге ұнаған жоқ, әсіресе Баһрам, Алаш батырларға…

Хан Ордасындағы тартыс сол күннен бастап күшейе түсті. Содан бері отыз жылдай өмір өтті, ал тартыс әлі бір толастамай келеді. Қайран, дүние! Қандай қайсар едім! Отыз жыл! Отыз жылдың ішінде қандай жауымды жеңбедім! Демек адамның қасы — арам шөп тәрізді болады екен. Отаған сайын қаулай өсе түседі. Әйтсе де мен де аянып қалғаным жоқ. Қай шаһарды алмадым? Хиуа, Самарқант, Икра-түп, Бұқар, Сығанақ, қазақтың жеке ұлысы болып жүрген Махмед-Қожа хан, ағалы-інілі Ахмед-Махмұд, Мұстафа хандарды жеңіп, Есіл, Тобыл, Нұра бойын өзіме қараттым… Бірақ сонда шыққан қандай мүйізім бар? Алғашқы хан болған кезімде Найман, Маңғыт, Ұйғыр, Қоңырат руларынан қаймықсам, енді міне Арғын, Қыпшақтан сескеніп отырмын. Бұрын жауым өзіммен аталас Сайбан тұқымдары еді десем, енді міне, Жошының он үшінші баласы Тоқай Темірден тараған ұрпақтары болып отыр.

Әбілқайыр Арғынның би, батырларының алдыңғы жағында отырған сұлу мұртты Жәнібек пен жалаңаш қанжардай түсі суық Керейге көз қиығын ау-дарды.

«Иә… иә… Абақ сұлтаннан бұлар қауіпті. Шыңғысхан нояндары күйреткен, соңынан бабалары Орыс хан қайта жөндеген Ақ Орда астанасы Сығанақты жаулап алғанымды бұлар мәңгі-бақи кешірмек емес. Және Ақсақ Темірдің баласы Шахрук сұлтаннан туған Ұлықбектің қызын алғаныма да қырғи-қабақ. Менің Бұқар, Самарқант бектеріне бүйрегімнің бұратынын көре алмайды. Шамалары келсе, тез-ақ жеке қазақ ханы болып оңаша отау тікпек. Тек бөлініп кетуге әзірге күштері жеткіліксіз. Бастары қосылмай жүрген рулары болмаса, соңынан тұтаса ерген елі жоқ. Ал ел деген не? Ойынан шықпасаң, сенен үрки жөнелуге бар. Мына Ақжол бидің айтып отырғанын ескермей көрші, бүкіл Ар- ғын, Найман, Қоңырат болып ши шығаруға дайын. Барақ баласы Жәнібектің, Болат баласы Керейдің күткені де осы. Көптен бері Жәнібек пен Керей осы рулардың сөзін сөйлеп, сойылын соғып өздеріне баурап жүр. Азғантай мүлт кетсең, оқыралаған өгіздей мөңки тулап, жұртты бөліп әкеткелі тұр. Сонда не істеу керек? Арғыннан қорқып Қыпшақ батырының сөзін аяқсыз тастау керек пе? Жоқ, өйтуге болмайды. Қазіргі арқа сүйерім, бұрынғыдай Маңғыт емес, жошын Қыпшақ! Қыпшақ менің қазір қанды шоқпарым. Оны дұрыс сілтей білсем, әлі де болса талай Жәнібек, Керейлердің басын домалата алам. Демек, шешім қандай болуға тиісті? Екі жақ менен бірдей жауап күтуде ғой».

Әбілқайырдың іркіп отырған ойын кенет сықырлай ашылған есік үні бұзып кетті. Хан төмен түсіп кеткен басын көтеріп есік жаққа қарады. Жақында қайтыс болған Шах-Будақ сұлтаннан туған жеті жасар немересі Мұхамед-Шайбани екен. Атасы хан, нағашысы бүкіл Алтын ханның бас батыры Домбалық батыр болғандықтан, Әбілқайырдың бұл немересі өз балаларынан да анағұрлым ерке, тентек. Және хан да оны ерекше жақсы көретін. Бала есік алдында тұрған пасбандарға,[15] үй іші толған бек, сұлтан, әмір, хакім, батырларға қарамастан үйге кірген бетімен өзгелерді баса-көктей алтын тақтың жанына бір-ақ жетті. Атасы Әбілқайырға еркелей:

вернуться

12

Асат, әсет — июнь, июль айлары.

вернуться

13

Есірей — қолға түскен тұтқын деген мағынада (ескі қыпшақ термині).

вернуться

14

Қытай руы ол кездегі Жетісу маңындағы қазақ руларының бірі.

вернуться

15

П а с б а н — (көне түркі тілі) күзетші деген сөз.