Әбілқайыр бір рет Жәнібекті мүлдем құртып жібере де жаздады. Әттең, әттең, ойлаған жеріне жете алмай қалды. Хан сол бір сәтті кез есіне түссе-ақ әлі күнге дейін бармағын шайнайды. Шыңғысханның «ойынан шықпаған туған баласын да аямаған хан — хан бола алады» деген қағидасын жақсы ұққан Әбілқайыр, әрине Жәнібекті аяйын деген жоқ, бірақ бұл жалғанда жазмыштан күшті не бар? Ажалсыз — аждаһаның аузынан құтылады.

Оқиға былай болған еді. Әбілқайырдың Маңғыт руынан алған бәйбішесінен туған он жеті жасар, аппақ жұмыртқадай, жастық желікті ерте бастаған жеңіл мінезді, ерке қызы Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегімнің сұлу жүзді, арыс тұлғалы Жәнібекке көңілі кеткен. Хан қызына қолы жете алмай өліп жүрген өзге батыр, сұлтандарға көзі түспей, төрт әйелі бар Жәнібекке неге сонша құмар бол- ғанын кім білсін, әйтеуір қыздың өзі ортаға жеңгелерін салып, ұзатылғанша сұлтанмен көңіл қосуға тілек білдірген. Бұл кезде Әбілқайырмен арасы іштей әбден суып болған Жәнібек: «әкесінің кеудесіне міне алмасам да, қызын тоят етсем, о да ханнан бір өшімді қайтарғаным емес пе» деп, алдымен хан қызымен жақындасады да, артынан қыздың оңашадағы сан түрлі назды қылықтары ұнап, оған үйленбекші болады. Ханға қызын берсін деп, шөбере ағасы Керейді салады. Жайшылықта қастарымен татуласу үшін қыз алып, қыз беруге оңай баратын Шыңғыс тұқымы, бұл жолы қасара қалады. Жәнібекпен, түбі бірге от жағып, түтін түтете алмайтынын сезген хан, қызын беруден үзілді-кесілді бас тартты. Бірақ жауабын тікелей айтуға, Тоқай Темір ұрпағын біржолата шамдандырып алармын деп ойлайды да, «Жақсы, ойланып көрелік, шешімін күз қыстауға қайтқанда естірсіңдер» дейді Керейге. Ханның бергісі келмей отырғанын түсінген Керей намысқа шауып, Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегімнің бетінің ашылып қалғанын алыстан тұспалдап сездіреді. Енді қызының абыройы үшін Жәнібекке бергенің дұрыс деген сыңай білдіреді. Қызының мұндай күйге ұшырағанына намыстанып қалған хан, сырттай сыр бермей:

— Жақсы, жауабын күз қыстауға барған соң аларсыңдар, — дейді жаңағы сөзін қайталап, сазарған қалпында, Керей кеткеннен кейін, дәйекші Инелікті жіберіп, шымшып алар еті жоқ, қан-сөлсіз сұп-сұр боп қатып қалған Құрыбай жан алғышты шақыртып алады.

— Менің қызым Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегім бабалары заңы бойынша «қан төгілмей» өлуге тиісті! — деді оған.

«Қан төкпей» өлтіру — ақ кигізге орап, екі жағынан бұрап тұншықтырып, не аяғы мен басын артына қайырып, бел омыртқасын сындырып өлтіру. Көне монғол ғұрпында бұл жеңіл өлім.

Ертеңіне Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегімді бабасы Жошы ажал тапқан көне монғол әдісімен емес, басқа тәсілмен: жүрегіне қанжар салып өлтіріп кетеді. Бұлай өлтіру кімнің ісі екенін білсе де жұрт үндемейді. Хан жарлығы екенін сезіп, жұмған ауыздарын ашпайды.

Қызын құрметтеп қойып, жетісін бергеннен кейін, хан тағы Құрыбайды шақыртып алып:

— Ертең аңға шығамыз. Жаныңа екі-үш сенімді адамыңды ерт. Жәнібек сұлтан да Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегім ажалымен өлуге тиісті, — деп бұйы-рады.

Бұл жолы Құрыбай жан алғыш жалт береді. Жәнібекті өлтірсе жауапсыз кетпейтінінен қорқады.

— Менің қай уақытта аңға шығатынымды білетін сұлтандар сезіктеніп қалулары мүмкін, — деген ол, — бұ жолы аңға шықпауға, хан ием рұқсат етіңіз… Менің орныма туған інім Сарыбай барсын…

Өз басын пәледен аман алып қалғысы кеп, туған інісін қауіпке қиып тұрған қасқыр мінездес Құрыбайдың қылығына Әбілқайыр хан езу тартып күлген. Иә, хан маңайына өзіне керек адамдарды тарта білген. Бабасы Шыңғысханның Жағатайға айтқан ақылын құрандай бекер жаттап алмаған екен. Хан тағының амандығы, міне, осындай құлқы өзі тектес жандармен сақталады. Бұлар барда, Әбілқайыр да бар.

— Болсын, — деген ол, — тек не істейтінін Сарыбайға дұрыстап түсіндір.

Ал Жәнібек ханның мезгілсіз кезде, қызының мынандай жан түршігерлік айуандық әдіспен қаза тапқан шағында, аңға шығуының болашақ бір қанды оқиғамен байланысты екенін айтпай-ақ түсінген. Оның үстіне Әбілқайыр Жәнібек пен Керей сұлтанға «Менімен бірге аңға шықпай ма екен?» — деп арнаулы кісі салған.

Хан аңға шығарда Орда маңындағы сұлтан, әмір, батыр, билерге хабар беру ежелгі салт. Жәнібек бұдан күдіктенген жоқ. Оның күдіктенгені ханның аңға мезгілсіз уақытта шығуы мен басқа бір себеп еді. Сұлтан астыртын тіл алып көрсе, соңғы кезде Әбілқайырға қырғи қабақтана бастаған бекзадалардан ешкім хабарландырылмапты. Бұл жолғы шақырылғандар кілең Әбілқайырдың өзіне дос адамдары және Жәнібек пен Керей ғана екен.

Хандардың аңға шығуы ежелден бір үлкен мереке. Жұрттың жақсы ат, қыран құс, салтанатты қару-жарақ, ер-тұрмандарын көрсететіні осы жер. Ердің ерлігі, ептілігі, мергендігі де байқалатын осы жер… Жайшылықта мардамсып жүретін өр көңіл батырсымақтардың күтпеген жерден, қамыс арасынан өзіне қарсы атыл- ған ірбіз, барыс, арыстандардан үрейі ұшып кетіп, қолындағы алдаспанын көтеруге де жарамай, жайрап қалатыны да осы ара. Той-думан, жарыста жамбыны бір атқаннан жарқ еткізіп жерге түсіретін мергендердің, аяқ астынан зу етіп тұра қашқан қыр қоянынан сасып қалып, қолындағы садақ жебесін құла жон- ға жіберіп күлкі болатыны да осы ара… Бұрынды-соңды жұрт көзіне түспеген жас жігіттің, қанжардай қос азу тісін жалақтатып, қылшық жалын тікірейтіп, тайшадай қара доңыз қарсы ұмтылғанда, үзеңгісіне шірене тұрып сауыт бұзар жебесін қақ маңдайдан қарыс сүйем кіргізіп, омақата құлатып, атаққа ілінетіні де, тағы сол саят базарында.

Жәнібек Керей сұлтанмен іштей жер танысып, ақылдасып алғаннан кейін, ханмен бірге аңға шықпақ болды. «Тағдырдың жазғанын көріп алармын, — деді ол, — егер ажалың келсе, алтын сандық ішінде тығылып жатсаң да табады. Ал ажалың жоқ болса, жаңбырдай жауған оқтан да адам тірі қалады». Керей де бұны мақұлдады, тек «сақ болайық және қасымызға сенімді жігіттерді көбірек ертелік, — деді ол, — егер біз аңға шықпай қалсақ, Әбілқайыр хан ойын сезгенімізді бірден ұғады. Ондай жағдайда тастай түйініп алған хан, шешінген судан тайынбас дегендей, ойлаған мақсатына жету үшін басқа шара қолданады. Ажал қашан да болса ерте, егер дәміміз сол күні бітер болса, оған да тәуекел!»

Жәнібек енді аңға шығуға қамдана бастады. Сұлтанның жалғанда жақсы көрері жүйрік ат, қыран құс. Ол Дәшті Қыпшақтағы атақты құсбегінің бірі болатын. Ақ Ордасының жанында бүркіт, қаршыға, лашын, тұйғын, ителгілерге арнап тігілген қараша үйлері іргелес тұратын. Өзге құсбегідей бүркітті ол балапан күнінен емес, әбден қанды балақ болған кезінде торға түсіретін. Сосын үйрететін. Далада өскен қыран алғыр келеді дейтін. Тағы бүркіт көпке дейін көндікпейтін, сөйтсе де әбден жыртқыш құсты баулуға машық болған сұлтан еркіне қоймайтын. Кереге қанат қыранға томаға кигізіп, алтыбақанда әткеншек тепкізіп, ат үстіндегі қимылға үйрететін. Содан кейін суға салып, ақ жем ғып ет беретін. Алғашқы кезде көндіге алмаса да, ашыққан қыран бірте-бірте бұл ақ жемге де үйренетін. Осылай бірте-бірте асау бүркіт жуасып, иесіне мойынсұна бастайтын. Содан кейін барып, бүркіттің томағасын алып, қызыл жегізеді. Қанды көз жыртқыш қызыл етті көргенде, жанын қоярға жер таба алмай асығады. Ием қашан жем береді деп шыдамсыздана күтеді. Қыранын мұндай жағдайға жеткізген Жәнібек енді құсын қолға қондырып, атқа мініп, ұшырып байқайтын. Алыстап бара жатса кейін шақырады. Иесінің даусына әбден үйренген құс, жаны сүйер қызылға қарайлап қайта оралады. Осылай түз қыранын бірте-бірте сыннан өткізіп қолға мейлінше үйретіп болғаннан кейін, бір күні оны алып шығып, қызыл түлкіге салатын. Қыран құс тұтқында боп, қанша қолға үйренсе де, кенет өзінің ата салтына бағып сол баяғы тағы қалпына тез көшетін. Көктен шүйіле түсіп қызыл түлкіні іледі. Ыстық етке тұмсығы тиіп дәніккен бүркіт, ием тағы түлкіге салса екен деп шабыттана түседі.

Жәнібектің осылай үйреткен бірнеше кереге қанат, ақ иық қыраны болушы еді. Бірақ қыс бойы аңға салған бүркіттерін ол жаз шыға түлетуге кіріскен. Күз таяп келе жатқан соң, кеше ғана ақ жем беріп, қырандарын баптай бастаған. Бүркіт салуға ерте болған соң, Жәнібек бұ жолы бүкіл Дәшті Қыпшаққа аты шыққан Сомбалақ атты қаршығасын алып шығуды жөн көрді. Хан шақыруынан қатты сезіктенген Жәнібек, бешпетінің ішінен қорасан болатынан жұқа етіп тоқыған шағын сауыт киді. Алдаспанын қамсыз қайрап, садақ жебесіне жаңадан сұңқардың қауырсынын қадады.