Жайылып мың қой болған жер», —

деп басталатын атақты Еділмен қоштасу толғауын айтқан.

Осы Қазтуған Қыпшақ руының ерлігін мадақтап, байлығын мақтамақ…

Бұнымен айтысатын ақын: «Ер Тарғын» қиссасында «бұл — өз өмірінде толғау айтып тоғыз ханды түзеткен кісі» деп келетін бүкіл қазақтың қамын ойлап өткен Сыпыра жыраудың ұрпағы Арғынның ардагері сексеннен асқан қарт Қотан.

Ел қамын ойлаған, ұлы сыншы Асан Қайғының бұл жыраулардың қайсысынан болса да еңсесі биік жатыр. Оның жыры қайғы тәрізді түпсіз терең, ел мұраты тәрізді мәңгі өшпес арманды, ана жүрегіндей мейірімді келетін…

Хан ордасының алдына кілең би, батырлар алқа-қотан отырғаннан кейін Асан Қайғы айтысты бастады. Ол алдымен өзі іштегі күйігін сыртқа шығара ел-жұртының қамын сөз етіп біраз толғау айтты. Халыққа тарап кеткен:

«Таза мінсіз асыл тас.

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз.

Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас.

Жел толқытса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз.

Шер толқытса шығады» —

деп басталатын ұлы толғауын да осы жолы айтқан-ды. Бір бунап, бір босатқан науқастай, бойын қысқан жырын бітіріп барып «уф» деп демін алды. Енді ол бида орамалымен күн сүйіп, жел үріп, қатпарланған күсті маңдайынан сорғалаған терін сыпыра сүртті. Содан кейін барып жыраулардың мына отырған қауымға өз руларының қайдан шыққанын, аттары неден алынғанын таныстырып өтуін бұйырды.

Қазтуған жырау безілдеген домбырасымен бірге орнында байыздай алмай, арқасын жыр қысып, астындағы тай терісінен шығып, жорғалақтап дөңгелей, ащы дауысын бір шырқатып алды да:

Алаңда алаң, алаң бар,

Бата алмай жау алаңдар.

Сақтан шыққан Кейсақ бар, Кейсақ — Қайсақ, Қыпсақ — Қыпшақ боп.

Он екі атаға таралар, —

деп Мұхаммет пайғамбар тумастан мың жыл бұрын, Ескендір Зұлхарнайынды Жиделібайсынның жеріне кіргізбей тоқтатқан Сақ елінің патшалары фарсы жұрты кей деп атап, одан патшаның таңдаулы әскерін — кейсақ (патша сағы деген мағынада) деп, одан Қыпсақ туып, Қыпсақтың Қыпшаққа айналғанын бір толғап өтті. Содан кейін Жиделібайсын жерін хұнулар[18] алғанда Қыпшақтардың солтүстік суық жаққа Ертіс, Есіл бойына шегінуге мәжбүр болғаны, одан бес ғасыр өткеннен кейін түркі тұқымдас түркі, карлуктар-қарақалпақтар жайлаған Еділ, Жайық бойына ауғанын шырқай толғады.

Сөзді Асан Қайғы енді Қотанға берді. Қарт жырау қара күйектеніп кеткен кәрі қобызын, ботасы өлген іңгендей боздатып, қарлыққан кәрі даусымен:

Жусанды деме қараған, Жұлдызды жарық ай деме,

Қытайдан шығып тараған.

Хұнуға қарсы қол шықса, Жорықта болған маймене.

А-лунь[19] — Арғын руы,

Қыпшақпен қатар жаралған, —

деп көне заманда Солтүстік Қытайдан батысқа қарай хұнулар (гунндар) аттан- ғанда Арғындар түркі тұқымдас елдерімен бірігіп бас көтергенін, ақыры әтиль күшіне шыдай алмай, сонау Ертістен әрі Жоңғар тауына қарай көшіп, хұнулар өтіп кеткеннен кейін,

Жетісуға келгенін[20] асқақтата жыр етіп өтті.

Төреші Асан ұйықтап кеткен адамдай көзін жұмып ойға шома түскен. Ұлы сыншы ойын ешкім бұзар емес, құлаққа ұрған танадай бәрі бірдей тына қал- ған. Әлден уақытта Асан Қайғы көзін ашты.

Сұмырай, сұрқия, сұм заман.

Шаққалы тұрған сұр жылан.

Өткені емес халқымның

Болашағы шер-мұңым…

деп ел-жұртының келешегін ойлап сәл қайғырып отырды да, қос жырауға бұрылды. Халықтың айтысты күтіп отырғаны есіне түсіп:

— Қазтуған жырау, баста! — деді.

Қыпшақ елі, Орта Азия хұнулары — чұмхуну ұрпақтарынан, біздің дәуірімізден бұрын келе жатқан Европа халқы түстес, дінілі тайпасының күнбатыс бөлегі, көне сақтар сарқындысы, Қыпсақ деп аталатын рудан және көне Қангуй елінің қалдығы — қаңғылардан құрылған, түркі тұқымдас, Ертіс пен Тобыл өзендерінің арасындағы ағашты өңірді жайлаған, жау жүрек қалың жұрт болатын. Оныншы ғасырдың бас кезінен бастап, гуздарды (осы күнгі түрікмендер) оңтүстікке, печенгтерді (көне кенгерес елі) күнбатысқа, карлуктарды (қазіргі қарақалпақтарды) оңтүстік-күншығысқа, углерді (карелофиндарды) солтүстіктегі қалың орман арасына қуып, көне Қангуй жеріне келіп орналасқан. Сол күннен бастап сонау Еділ мен Ертістің ортасын Дәшті Қыпшақ жері не Қыпшақ даласы деп атап кеткен. Қыпшақтар он бірінші ғасырдың орта шенінде Днепр өзеніне келіп жеткен. Өзінің шекарасына келген елді орыс жұрты шаштарының сар- ғылттығына қарап «Половцы» деп атаған (Полова — кесілген сабан), ал батыс Европа елі — коман деген ат қойған. Бұл жау баққан көшпелі ел көршілес жұрттарына қырғидай тиді. Жат соғыс әдістері бұларды өте қауіпті етті.

Ғасырлар бойы әдеттенген тәсілдері бойынша, жауына жоқ жерден тиіп, заматта ғайып болып, үнемі ат үстінен түспей үйренген көшпелі елдің жігіттері соғысқа әбден үйренген, ұзақ жорықтарға шыныққан жау жүрек жауынгерлер еді. Жасынан садақ атып, арқан тастап баулынған, Қыпшақ сыпайлары ұшып бара жатқан құсты жақпен көздемей бір-ақ тартып түсіретін шетінен мерген келетін. Бұлардың негізгі қаруы садақ, иықтарына ілгені жебеге толған қорамсақ, қисық алдаспан және жау мойнына лақтыратын қыл арқан. Көпшілігі найза ұстайтын. Үнемі ұшы-қиыры жоқ жазық далада көшіп жүретіндіктен, дала бүркіттеріндей қырағы жаралған. Жауға бұлардан жасырынып қалу тіпті мүмкін емес-ті. Қас жағының әскерін көрісімен-ақ бұлар жақтарынан жебені қардай боратып, ат қоятын. Қарсы жағы берік болса, қорқып кеткендей жорта кейін шаба жөнелетін. Қашқан Қыпшақтарды жауы оп-оңай қуып тастамақ боп тұра ұмтылса, бір жасырын қойнауда тығылып тұрған мергендері оларды оқтың астына алатын. Күтпеген жерден мұндай жағдайға ұшыраған жау әскері сасып қалып сәл кідірсе, жаңа ғана қашып келе жатқан Қыпшақтар кенет аттарының басын кейін бұрып, қайтадан атой салатын. Мұндай тәсілге үйренбеген жау әскері быж-тыж болып қаша жөнелетін. Оларды Қыпшақтар арттарынан қуып жүріп садақпен атып, не болмаса болат алдаспандарын құлаштай сермеп қырып салатын.

Ал екі жақтың күші бірдей түсіп жаумен бетпе-бет кездесер жағдай туса, Қыпшақтар сап-сап боп бірнеше қатарға бөлінетін. Әдет бойынша алдыңғы қатардағы атты жауынгерлер саптарын сүйір ұшты етіп құратын. Бұл оларға жұмсақ жерге кірген қазықтай, жау шебін оңай бұзуға керек-ті. Әр топтың ара-араларына және арт жағынан шабуылға шыққан жауды кідірту үшін арбалар қоятын. Осы арбалардың артында керек кезінде ұрысқа түсуге дайын тұрған тағы да әскері болатын. Ал егер жау жағының күші басым келіп, шабуылды олар бастайтынына Қыпшақтардың көздері жетсе, соғысу тәсілін басқаша жүргізетін. Үстіне өгіз, түйе терілерін жапқан арбалардан дөңгеленте бекініс жасайтын. Арбалардың шетінде жағалай тұрып алып, шабуылға шыққан жауына оқ жаудыратын. Жау қай жағынан келсе де дөңгелене құрылған бекіністегі Қыпшақтарды ала алмайды. Өздері оққа ұшады. Оның үстіне Қыпшақтар әлгі арбадан жасалған дөңгелек бекіністерінің ара-араларында қисық-қисық жол қалдырып, жау күшінің әлсірегенін білсе, өздеріне таныс қисық жолдарымен жау шебіне ат қояды. Ал шабуыл жасаған жау бұл жолдарды пайдалана алмайды. Шауып келіп кіремін деген жауынгер екпінімен кеп алдындағы арбаны соғып, быт-шыты шығады. Ал әлдеқайда кіре қалған етрат[21] бұраңдап жатқан жолмен бекініс ортасындағы шепке жеткенше Қыпшақтың бірер жігітінің шірене тартқан садағының сауыт бұзар жебесіне душар болады. Тіпті таяп қалса найзағайдай жарқылдаған наркескенінен қаза табады. Ал арба арасындағы қисық жолдарды Қыпшақ жауынгерлері мейлінше еркін пайдаланатын. Жау күтпеген жерден, тал арасынан шыққан жолбарыстай, лып етіп пайда болып, садақ оғын жаудырып-жаудырып жіберіп, қайтадан кіріп жоқ болып кетеді. Басына жүген киіліп, үстіне ер түскенінен бұл әдіске машық болып үйренген Қыпшақ жыл- қылары еш уақытта әдет алған жолынан жаңылыспайды. Қамыс арасымен сусылдап өткен жыландай, арбалар арасынан қалай болса солай өте шығатын. Мұндай әдіске дағдыланбаған жау аттары екпінімен кеп, ең бірінші бұрылыста-ақ арбаға соғылып, арындап барып шалқасынан түседі. Соңынан келе жатқан жауынгерлер жолы бөгеліп тоқтап қалатын. Осы сәл аял Қыпшақ жігіттеріне жеткілікті. Құлаштап тартқан қайың садақтан ысылдай атылған ажал жебелері кімді болса да ат үстінен ұшырып түсіреді.

вернуться

18

Х ұ н у — гунндардың қазақша аты.

вернуться

19

А — л у н ь — Арғын деген сөздің қытай транскрипциясы.

вернуться

20

Оңтүстік Венгрияда қазылып жатқан әтильдің астанасы Полонния қаласынан табылған өрнек, ескі мұра үлгілері қазақ, әсіресе Арғын руының үлгілерімен іспеттес. Қайсысы қайсысынан алды — белгісіз. Тек екі елдің бір мезгілде өмір сүргенін дәлелдейді.

вернуться

21

Е т р а т — көне түркі тілі, жауынгер деген мағынада.