Сөйтіп ол уақытында көше алмай қалды. Ал көшем дегенінде халық оны көшірмеді. Қасым сұлтанға енді ру басшылары, би, батырлар емес, кеше найза ұстап, жауына қарсы шыққан, жаман далбағайлы, көн шалбарлы қара қазақ келді. Бірақ бұлардың келісі ел жақсыларының келісіндей емес, ашулы келіс еді. Аспанды қап-қара боп жауып алған қара бұлт тәрізді, түрлерінен адам шошынарлық, түнеріп кеткен. Қолдарындағы алдаспандарын, жай оғындай жарқ-жұрқ ойнатып, Қасым сұлтанға күндей күркіреп тілектерін айтты.

— Жоғалып кеткен «Жалғыз көз» батыр табылды! Бұрындықтың үйінде екен! Сары ала төбетімен бірге шынжырлап, бір итаяқтан ас береді екен! Аяулы батырымызды қазір босатып бер! Босатып бермейді екенсің, бізге өкпелеме! — деді.

Халықтың мұндай ашуланған түрін бұрын көрмеген Қасым сұлтан шошып кетті. Ашынған халықтың өкілі етіп Қаптағай батырды ертті де, ол көшкелі жатқан Бұрындық аулына өзі келді.

— Анау сойылды жұртты көріп тұрсың ба, Бұрындық хан? — деді Қасым ауылды қоршаған қалың жұртты көрсетіп.

— Көріп тұрмын. Талағалы жиналған сабалақ иттер тәрізді.

— Егер таламасын десең, қазір Орақ батырды босат!

— Босатпасам ше?

Қасым найзалы жұртты көрсетті.

— Қазір бүкіл аулыңның күл-талқанын шығарады.

— әттең, әттең! — деп барып Бұрындық әлі жығылмаған қараша үйдің есігін ашты.

Ашылған есіктен Қаптағай бүкіл Дәшті Қыпшаққа әйгілі, Бұрындықтың жолбарыс алар сары ала төбетімен қатар, шынжырлаулы отырған, бет-аузында адам кейпі жоқ кісіні көрді. Орақ екенін танып, Қаптағай ызалана қалды. Беліндегі қанжарына қолының қалай барғанын білмей қалды.

— Сабырлық, сабырлық! — деді қасындағы Қасым, шыдамдық көрсетіп.

әлсіреп қалған Орақты атқа отырғызып жатып, Қаптағай:

— Егер мына жұрт күліңді көкке ұшырмасын десең, қазір көш! — деді Бұрындыққа, сөйтті де өзі бұрылып жүре берді.

Бір ай өтпей осы Талас, Шу маңындағы қазақ руларының басшылары жиналып, Бұрындықтың орнына боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, Қасымды хан сайлады.

Келесі көктемде Қасым хан жайлауға Ұлытау маңына көшпек боп тұрғанда, Сайрам хакімі Қаттыбектің бір топ арбабы[55] мен ресми уәкілі келді. Бұлар Қаттыбектің Сайрамды басқарсын деген сәлемін әкелді. Қасым хан көп қолменен Сайрамға беттеді. Қаттыбек қаланың кілтін беріп, өзі Қасым ханның қарамағында қызметте қалды. Бір аптадан кейін Қаттыбектің ақылымен бұлар Сүйіншік сұлтан басқарып отырған Ташкентті шабу дайындығына кірісті.

Осы кезеңнен қазақ халқының ежелгі қонысының бірі — Түркістан өлкесін өзінің қарамағына қайтарып алуы үшін жаңа күрес дәуірі басталды. Бұл дәуір ұзаққа созылды. Бірақ жеңісті болып аяқталды. Оған себеп Қасымның сол дәуірдегі ел билеу саясаты ғана емес, халықтың асқан ерлігі, өз жерін, өз елдігін қорғауға деген сүйіспеншілігі, қажырлылығы, табандылығы еді.

Қасым хан Мұхамед-Шайбани Ордасынан Түркістан өлкесін қайтарып алу үшін, Дәшті Қыпшақпен шекаралас бөтен хандармен тату-тәтті саясат ұстауды ойлады. Өзге жұртпенен араз бола тұрып, Мұхамед-Шайбанимен күресудің қиынға түсетініне шек келтірмеді. Әсіресе Қасым хан Дәшті Қыпшақтың жерімен шекаралас Моғолстанмен, әкесі Жәнібектің өсиетін орындап, үнемі бірге тізе қосып отыруды есінен шығармады. Әбусейіт мырзаның баласы Омар-Шайх көгаршын ұшырам деп мұнарадан құлап өлгеннен кейін, Жұныс ханның қызы баяғы Нигер-Сұлтан-Бегім Андижанда жесір қалған. Жәнібек осы Нигер-Сұлтан-Бегімді өзінің ортаншы баласы әдікке алып берген. Әкесі Омар-Шайх қайтыс болғаннан кейін Андижан дийары[56] Омар-Шайхтың үлкен баласы Бабур мырзаға қалған. Бұл кезде Самарқант, Бұқар уәлиеттерін әбусейіттің үлкен баласы Сұлтан-Ахмет мырза басқаратын. Әдік сұлтан осы Сұлтан-Ахмет мырзаның сенімді адамының бірі болып Самарқантта мұзалимдық қызмет ететін. Сұлтан-Ахмет мырза өлгеннен кейін, артынан оның кіші баласы жас Байсұңқар мырза билік құрған. Одан Самарқант, Бұқар, Андижан уәлиеттерін тартып аламын деп Сұлтан-Махмұт хан соғыс ашты. Бірақ жеңіліп қалып, амалсыз Дәшті Қыпшақ жеріне қашты. Онымен Дәшті Қыпшақ жеріне Сұлтан-Махмұт ханмен тілектес болған әдік сұлтан да бірге кеткен. Бірақ қазақ жеріне жеткен кезінде қайтыс болды. Соңынан қуып келген Нигер-Сұлтан-Бегім қайтадан Мұхамед-Шайбанидің жеріндегі өгей балаларының қолына барғысы келмеді. Көңілі ескі дос Қасым ханға ауды. Әрине бұл күндерде Нигер-Сұлтан-ханым бұдан он бес жыл өткен соң, Қасым хан өліп, Қашқардың ханы — ағасы Сұлтан-Сейіттің қолына барып, өзі бір кезде иттің етінен жек көрген әбдірашид сұлтанның гареміне жалғыз қызын беретінін білген жоқ. Ал қазір қарақат көз, оймақ ауыз сұлу Нигер-Сұлтан ханым өмір бойы арман еткен, ең бірінші бетін ашқан Қасым ханға қосылғанына өте-мөте қуанышты еді. Ағасы өлсе жесірі ініге мұра — көне қазақ дәстүрі, Қасым хан алтыншы қатыны етіп Нигер-Сұлтан ханымды алды. Сайрамның қақпасын ашқанда, өзінің ақрұғында осы Нигер-Сұлтан ханым да болды. Жастағы арманы орындалғанына Қасым бұрынғысынан да қатты рухтанып, енді хандық іске алаңсыз кірісті…

Хандық іс — ол кезде әскер ісі, кім де кімнің әскері күшті болса, сол — хан және күшті хан. Қасымның жас кезінен ұстаған жалғыз сара жолы бар. Ол жол — бейбітшілік жолы — өз жеріңді ешкімге берме, өзгенің жерін тартып алма. Өзгенің жерін тартып алмау оңайға түскенмен, күштілер жеңген опасыз сұрқия заманда, өз жеріңді бермеу оңай іс емес еді. Бұны жақсы түсінген Қасым Сайрамға келісіменен тек өз ықпалын Сарысу, Шу, Талас бойындағы қазақ еліне ғана жүргізуді ойламай, бүкіл Дәшті Қыпшақ жеріне құлаш ұрды. Әкесі Жәнібектей бұл да қазақтың бар руына «бірігіп ел болайық» деп кісі жіберді. Өзі әзірге бір өлкенің ғана ханы бола тұрып, енді бүкіл қазақты билейтін ұлы хандық құруды ойлады. Кімді хан етеді? Оны халық өзі шешсін деп, өз атын атаудан бас тартты. «Хан ақылы қырық кісілік, халық ақылы қырық мың кісілік: көппен кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деп бұл мәселені халықтың шешіміне қалдырды. Әкесі Жәнібектің диван[57] заңы етіп кеткен «Тағанақ кеңесі» мен «Тұрымтай кеңесін» қайтадан күшіне енгізді. Хан болдым деп бірден шабуылға кіріспей, алдымен өзін басқа біреу шауып алмас үшін, Созақ, Ұлытау, Сайрам, Сарайшық бекіністерін жөндеп, мықты әскер құруды арман етті.

Осы кезде тағы бір ұлы уақиға болды. Бүкіл Түркістан, Самарқант, Бұқар, Андижан, Шахия, Хизар, Хорезм, Құндыз, Бадахшанды жаулап алған Мұхамед-Шайбани хан енді Қорасанға аттанды. Адамның тасы өрге домалап тұрған кезде, қандай қиын істің болса да қиюы келе қалады. Мұхамед-Шайбани да қисынын тауып, Қорасанды жаулап алды. Адам баққа, атаққа тойған ба, Мұхамед-Шайбани бұған да қанағаттанбады. Өлер бала бейітке жүгіреді, ол енді сонау қарлы Памирды жайлаған Хазар еліне аттанды. Бірақ хазарлар жықпыл-жықпыл Гиндықұштың арасына тығылып алып, оған таптырмады. Амал жоқ, кейін қайтуға тура келді Ауған жеріндегі Тілман өзенінің жағасымен төмен түсті. Бірақ бұл өзен бірімен бірі жалғасып жатқан ұшы-қиыры жоқ шың құз тастардың арасымен өтеді. Сонау бұлт сүйген биіктегі жіңішке қоба жолмен қайтып келе жатқан көп әскерге құлама құздардан, пышақ кескендей жылтыр жартастардан төмен түсіп су алу, не аттарын суару ғажайып михнатқа айналды. Су жетпей біраз адамдары қырылды, аттары зорығып өлді. Осындай қиындықпен келе жатқандарында күз түсті. Кенет ақ жауын басталды. Енді бұрынғыдан да қиын жағдай туды. Күндіз-түні тынбай жауған ақ жауын тау арасындағы тас жолды жуып кетті. Аяқ басса тайғанап, адам, мал тұңғиық шыңырауларға қарай домалай жөнелді… Қаншама әскер апатқа ұшырады. Өстіп, өлдім-талдым дегенде әйтеуір қыс түсе, Мұхамед-Шайбани қалған әскерімен Қорасанға жетті. Азып-тозған, әбден жүдеген әскеріне енді ол елдеріне қайтуға рұқсат етті. Аштықтан көздері үңірейген, үстеріндегі киімдерінің жұлма-жұлмасы шыққан бір кездегі мұздай боп қару-жарақтанған айбарлы әскер, енді кенет қайыршы секілденіп, сонау Иран мен Ирактың шекарасынан Түркістан өлкесіне дейін шұбатыла босты.

вернуться

55

А р б а б — қаланың белгілі адамдары деген мағынада.

вернуться

56

Д и й а р — облыc (Парсы тілінде).

вернуться

57

Д и в а н (фарсыша) — бұл арада хан кеңесі деген мағынада.