Жоламан батырдың бағанадан бері ойын шырмаған осылар. Өзі қатты сасқан күйде… «Жоқ, бір жолын табу іс-ақ. Таппасқа болмайды. Өйткені соңымнан ерген мынау қалың Табынның тағдыры үшін менен басқа кім жауап бермек? Жөн сілтей алмайды екем, о баста-ақ жұртты жел көтерген толқындай ұйқы-тұйқы етпеуім керек еді».
Жоламан әрі ойлап, бері ойлап бір шешімге келді. «Көп қорқытады, терең батырады». Бар қазақтың басының бірлігі бізге қорған бола алады. Бірақ ол оңайға түсе ме? Қазақ сонда кімнің соңынан ереді? Елге тұтқа бастысы кім? Абылайдың туын көтеріп жиырма жылдан бері Сібір губернаторымен, Қоңыр- құлжа, Зілқара аға сұлтандармен алысқанда, Қасым төре, Есенкелді, Саржанның соңдарынан бар ерте алғандары Алтын, Тоқа, Уақ, Алтай руларының ауылдары ғана! Ал менің соңымнан ерген Табыннан басқа кім бар? Бар қазақтан жұртқа тұлға болар бір батыр ұл шықпағаны ма? Неге батыр ұл? Ақылгөй шешен болса да жетпей ме? Жоқ, қазақ құр ділмарға ермейді. Батырлықты сүйер жауынгер халық ел басқарар ақылдылығы мен жау түсірер ерлігі болмаса, басын имейді. Алты алашқа аян ондай кім бар? Осындай бір ұл табылса, намыс дегенді былай қоя тұрып, өзі де оның қол астына кіруден тартынбас еді.
Алдында қол бастаған әкесі мен ағалары болғандықтан Кенесарының бұл тұста бәлендей аты шыға қоймаған. Қазақта ол кезде не көп, батыр көп, Кенесарының кейбір ерлігі ағалары айбарының тасасында қала беретін. Сондықтан Жоламан оған тоқтамады. «Кім бар?» деген арманды сұрағына жауап таба алмай басы әңкі-тәңкі болды.
Дәл осы сәтте оның жанына Байтабын келді. Байтабын үлкен апасынан туған Кіші жүздің Есентемір руындағы жалғыз жиені еді. Жанындай жақсы көретін. Әйтсе де ел қамын ойлаған Жоламан, қиын-қыстау қатерлі нартәуекел іске көбінесе Байтабынды жұмсайтын. Өйткені Байтабын шексіз батыр, епті, айлакер. Тапсырған істі тап-тұйнақтай етіп орындап қайтады. Бірақ өзгеге сыр бермегенмен, Жоламан да Байтабын оралғанша жанын қоярға жер таппайтын. Тек жалғыз жиені қатерлі сапардан аман-есен келгенде ғана барып, жаңбырдан кейін ашылған аспандай жадырап сала беретін. Бүгін де осындай халде еді. Байтабынды көрісімен көңілі көтеріліп қуанып қалған. Міне, енді жанына келген жиенін маңдайынан иіскеді.
— Сен оралғанша мылтықтың аузында тұрғандай болдым ғой.
Жауынгер болып қалған жас жігіт нағашысының әлі де мұны бала көріп маңдайынан иіскегенінен қысылып:
— Түу, көке-ай… — деді күлімсірей қызарып.
Жоламан бойын тез жинап алды.
— Шыққан әскер көп пе екен?
— Екі топ. Бірі — жүзге таман кәрі қылыш.[3] Елек бойымен жоғары көтеріліп келеді. Бәрінің мойынында бір-бір карабін мылтық. Басқарып келе жатқан қоржынды Қара Бураның өзі.
Қазақ ат қоюға қандай шебер. Адамның бойындағы бір жақсылығын, не кемістігін тауып алады да соған сәйкес не мазақтайтын, не кекесін, немесе мадақтайтын бір ат таба қояды. Байтабынның қоржынды Қара Бура деп тұрғаны хорунжий Карпов. Бұл өзі зор денелі, кеуде, білектерін жүн басқан ашушаң қара кісі. Әрине бұған Қара Бура деген ат дұрыс келеді. Ал қоржынды деген сөздің хорунжийден шыққанын қазақ әлдеқашан ұмытқан. Сондықтан қоржын артып жүрмейтін Қара Бураны неге қоржынды дейтіндерін өздері де білмейді. Сірә бұлар да руға бөлінетін шығар. Шұбыртпалы Ағыбай деген тәрізді, бұның да қоржынды делінуі содан болар дейтін де қоятын.
Карабин мылтықтың оқтауы жылдам болмағанмен, ол кездегі ең мықты қару. Жоламан сарбаздарында бұл мылтық атымен жоқ. Жігіттердің қолында сойыл-шоқпар, садақ. Тек кейбіреулерінде ғана Хиуа шеберлері істеген ұзын мойын білтелі мылтық. Сондықтан сарбаздардың жаумен қоян қолтық келгенше ең көп пайдаланатындары садақ. Ер басына ілген өрнекті кигіз жарғақ қорамсаларда бірнеше жебелер қатар тізілген. Сап жағы ғана көрінеді. Бас жағы төменде. Олардың кейбіреулерінің ұштары жылан уымен немесе аусыл болған сиырдың сілекейімен суарылған. Қолмен ұстауға болмайды. Бұл жебелер тиген жаудың тірі қалуы екіталай. Ежелден садақ тартып үйренген қазақ, осы атамзаманғы қарумен де зеңбірек пен карабинға қарсы шығуына қарағанда тәуелсіздік арманы ажалдан күшті болғаны да әйтпесе…
Жоламан алдағы айқастың қаншалық қиынға түсетінін күні бұрын аңдап тұр. Ол беліндегі Қорасанда жасалған көк семсерін сәл қозғап қойды да:
— Зеңбіректері бар ма екен? — деді.
— Жоқ, онысы жоқ.
— Мұнысы жақсы екен.
— Бірақ, күкірт оқ-дәрісі көп деседі. Өзім көре алмадым. Көрген жігіттер қос ат жегілген артқы арбада қара кигізге оралған бір күбі оқ-дәрі бар дегенді айтады.
— Бұны да еске алған жөн. Білтелі мылтықты бір сарбазға тапсырармыз. Атары тек сол қара кигізді арба болсын. — Жоламан кенет бірдеме есіне түскендей Байтабынға бұрыла қарады. — әлгі ақ көз Жәбірейілі мен маңқа әлексалдысы көзге түспеді ме?
Жоламанның ақ көз Жәбірейіл, маңқа әлексалды деп тұрғаны Елек бойындағы бекеттердің Гаврилло, Александр деген урядниктері. Ашуланғанда көзі ағарып кететін Гаврилло мен мұрнынан мыңқылдап сөйлейтін Александр, Елек бойының қазақтары арасында белгілі қан ішер, тас мінез қатал урядниктер. Көптен бері қазақ ереуілшілерімен айқасып әдеттенгендіктен, бұлар алаңғасарлау Карповтен гөрі дала ұрысының тәсілін біледі. Елек маңымен әбден таныс. Айла, қулықтары да бар. Ереуілшілермен кейде итжығыс түсіп жүретін сұмдар. Жоламан оларды сондықтан да сұрап тұр.
— Екеуі де Серғазы ханның жасақтарымен бірге. Бұлар да жүзге таман кісі. Он шақты іштесерлері[4] бар, өзгелерінде қисық қылыш, болат ұшты найза. Бұлар бізге Үшөзен тоқырауынан кеп тимек.
— Амалдары айқын. Қышқаштай екі бүйірден алмақ қой.
— Солай тәрізді.
— Дегендері болса игі ед-ті!.. — Жоламан кенет Байтабынға тесіле қарады. — Ақбөкенді көре алдың ба?
Тегеурінді жігіт бұл сұрақтан иығын қара тас басқандай, әп-сәтте жүдей қалды.
— Жж-жоқ…
Ақбөкен Табын руының бір момын адамының жалғыз қызы. Бесіктен шықпай жатып нағашысы Жоламан оны Байтабынға айттырған-ды. Өзі аққудың көгілдіріндей әдемі болып өсті. Мал баққан ата-ананың осы жалғызына бір үлкен аста Серғазы ханның көзі түседі. Аста бәйгеден келген Табын руының аты шулы қара көк ақалтекесінен көрі, ханды осы атқа шапқан сегіз жасар бүлдіршіндей ерке-шора қыз таң қалдырады. Қыздың бой тұлғасы өзгеше еді. Анау-мынау бала жігіттер шыдай алмайтын алыс ат жарысына сегіз жасар Ақбөкен шыдады. Қыз тани білетін Серғазының қырағы көзі осы сұлу пішінді балдырған жасты бірден шалады. Түбі осы қыздан бір ғажайып көрікті, не өнері асқан әйел шығатынын айтпай ұғады. Содан кейін барып… ас бітпей хан Ақбөкеннің әкесіне өзін төлеңгіт етіп алатынын білдіріп «біздің ауылға көш» деді. Хан әмірі екі болған ба, үш-төрт күннен кейін момын Жантемір Серғазы ауылына көшті. Ханға төлеңгіт болған адамның, өз бетімен қыз беріп, қыз алуға құқы жоқ. Бәрін хан шешеді. Жантемір де осы салтты сақтап азын-аулақ алған қалың малын Жоламанның туған апасы, Байтабынның жесір қалған шешесі Күнкейге қайтып берген. Ауылдас болып, өзінің Байтабынға айттырылғанын білетін Ақбөкен оған деген отты сезімі оянбаса да, біртүрлі жылы тартып, іштей оны өзіндік санап, жақсы көре бастаған. Кенет тағдырының неге өзгергенін анық түсінбесе де әйтеуір бір сұмдықтың болғанын сезіп, қимастықпенен жылай-жылай кете барған.
Бұл уақиға бір тайпы елдің биі, сұлтаны Жоламанға қатты батқан. Өр көңілді батыр, намысқа шауып өте қорланған. Бірақ амал не, іш қазандай қайнағанмен, ер намысынан көрі ел намысын жоқтар заманда ханға қол жинап қарсы шыға алмады. Әйткенмен іштегі ыза өшпейтін кекке айналған. Жоламан батырдың Серғазы ханға өте-мөте өшігуінің де бір себебі осы еді.
Сөйткен Ақбөкен үріп ауызға салардай асқан сұлу қыз болды. Жүйрік үйретер өжеттігі де жұрт аузындағы жырға айнала бастаған. Өмір деген теңіз де, адам желкен қайық тәрізді, тағдыр желі айдаса кездеспей тұрмайды. Кіші жүздің көп рулары кей жылдары бас қосып қалған қан жайлауларда Байтабын мен Ақбөкен де үш-төрт рет ұшырасқан. Бір кездегі балалық жылы сезім енді лапылдаған жалынға айналған. Бірақ жастар ашық қауышып кете алмаған. Екеуі осындай қайғы шешілмеген өре-шөреде жүргендерінде, Ақбөкен он алтыға жетті. Кәрі тарлан Серғазы алыстан болжаған екен. Бүкіл Жайық, Елек, Жем бойының жігіттеріне арманға теңелген Ақбөкенді Серғазы ханның өзі тоқалдыққа алады екен деген сыбыс бір күні елге жайылды. Ханның тоқал алуы жұртқа бәлендей қауесет хабар емес, бірақ осы суық сөзден Байтабын біреу қойнына жылан салып жібергендей ыршып түсіп, сенделіп барып жер бауырлап жатып алды. Бұл хабарды естіген Жоламан Байтабыннан қатты қиналды. Ыза мен кек, қорлық бәрі жүрегіне біздей қадалып, жанын қоярға жер тапқызбады. Үйінде жатқан жиенін шақырып алды да жұрт көзінше: